ҮЙРЕНЕРІ ДЕ, ҮЙРЕТЕРІ ДЕ ҰШАН ТЕҢІЗ ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР

Өткен аптаның жұмасы күні облыс әкімдігі ауылшаруашлығы басқармасының ұйымдастыруымен ауданымызда «Егінжай-2020» айтары да, берері де, үйретері де, үйренері де шаш етектен, өте пайдалы облыстық семинар болып өтті. Оған облыстың барлық аудандарының әкімдері, кәсіпкерлері, дихандары, сол сияқты ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері, қазақ ғылыми-зерттеу институтының басшылары, қазақ аграрлық университетінің жетекші маман-ғалымдары, облыс басқармаларының, департаменттердің басшы-өкілдері, облыс шаруа қожалықтарының жетекшілері, т.б., барлығы 200-ден аса адам қатысты.
Алдын ала дайындалған бағыт бойынша келген қонақтар алғашқы танысуын Ахан Сәрсембиев басқаратын «Аспарахан» жылыжайынан бастады. Бұған дейін де аудан жұртшылығына 3,5 сотық жылыжайда қияр өсірген, әрі етті, сүтті, ірі қара малын өрбітіп жатқан айтулы кәсіпкер туралы оқырмандарымызға газетіміз арқылы жеткізгенбіз, солай десе де Ахан мырзаның өз жылыжайында өсірген помидор-қызанағы моншақтай тізіліп, жүзімдей үзіліп, көздің жауын алады. Бойы екі метрден асатын «Атия» және «Гибрид» қызанақ сұрыптары балағынан басына дейін түйін салып, оның отыз пайыздайы қып-қызыл болып пісіп, тәбетіңізді еріксіз ашады. Мынадай айтса сенгісіз озық жетістікті көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Жаңа технологияны игеру, сонымен қатар елдің пейілі кең, ниеті түзу болса, ынтымағы берік болса, осындай көз сүріндіретін жетістікке жетуге болатынын» тілге тиек етіп, баршаға қаперге түйе жүруді ұсынды.
Шынында қаз қатар тізбектелген қызанақ жоғарыда айтқандай түп-түгел жеміске толы. Жылыжай басшысының айтуынша бұл іске шамамен он бес миллиондай қаржы жұмсапты. Өз есебі бойынша сегіз мың түптен 40 тоннадай өнім жинап, көзін тауып өткере алса, бір жылдың өзінде кеткен шығынды қайтаруға болады екен. Егер жылыжайда жылына екі рет өнім өсіруге болатынын ескерсек бұл шаруаның берері, табысы толағай теңіз боларына дау жоқ.
Ахан Сәрсембіұлының таңдай қақтыратын шаруасына риза болған семинарға қатысушылар «Кеңес» ауылы маңындағы «Нұр – П» шаруа қожалығының 45 гектар қызылша алқабына ат басын тіреді. Шаруа қожалығының 200 гектар күздік бидай, 150 гектар арпа, 200 гектар жоңышқа, 170 гектар қант қызылшасын еккенін, алқап басындағы арнайы стендтен таныстық. Қожалықта 10 адам, орташа 60 000 теңге жалақы алып еңбек етуде екен.

Егіні де жайқалып, қызылшасы да бірде-бір арам шөбі жоқ, бір түп шықпай қалған бос орын жоқ тәтті түбір көздің жауын алып, тербеліп тұр. Келген қонақтар қанша техникасы бар екенін, қызылшаны наурыз айының үшінші он күндігінде еккенін, бірді-бір кетпен тимегенін, тәтті тамыр жаңа технологиямен, дәлдік есеппен егілгенін, өзі жинайтын комбайндары, техникалары сай екенін қожалық басшысы Біржан Прәлиевтен сұрап біліп, өз ризалықтарын білдірді.
Жүйек аралығы 45 сантиметр егілген қызылшалықта 110 мың түп қызылша түбі болатынын, егер оның біреуі орта есеппен бір килограмм болса, әр гектардан 1100 центнер өнім алуға болады екен. Енді тек суарып, күтімдесе балтамыршылар бас киімін аспанға атқалы тұр.
