Үйдегі жұмақ – бақ
Осы ауданда туып, өсіп-өніп, ел-жұртпен араласып, алыс-беріс жасап, кімнің қайда, қандай шаруамен айналысып жүргенін там-тұмдап біліп жүрсек те, аудандық орман шаруашылығында көп жыл еңбек еткен Жұмахан Хамиров есімді замандасты сырттай білсем де, жақын танысудың сәті жас кәсіпкерлер мектебінің келесі дәрісін жүргізетін кәсіпкерді таңдау кезінде түсті.
Сонымен Жұмекең Жеміс-Жидек ауылында сәндік ағаштардың, гүлдің, жеміс ағаштарының алуан түрлерін өсіріп, ауданымыз ғана емес, облыс көлемінде өткеріп, ел алғысына бөленіп келеді екен.
Киелі кәсіп иесінің ауласынан аттап басқаннан-ақ ыждаһаттықтың, ықтияттылықтың лебі есіп, гүл көмкерген есік алдының өзі көңілді көкке көтеріп, шуаққа бөлегендей.
Аман-саулықтан соң-ақ қаптаған сантүрлі сәндік ағаштар мен гүлдердің арасына еніп кеттік, жұпар иіс танауыңызды қытықтайды. Сәндік ағаштардың отыздан аса түрі, туя, можжевельник, аққайың, тұт, сирень, шырша сияқты бізге таныс түрлерінен басқа, ирга, калина, сумах-пальма, бузина, катальпа, канадалық клен, т.б. желмен тербелген жасыл желектер көз қариды.
Біз күнде көре бермейтін бузина деген ағаштың өзінің жасыл жапырақты, түрлі-түсті жапырақты, қара-қоңыр жапырақтысы да, ал Ива ағашының (плакущая) бұтақтары төгіліп тұратыны, Матсудана – бұтақтары бұралап билеп тұратындары да бар екен.
Дүкен сөрелерінен болмаса, Жұмекең Хамировтың үйінен бірінші рет көріп тұрған «Фундук» деген жаңғақ ағашының үштен-бестен қосақтасып салатын жемісін тісімізге басып, дәмін де көрдік. Пісіп қалыпты, майлылығы жоғары дақыл – жеміс екен.
Орыс ағайындардың «рябина красная», «клен кудрявый» деп әнге қосатын ағаштарын да осы Жұмекең мырзаның бақшасынан кездестірдік.
– Мына «Кизиль» деген сәндік ағаш Кавказдан әкелінген. Көп жерсіне бермейді. Мүмкін болған жағдайдың бәрін қолданып жерсіндіріп, қазір көшетін көбейтіп отырмын,-дейді жиырма жылдан бері осы іспен әуесқой ретінде айналысып, енді жеке кәсіп ашып, гүлдердің 20-дан аса, жаздық, қыстық, жеміс
ағаштарының онға жуық сорттарын, шабдалы, абрикос, алмұрт, слива, айва, т.б. сияқты сүйекті жемістерді өсіріп, ел ырзығына айналдырып отырған Жұмахан Хамирұлы.
Зейнетке жыл жарым бұрын шыққан кәсіпкер, екі баласының шарбағын да қосып, осындай жұмақ-баққа айналдырыпты. Үлкен ұлы Әділ әскери қызметінен өз еркімен отставкаға кетіп, әке қолынан шопан таяғын алғаны сияқты, әке жолын қуып, бағбандықпен айналысуды қолға алыпты. Ал, ол болса, Кекушинкай-каратэ күресінен оза шауып, жүлде алып жүрген Бауыр-
жан және Тамирлан деген 14-16 жасар екі ұлын өзімен бірге алып жүріп, бағбандыққа баулуда екен. Ал алпыстан жоғары салмақта сынға түсетін Бауыржанға, елуге дейінгі салмақта Тараз қаласында жақында өтетін Азиядаға қатыса-
тын Тамирланға, қос каратэшіге жеңіс тілейміз. Бабаларымыз «Атадан ұл туса
игі, ата жолын қуса игі» деген.
