Күміс қоңырау күмбірі

0
1076

Ия, «Ақтоған» ауылдық округінің «Қазах Дихан» бөлімшесі күн санап көріктеніп, абаттанып, шырайланып келеді. Шағын ауыл демесеңіз қаладағыдан бір де кем емес деуге болады. Басты көшелері асфальтталынған. Ауылда медициналық қызмет көрсететін медпункт салынуда. Сол сияқты ең басты қуаныш осы елді мекеннен 120 орындық, қос қабатты мектептің (төменгі  суретте) құрылысы аяқталуға жақындап, соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Дәл осы бейсенбі күні арнайы сапармен барып, жаңа оқу жылына дайындықтың қалай жүріп жатқанымен таныстық. Мектеп ауласын көріктендіру үшін,бір жүк машинасымен аққайың, туя, можжавельник сияқты сәндік ағаштар әкелініп, түсіріліп жатыр екен.(жоғарғы суретте)
Құрылыстың учаске басшысы Абдулла Марат шынында мектепті өткізетін мерзімнің созылыңқырап келе жатқанын мойындап, солай десе де енді он күнде мектептің жаңа оқу жылына дайын болатынына сендірді.
Мектеп директоры Захира Ниязбекова ине-жіптен шыққандай болып тұрған оқу орнының сынып – кабинеттерімен таныстырып келеді. Лингофондық, биологиялық, информатикалық т.б. кабинеттер, барлық құрал-жабдығы, жиһаздары қойылып, оқушыларды күтіп алуға дап-дайын тұр.
Сол сияқты асхана да барлық керек-жарағымен, ыдыс-аяғымен, үстелдері мен, мұздатқыштарымен, қоймаларымен т.б. менмұндалап тұр.
Ал, шағын мектептің кең сарайдай спорт залын көргенде «шіркін, балалық шақ қайта оралса» деген сағынышты сезімге бой алдырасыз.
Брусья, канат, секіретін құрылғылары бар, баскетбол, волейбол т.б. ойнайтын спорт залы шын мәнінде
балаларға алтын базарлық сияқты.
– Ұжымымызбен бар күшімізді жұмсап, мектептің ашылуына үлес қосып, оқу орнын тазалап, жасақтап бүлдіршіндеріміздің сапалы білім алуына бар жағдай жасап жатырмыз, – дейді мектеп директоры Захира Ниязбекова.
Сонымен қатар мектеп басшысы химия, биология пәндері бойынша сағат жүктемесі аздығына байланысты екі мұғалім жетіспей отырғанын, сол сияқты 120 орындық мектепке әл-әзірге 100-ге жуық бала қам-тылып отырылғанын, компьютерлерді қосу үшін интернет күшінің екі-ақ мегабит болып, қол байлау жасап тұрғанын, бұл тұрғыда бүгінгі күні нақты, жанды жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Ауылдың ажарын ашып тұрған білім ордасына өз екпінімен шыңырау тереңнен шығып жатқан артезиан суы да төтесінен жеткізіліп, қай су құлағын бұрсаңыз да арқырап ағып тұр. Мұндағы барлық санузельдер түгел сынақтан өтіп, тіптен спортшылар үшін шешінетін орын,жуынатын орын да қарастырылыпты. Ал, асхананың сәулетін қайталап айтып, құрылысшыларға рахмет айтпасқа шара жоқ.
Мектепте негізінен құрылыс жұмыстары аяқталған. Газбен жылытылатын қазандық та дайын. Бір рет от жағылып тексеріліпті де. Соған қарамай барлық жиһаздарды орналастыру, іске қосу, мектеп айналасын көгеріштендіру, тал-терегін егу, абаттандыру сияқты жұмыстар шаш етектен.
Ауылдың біраз жоғарғы сынып оқушылары аудан орталығындағы мектептерде де дәріс алып жүр екен. Тек Тілеміс батыр мектебіне 60-қа жуық бала жаз ыстықта, қыс суықта 1,5-2 шақырым жаяу жүріп барып көлікке мініп әбігерге түссе енді бақытты бүлдіршіндер үй іргесіндегі, өз ауылындағы су жаңа мектепте білім алып, қанаттанып, ұшатын болады.
Ия, күміс қоңырау үні күмбірлейтін күн де алыс емес. Бұл оқушыларды да, ата-аналарды да үлкен  қуанышқа бөлейтіні даусыз.

 

 

С.Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.

Другие новости