Осы «Кеңес» ауылындағы Сальменов Марат басқаратын «Смарт Агро» шаруа қожалығы да семинарға қатысушыларға ұялмай көрсететін «дала аруы» жүгері алқабына келген қонақтар жайқалып тұрған, бойы бір метрге жақындап қалған, 130 гектар жерді алып жатқан алқапты да көріп, таңданыстарын жасыра алмады. Қожалық басшысы Марат мырза жүгерімен бірге 54 гектар қант қызылшасы тамшылатып суарылып жатқанын, одан басқа 1100 гектардан аса күздік бидай, 300 гектардан астам алқапқа арпа егілгенін айтып, жаңа төрт «Джон-Дир» тракторлары мен екі шетелдік комбайн және басқа да жер өңдейтін, себетін техникаларымен, сол қос басында таныстырды.
Аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы бастаған семинарға қатысушылар омарташылардың да жұмысымен танысып, ауданымызда іргелі шаруашылық болып саналатын, Александр Бондарь басқаратын «Гүлдер» бақ өсіретін шаруашылығында болды. Отбасымен қазақша ән салып, би билейтін жанұя қонақжай қазақи салтпен, қарсы алып дәм-тұз ұсынды. Ал Павлодар қаласында қазақ-түрік қыздар лицейінде оқып жатқан Анастасия Мақсұт Ниеталиевтің «Қазақ тілім айбыным» деген өлеңін мәнерлеп оқып, облыс әкімін таң қалырды. Жалпы Бондарьлар отбасы өнерлерімен ғана емес 26 гектар жерге алма-бақ, биыл 120 мың көшет өсірген озық тәжірибелерімен де таң қалдырды. Бір ерекше назар аударатын нәрсе, сол алма бақты қолдан екі ұңғыма қазып, арнайы бассейнде жинақтап бақты қандыра суаруға болатынын паш етті. Бұл отбасына облыс басшысы істеріне де, мемлекеттік тілге, қазақ халқының салт-дәстүріне деген ниеттеріне де шынайы алғысын білдірді.


Бір нүкте қойып айта кетерлігі, Меркі жерінің шұрайлылығы мен шырайлылығынан басқа келген соншама қонаққа ауа райының де қоңыржай, кереметтей болуы, сонымен қатар семинарға келушілерге әр дала қосында «ат шалдырып», шөл қандыруға өзгеше жағдай жасалып, ілтипат көрсетілуімен ерекшеленді.
Семинарың қорытынды сәті Сыпатай Батыр серіктестігінің 100 гектар қант қызылшасы мен сары алтындай тербеліп тұрған күздік арпасының аралығында өтті.

Семинарға облыс та, аудан да,Сыпатай серіктестігі де тыңғылықты дайындалғаны ат шаптырым жерден-ақ көрініп тұр. Тіптен ғайыптан шағын қала пайда болғандай. Өйткені аудан омарташылары да, атақты «Казфосфат», «КазАзот» минералды тыңайтқыштарын әкелсе, «Бицепс-Грант» «AVAGRO» арнайы макро, микро тыңайтқыштары мен «Сирокко» фирмасы Гербицидтердің анықтамалықтары мен үлгілерін, тіптен саудаға салғандары да бар, ал «AVGUST» күнбағыс, қызылша зиянкестерін жоятын, «Трицепс» арамшөптерді жоятын, «.ENZA ZADEN» ашық алқапта өсіретін қызанақ, көкөніс-тердің сан түрлі сорттарын тағы басқалар өз өнімдерін жарнамалады. Ал арнайы дайындалған облыс, аудан көрсеткіштерін бейнелейтін стендтер мен арнайы Меркі ауданында өндіріліп, өсіріліп жатқан құлпынай, алма түрлері, қызанақ, қияр, картоп, т.б. арнайы тайлап буылған шөп-стендке талғаммен орналастырылған дала ырзығы (суретте) көз қариды, ешқандай мақтаусыз-ақ ризалық, сезімін оятып, таң қалдырды. Біз де ізденген мұратқа жететініне, көп көңілінен шыға алатынына көз жеткіздік.
