Пайдалы дала семинары
Жақында ҚР ауылшаруашылығы министірлігі мен Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің асоциациясының және «Green technology partners» ЖШС-нің ұйытқы болуымен Меркі ауданында «Егінжай – 2019» атты облыстық дала семинары өтті.
Бұл семинарға облыстың барлық аудандарында қант қызылшасын өндірумен айналысатын шаруалар мен «Қазазот», «Қазфосфат», «ЕвроХим», «Тараз Фортуна», «SWISSGROW», «GR Agro» ЖШС өкілдері, облыс әкімнің орынбасары М.Шүкеев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев, аудан әкімнің орынбасарлары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинардың мақсаты Жамбыл облысы егінжай алқаптарында жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді қолдана отырып өнімділікті арттыру болып табылады. Шаруаларға қант қызылшасын күтіп баптаудағы жаңашылдықтарға, минералдық тыңайтқыштарды қолдану әдістерін үйрету.
Екі жақты пайдалы іс-шараға қатысушылар алғаш В.Бондаренко басқаратын «Трансфер» ШҚ алқабында болып, онда кәсіпкердің өз аузынан күтіп баптау ерекшеліктерімен танысты. Мұнда жылда әр гектар қызылша алқабынан 108 тонна өнім алады. Былтырғы жылы шаруашылық 5 гектар қант қызылшасын ексе, биылғы жылы егіс көлемін ұлғайтып, оны 11 гектарға жеткізген. Шаруашылық тамшылатып суғару әдісін қолданады. Қожалық басшысы В.Бондаренко: «Барлық қажетті органикалық, минералды тыңайтқыштар өз мерзімінде беріледі, және өзімізді барлық техникаламен қамтамасыз еттік»,- деді
Келген қонақтар келесі кезекте Сұрат ауылдық округінде орналасқан «Сыпатай батыр» ЖШС-нің 100 гектар қант қызылшасы алқабында болды. Семинарға қатысшылар Франциядан әкелінген «Тиссерин» сұрыпты қант қызылшасының өсуі, күтімі, өнімділігі туралы серіктестік басшысы Қанат Шайхиев пен агроном Хайрудин Бадалов жан-жақты толық ақпарат берді. «Трансфер» ШҚ-да тамшылатып суару әдісі қолданылса, «Сыпатай батыр» ЖШС-де жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Екеуінің де тиімділігі мол. Семинарға қатысушы шаруашылық төрағалары мен агрономдары қызықтырған барлық сауалдарына жауаптарын алды.
Іс жүзінде көрсетілген егінжай алқаптарынан соң семинар Сұрат ауылдық округінің мәдениет үйінде қорытындыланды. Кеңесу барысында қант қызылшасын күтіп, баптау, органикалық заттармен қоректендіру, суғару тәсілдері, тб. туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Сонымен қатар, тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының және ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи түрлері, отандық және шетелдік қызылша тұқымдары, оның жаңа сорттары туралы Түркиядан келген » BETA ZIRAAT ve TICARET » компаниясының өкілдері түріктердің тұқым технологиясының ерекшеліктерімен таныстырды. Осы компания өкілдері Мустафа Озарслан мен Мурат Дженгиз түркиялық «BETA ZIRAAT ve TICARET» компаниясының жұмыс жүйесімен таныстыра келе, өздерінің елдеріндегі қант қызылшасы алқаптарының қалай егілетіндігі, күтіміндегі ерекшеліктері туралы баяндады. Оны слайдтан семинарға қатысушыларға көрсетті. Тұқым өндіруші болып табылатын бұл компания өкілдері қант қызылшасы тұқымынын Жамбыл облысының әрбір аймағының ауа райы температурасына, топырақ құрамына сай етіп дайындап, облыстың кәсіпкерлерімен етене жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
Қызылшашылар әңгіме барысында былтырғы жылғы «Азия қант зауытымен» болған келеңсіздіктерге тоқталды.
Өткен жылы шаруалар өткізген қант қызылшасының ақшаларын зауыттан ала алмай біраз әбігерге түскен еді. Әлі күнге тиесілі ақшасын алмаған шаруалар бар екені семинар барысында белгілі болды. Осы жәйттардың қайта орын алмауы үшін ортақ келісімге келу мақсатында облыс әкімінің орынбасары М.Шүкеев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев, «Азия қант зауыты» басшылығы қатысқан жиында қант қызылшасына зауыт 8 теңгеден емес, биылғы жылы 10 теңгеден төлейміз деген келісімге келген болатын. Енді зауыттың басшылығы ауысып, келісімнен бас тартып: «Биылғы жылы 8 теңгеден төлейміз, бағаны көтеретін мүмкіндік жоқ, жаңа техника алып жатырмыз»-, деген сылтаумен басын ала қашты.
Бұл жауапқа қарсы тұрған шаруалар наразылық білдірді. Тіптен олар қант қызылшасы бағасын 10 теңгеге көтермесе, келесі жылы мүлдем бұл шаруамен айналысудан бас тартып, басқа дақыл өсіруге көшетіндіктерін жеткізді. Өйткені тыңайтқыштар да, тұқымның өзі де қымбаттаған. Облыс әкімінің орынбасары М.Шүкеев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев қант зауытының жаңа басшысы Назар Сүлейменовке осы келеңсіздіктің барлығын жоғарғы басшыларға жеткізіп, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуге шақырды.