Тарихымды танып, білгім келеді

0
879

Біздің Тәуелсіз еліміз – Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша 9-орында тұр. Әрине, біз бұған қуанамыз, мақтанып айтамыз. Алайда, осыншама ұлан-ғайыр кең байтақ ұлы даланың бізге қалай жеткенін бүгінгі жас ұрпақ қаншалықты шынайы сезініп, шын жүрегімен түсінеді?!

Егер тарих парақтарын ақтарып, айқын ақпараттарға сүйенер болсақ, қазіргі Қазақстан жерінде адам баласы 1 млн. жыл бұрын пайда болып тірішілік еткен. Міне, содан бері қасиетті Ұлы далада қаншама мәдениет пен өркениет қалыптасты. Сонау Сақтар, Үйсіндер, Қаңлылар, Ғұндар, одан кейін Түрік қағанаты секілді алып мемлекеттер Ұлы даланы мекендеп, шартарапқа өз әмірлерін жүргізген. Тіпті, әлемнің тарихи жәдігерлерінің қатарына енетін Ұлы Қытай қорғаны да бір кездері Ғұндар тайпасынан қорғану мақсатында салынғаны тарихтан баршаға аян. Ұлтымыздың тамырын түптеп зерттейтін болсақ, бүгінгі Қазақ елінің арнасы Тұран даласында жортқан осынау тарихи тайпалардан бастау алғанын білуге болады.

Бертін келе, Қазақ ұлт болып қалыптасып, өз алдына жеке дара мемлекет болғаннан кейін де халқымыз қилы замандардан өтті. Мал шаруашылығын өмір сүру үрдісінің негізі етіп алған Қазақтар көшпенділікпен өмір сүрді. Сондықтан да Ұлы даланың ең шұрайлы да шырайлы жерлеріне ата-бабаларымыз ежелден иелік еткен. Әрине, бұл оңай болмады. Осы жолда халқымыз қаншама сырт елдермен жауласып, қасиетті құт мекенді Алланың аманатындай көріп сақтады. Солтүстікте аюдай ақырған орыс мемлекеті, Шығыста аждаһадай отын шашқан аспан асты елі, одан қала берді жоңғарлар, Оңтүстікте қаншама көптеген мемлекеттер болды. Осылардың ешқайсысына дес бермеген ата-бабаларымыз Ұлы далада Ұлы хандық құрып, мәңгілік Қазақ елінің іргетасын қалады.

Орыс империясының отарлау кезеңі басталып, кейін Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Қазақтың Омбы, Орынбор, Астрахань сияқты көптеген аймақтары Ресей Федерациясының құрамына еніп кетсе, көршілес Өзбекстан Республикасының да бірнеше облыстары қазақтың жері екені тарихи шындық.

Міне, Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы 30 жылдай уақыт болды. Мемлекетіміз «Мәңгілік Ел» болуды басты мақсат етіп, болашаққа қарай маңызды қадамдар жасауда. Еліміз бұл мақсатына жетіп,  Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болу үшін бүгінгі жас ұрпақ тарихымызды тереңнен танып білуі тиіс. Бабалар аманат еткен Ұлы даланы мәңгілік ету жолында бар өмірін арнап, аянбай еңбек етуі керек.

Мейіржан Асанбаев,

Сарымолдаев ауылдық округінің жастар ісі

инспекторы

Comments are closed.