Қорытынды басқосуда облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы сөз сөйлеп ашып, арнайы өткізіліп отырған облыстық дала семинарының мақсаты мен мүдесіне ерекше тоқталды, әрі ат арылтып облыстың әр шалғайынан, Астана, Алматы, Тараз т.б. жерлерден келген ғалымдарға, үлкен –үлкен ғылыми иснтитуттардан, университет, компания, ассоциациялардан т.б келген мәртебелі қонақтарға «қош келдіңіздер» деген шынайы алғысын білдірді.
– Біздің семинарды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жерді қалай тиімді пайдаланамыз, оның қайтарымын, өнімін қалай молайтамыз, Жер халыққа қалай жұмыс жасайды, сол арқылы халықтың жағдайын жақсартамыз, – деді аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы.
– Жер иелері жерді пайдалануда мемлекеттің жасап отырған барлық қолдауларын қажетіне жаратып, жаңа технологияларды игеруі керек. Сол кезде жер халыққа жұмыс істейді.
Қашанда азық-түлікке сұраныс жоғары. Облысымыз ауылшаруашылығы үшін өте қолайлы, табиғаты да келіскен, өңір болып табылады. Облыста 14 млн гектар жер бар, оның төрт миллионы егістікке, сол сияқты орман шаруашылығында да төрт миллион гектар жер бар, оның елу пайызы дұрыс кәдеге асырылмаған. Сондықтан өзен, көл, тоғандар, тау шатқалдары сияқты жерлерді де айналымға енгізу керек. Жеке шаруалар жер асты суын да тиімді пайдаланса болады. Оған біз «Гүлдер» шаруа қожалығында көз жеткіздік.
Ал биыл облысымыз 728 мың гектар жерге егістік орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29000 гектарға көп. Жердің өнімділігін арттырамыз десек үнемді су пайдалану жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өзімізде өзендердің, көл, тоған, байламалардағы суларды күзде, ерте көктемде дұрыс пайдалану керек.
Кезінде, 5-6 жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен үлкен су жол картасы дайындалған. Ол бойынша суды жинақтау, су қоймаларын салу жоспарланған. Осыған сәйкес дәйекті жұмыс жүргізілуде. Сол себепті алдымен «Тасөткел» және «Ақкөл» су қоймаларын жөндеуді қолға алдық. Кәзірдің өзінде «Ақкөл» су қоймасына 700 миллон қаржы бөлініп, дәйекті жұмыстар қолға алынуда. Ол биыл жүзеге асады. Осыншама қаржы «Тасөткелге» де қаралған. Ол келесі жылы нәтиже береді. Солай десе де сол қоймалардағы суды тиімді пайдалану керек. Бүгінгі күні оның 30-40 пайызы толық пайдаланылмайды. Сол сияқты осы Меркі ауданында «Кеңес»ауылында да 600-700 мың куб су сиятын су қоймасы бар. Алайда жөндеу, тазалау жұмыстары қолға алынбағандықтан мұнда да судың 30-40 пайызы толық пайдаланылмайды.
Одан әрі облыс әкімі Байзақ ауданындағы «Ақмола» табиғаттың өзі сыйға тартқан 11 миллион куб су сиятын каскадный су қоймасы бар, соған жұмыс істеп жатқандарын, сол сияқты Қордай ауданында Ырғайты, Қалғұтты су қоймалары қолға алынуда екеніне тоқталды.
— Сонымен қатар Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында жер асты сулары көп. Меркідегі «Гүлдер» шаруа қожалығы 25 метрден екі скважина қазып, 26 гектар алма бағын суландырып отырғанын көзімізбен көрдік. Енді біздің арнайы мамандар бұл озық технологияны зерттеп, тиімділігін анықтаса, онда облыс деңгейінде қаржы бөлініп, ұңғыма қазу қолға алынады, — деді облыс басшысы.
Сол сияқты жаңа технологияларды енгізу жер халықа қызмет ету керектігін баса айтқан аймақ басшысы, қай дақылдың болмасын жоғарғы репродукциялы тұқымын егу, оған ерекше мән беру керектігіне, 4-5 репродукциялы тұқым егу, алдын ала жоспарлы шығынға бату, сондықтан жоғары сортты тұқым мен тыңайтқышты пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды.