Жұмақ-бақты аралатып, таныстырып жүрген Жұмекеңе жұбайы Фарида жәрдемге келіп, сантүрлі самсып тұрған гүлдермен таныстырды. Бір қызықтысы, бір бағалысы жеке кәсіп-
кер «Хамиров Ж.Х» өсіретін шоқ гүлдер түгелдей көп жылдық дақылдар. Бір қызықтысы дегеніміз, олар бірінен кейін бірі гүлдеп, аула ерте көктемнен, бір қар жауғанға дейін гүлге көмкеріліп, құлпырып тұрады екен.
– Бізде,-дейді кезінде агроном-экономист-садовод болып істеген бес ұл, үш қыздың анасы Фарида ханым. – Розалардың бес-алты түрі, жүзім сияқты бой созып, жаз бойы гүлдеп тұратын роза (въющая), Сирийская, немесе «Мальба», сол сияқты «Гибискус» деген бұта гүлдердің древовидный, травинистый сияқты, «Спиреяның» үш түрі, жыл бойы жап-жасыл болып тұратын «Кизильник», «Самшит», «Магнолия», «Хебе», «Лаванда» «Лапчатка» т.б. сияқты гүлдер көпшіліктің сұранысына ие.
Ия, айтса айтқандай, жер көлемі шағын болса да үш отбасының жерінде бір бос орын жоқ, жасыл желекке тұнып тұр. Бұған қанша еңбек, қанша жылы көзқарас, аялы алақан керек екенін оқырман өзі таразылай берер. Қалай десе де қосалқы шаруашылығын, ел қызығатындай, таңдай қағатындай, сонымен бірге қомақты пайда табатындай етіп ұстай білу ерлікке пара пар.
Отағасы жеткілікті сумен қамтамасыз ету үшін 25-30 метр тереңдіктен скважина да қаздырыпты. Көшеттерді дәнінен де, бұтақтарынан да өсіреді екен. Өз маточниктері бар. Бір сөзбен айтқанда, «құлша еңбек етіп, патшадай өмір сүріп отыр».
– Тек қана үйде отырып, айтылған көшеттерді ғана өсіріп қоймай, жеке кәсіпкер келісім-шарт бойынша мекемелердің, аулалардың, бала-бақшалардың, мектептердің айналасын көріктендірумен, газондар, гүлзарлар, «Бюричина» (живая изгоородка) сияқты жасыл қоршау да жасап, ел рахметін, алғысын алып отырмыз,- дейді отағасы.
Ия, айтса айтқандай, Шу қаласының «Тоғай» ықшам ауданындағы жаңа үш жүз орындық мектептің айналасын жасыл желектендірудің тендерден ұтып алып, бүгіндері қолға алуда. Сол сияқты мектептерде, денбробақтарды да осы жеке кәсіпкердің мекемесі жемісті іске асыруда.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің үй жанындағы жерлерді тиімді пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес ауданда да үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, әсіресе жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе боп тұрғанын тілге тиек етіп, Жұмекеңе «жастарға қандай кеңес бересіз?»- деген сауалмен қайырылдық.
– Жастарға не айтайын? Әрбір адам өз қабілетіне, мүмкіндігіне қарай кәсіп іздеуі керек. Бүгінгі таңда жұмыс жоқ деген азамат Абай атам айқандай: «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегеніндей талаптанса, үйренсе, алға ұмтылса, бәрін игеруге болады. Келем, тәжірибе алмасам, үйренем деген жас болса, кеудесінен итермеймін, білгенімді үйретіп, көрсетуге даярмын,-дейді тәжірибелі бағбан.
Ия, «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, күншуаққа отырып жан тыныштығын ойламай, игілікті іс атқарып отырған Хамировтар отбасына тек жақсылық тілейміз.
Үйдегі бақ – қолдағы жұмақ, ырысқа, ынтымаққа тұрақ, шаңыраққа шырақ екені, қолмен қойғандай ап-анық боп тұр.
Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»