«АТАМЕКЕН» АТА ЖҰРТТЫ ҚОЛДАЙДЫ

0
1626

Аудандық Мәдениет үйінде облыстық  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалану, өз аулаңдағы жер теліміңнен табыс табуға бағытталған, 400 адамның басын қосқан үлкен семинар өтті. Семинарда аудан әкімі Мейірхан Өмірбек бүгінгі күні «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарында барлық елді мекенде үй жанындағы қосалқы шаруа-
шылықты — негізгі шаруашылыққа айналдыру бағытында облыс көлемінде үлкен жұмыс жүргізіліп, ол шаруа Меркі ауданында да қауырт жүргізіп жатқанына тоқталды. Ауданда бүгіннің өзінде құс өсіру, алма бағын, қияр, қызанақ, етті тауық  т.б. өсі-ру қызу қолға алынғанын, қазіргі кезде 20 жылыжай жұмыс істеп тұрғанын, әлі де осыншама жылыжай керектігін, 85 мың халқы бар аудан 245 тонна қызанақ, осыншама қияр пайдаланатынын, ал оның 10-15 пайызы ғана Меркіде өндірілетінін баса айтты.
Атап айтанда, мектеп бітірушілермен, жеке кәсібін ашқысы келген жастармен де біренеше рет егіс басында, бау-бақша басында, жеке үй ауласында да бірнеше семинарлар, оқулар, кездесулер өткізілгенін, бүгінгі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының да қаржы бөліп, шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге өз тарапынан 4 пайыздық несие беретінін, сонымен қатар мамандар жылыжай салуға белгілі бір дақылды өсіруге тікелей кеңес, көмек беріп, істің тиімді жүргізілуіне қолдау жасайтынын айта келе, сөз кезегін  Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауовқа берді.
Олжас Есалханұлы кәсіпкерлер палатасы ауыл тұрғындары үшін кәсіптің 50-ден аса жобасын әзірлегенін, соның ішінде облыстың, Меркі ауданының табиғатына, топырақ құрамына қарай лимон,
анар, жүзім, бадамша – миндаль, т.б өсіру тиімді екенін, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы жобаларға, жылыжай соғуға арнайы мамандар ілестіре келгенін, сонымен қатар олар әр дақылды өсірудің қыр-сырын үйретіп, жанды көмек көрсететінін өз кезегінде палата бір жыл каникул, бір жыл жеңілдетіліп төленетін пайыздық үстемемен несие де беретінін айта келіп, кезінде Өзбекстанда тұрған қандасымыз, 32 жасар кәсіпкер, қазір қазақстандық бауырымыз Серғазы Бекмұратқа жылыжайда лимон өсірудің мән-жайын түсіндіруге сөз кезегін берді.
Ол өз тәжірибесінде 5 сотық жердегі 100 түп лимонның қатар аралығы 2,5х2 метр етіп егілетінін, лимонның бір түбі үшінші жылы 10 келі, төртінші жылы  40, бесінші жылы 80-120 келіге дейін жеміс беретінін, ол өсіруге кірпияз еместігін, тоғыз айда пісетінін түсінікті етіп  баяндады. Ол сонымен қатар өзінің арманы туған Отанында, Қазақстанда халықтың тұрмыс жағдайының жақсы болуы  екендігін, сонымен қатар ол өзінің лимон өсіріп отырған жылыжайын слайд арқылы көрсетіп, табысы мол, кез-келген адам айналыса алатын, бір жыл егіп, 100 жыл жемісін пайдалануға болатын, қарапайым, ауруға да шыдамды, бойы бар болғаны үш метрге жететін, қысты күні 2-3 градус жылылықта өсе беретін лимон дақылын өсіруге кеңес беріп, сұрақтарға жауап берді. Тіптен оларға қандай минералды, органикалық тыңайтқыш беру керектігіне дейін көпшілікке түсінікті жеткізді.
Одан соң Өзбекстанның Андижан облысынан арнайы келген қонақ Машьаль Хушвакт анар өсірудің, миндаль, жүзім өсірудің жағдайымен жан-жақты таныстырды. Меркі ауданында «Хасайни», «Ризамат», «Мердесес» атты жүзім сорттарын өсіру тиімді екенін, бір түп жүзім 50-60 келіге дейін жеміс беретінін, сол сияқты ашық аспанда Миндаль – бадамша өсірудің пайдасы туралы да  сөз қозғады. Әрі  бұл іспен үй жанындағы аулада айналысуға  шақырды. Миндальдың «Президент»,  «Олтиарик», «Каймок», «Жук», т.б сияқты сорттары өнімді көп беретініне де тоқталды.
Машьаль Хуш-вакт өзі Андижанда 20 түрлі алма, аталған жемістердің көшеттерін өсіретінін жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Семинарда аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Достай Сәрсембиев аудандағы жылыжайлардың жағдайын, кеткен шығындары  мен тапқан табыстары туралы баяндады. Сол сияқты  қозылы қой өсіріп, төлін байлап, бордақылап семірту туралы да әңгіме қозғалды. Бордақылауға кететін шығын, жем, шөп мәселесі де айтылып, түсетін табыс та тиянақты сөз болды.
Семинарды аудан әкімі Мейірхан Азатұлы қорытындылап, бұған дейін аудандағы  17 мың ауланың жай-күйі сарапталып, үй  жанындағы жерлерді тиімді пайдалану біріншіден отба-
сылық бюджетті жақсартса, екіншіден жеткіншек ұрпақты еңбекке баулудағы орны зор екеніне тоқталды.
Орайы келгенде сонау Өзбекстаннан, Шымкеттен, Тараздан арнайы келген қонақтарға аудан жұртшылығы атынан алғысын білдіріп, аудан тұрғындарын облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұсынып отырған тиімді жобаларына барынша қатысуға, әр отбасының өз жеке кәсібін бастауға, дамытуға шақырды. Әрі бұл істі аудан тұрғындары округ әкімдіктері арқылы танысып, рәсімдеуге, жүзеге асыруға болатынын да зерделей кетті.

Лаззат Серікбай,
Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

 

Comments are closed.