Бердібек Мәшбекұлы жаңа техникамен жарақтануға да айрықша мән берді. Үлкен күшпен өсірілген дақылды төкпей, шашпай жинап алу, сол сияқты облыстағы 18600 шаруа қожалықтарын біріктіру керектігіне, сонда ғана қымбат техникаларды сатып алуға мүмкіндік туатынына ерекше екпін беріп, жергілікті әкімшілік, округ, әкімдері, қоғамдық ұйымдар бірігуге үндеп күш салуы керектігін алға тартты, сонда несие алуға, техника алуға, жоғары сортты тұқым алуға, минералды тыңайтқыш алып, мол өнімнің негізін қалауға болатынын алға тартты,
– Облысымызда, – деді Бердібек Мәшбекұлы – «Қарапайым заттар экономикасы» пилоттық жобасы қолға алынып жатыр. Сондықтан үй іргесіндегі жерлерді пайдаланудың маңызы зор. Кейбір ағайындар екі қолын қалтасына салып қарап отыр. Олай болмайды, әрекет ету керек.
Мал шаруашылығының да алатын орны зор. Оның басын көбейту, өнімін молайту, оған жем-шөп дайындау, жоңышқалықтардың көлемін арттырудың да маңызы ерекше.
Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Берік Нағымашев облыс ауылшаруашылығы динамикасымен, атқарылған істер мен алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды. Облыс ауылшаруашылығы саласы бойынша республикада алдыңғы орында, белгіленген жоспарлар 103,7 пайызға орындалғанын, суармалы егіс көлемін арттыру, су үнемдеу технологиясын одан әрі жетілдіру, рентабельділігі жоғарғы дақылдарға басымдық беру, жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізу керектігіне басты назар аударды.
Семинарда облыс ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов шығып сөйлеп, бал арасы, омарташылар жұмысы туралы хабарлама жасап, бал арасы жұмысын өндірістік негізде дамыту, оларды тіркеуден өткізу жайлы баяндады. Сонда ғана әр бал арасы ұясына бес мың теңгеден субсидия берілетінін, омарташылар жұмысы алда қолға алынатыны, олар Шымкент қаласындағы ғылыми-зерттеу институтымен байланыс орнатып, арнайы сертификат алып, тіркеуден өту керектігін, соның негізінде 4 млн теңгеге дейін несие алып, бал өндіру жұмысын жандандыруға болатынына тоқталды.
Осы ретте облыс әкімі Жапон елінде сүт те бал да жоқ. Солай болса да, олар мектеп оқушыларына 200 грамм сүт, 20 грамм бал беретінін айтып, бал өндіру қажеттігін баса айтты.
Алматы қаласы, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС басшысы А.Агеенко сөз сөйлеп, Жамбыл облысында егін шаруашылығы, тұқым мәселесі туралы да жанды жұмыс жүргізуге шақырды.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің маман-ғалымы Гүлнар Мырзабаева, сонымен қатар республикалық «Бал Ара» омарташылар ұлттық одағының вице президенті Ғабит Нұраділ, Шығыс Қазақстан облысынан келген «Быструха Астана» ЖШС-і директоры Тарбиз Фараджаев тағы басқалар шығып сөйлеп, семинардың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына, өз-ара өте пайдалы, келелі кездесу болғанына ризалықтарын білдіріп, бірлесе еңбек етуге шақырды.
Семинарда облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы
қорытынды сөз сөйледі. Аймақ басшысы кішкене қожалықтардың бірігуі керектігі
туралы тағы да қайталап айтып, оған жергілікті атқарушы орган лайықты назар
аударуы керектігіне, сол сияқты балық шаруашлығына да, бал арасы – омарташылар
жұмысына да лайықты назар аудару қажеттігіне, Меркі ауданында сүт зауыты, ет
комбинаты толыққанды өнім өндірмей отыр-
ғанына тоқталып, жылыжайды көбейту,
малина, лимон, құлпынай өсіруге назар аудару, бағасы жоғары рапс өсіруді
де қолға алу керектігіне тоқталып сындарлы семинар ұйымдастырған азаматтарға,
Меркі ауданына рахметін айтып, шақыруды қабыл алып келген семинар қонақтарына
шынайы алғысын білдірді.
«Меркі Ақиқат»