Ұлттық музыканы ұлықтаған

0
1322

Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, жерлесіміз Сыдық Мұхамеджановтың 95- жылдығына арналған «Ұлттық музыканы ұлықтаған Сыдық Мұхамеджанов» атты композитордың өнері мен өмірін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында арнайы әдеби музыкалық іс-шара өтті.
Музейдің кіреберіс үлкен залына С.Мұхамеджановтың шығармашылығына арналып ұйымдастырылған көрмеде композитордың еңбектері, әркездегі фотосуреттері, газет материалдары , «Айсұлу, «Жұмбақ қыз» партитуралары мен клавирлер, симфония, романстар жазылған дискілерді тамашалаған кеш қонақтары оның қайталанбас қолтаңбасымен тереңірек танысты.
Кеш жүргізушісі ,музей қызметкері Д. Сахов бүгінгі іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтармен таныстырып өтті. Олар- Сыдық Мұхамеджановтың туыстары- нағашысы, зейнеткер Айдар Әлімбаев, қарындасы Мираш Иманқұлова, ардагер- инженер, қоғам белсендісі Қаныш Мұқашев, аудандық ішкі істер бөлімінің жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қаймолдаев , архитектор Қуаныш Әлімбеков және № 18 А. Қосанов атындағы тірек мектебінің және саз мектебінің ұстаздары.
Келесі кезекте С. Мұхамеджановтың өмірбаяны мен шығармашылығына толық тоқталған жүргізушісі қызықты дәйектер мен мағлұматтар келтіріп ,қатысушылардың дарынды музыканттың шығармашылығына деген қызығушылығын арттыра түсті.
Жазба деректеріне сүйенер болсақ, Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы 5-тамызда Балқаш көлінің батыс жағалауында Приозерск қаласынының маңындағы Қоржын-Түбек қосына жақын Ұзынбұлақ деген жерде өмірге келген. Бұл аймақ 1939 жылы жаңадан құрылған Жамбыл облысына қосылған болатын, бүгінгі таңда Мойынқұм ауданына қарайды. Төрт жасында Меркі ауданындағы Меркі стансасына ата-анасы қоныс тепті. Баласы Сыдықты қант заутындағы орта мектепке береді. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті, туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің, Дәулеткерей мен Ықыластың, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды. Сыдықтың  музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған. Оның анасы өз заманының атақты әншісі болған. С.Мұхамеджановтың музыкаға және кәсіби білімге деген жолы оңай болған жоқ. Орта білім алысымен Савва атындағы орта мектепке музыка пәнінің оқытушысы, кейіннен Меркі аудандық мәдениет бөлімінде, Жамбыл облыстық мәдениет басқармасында жұмыс атқарды. 1950 жылы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, соңынан Құрманғазы  атындағы мемлекеттік  консерваториясына түскеннен кейін шығармашылықпен шұғылданып, профессор Е.Брусиловскийдің класында оқиды.
Алғашқы студенттік жылдары «Шаттық Отаны» атты симфониялық күй шығарып, Абай өлеңіне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» романсы мен «Ғасырлар үні» атты ораториясы жазылды. С.Мұхамеджанов Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті. 1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды. Ол  опера және балет театрларына, ұлт аспаптар оркестріне көптеген шығармалар әкелді. Музыкалық шабытынан 4 опера, 4 симфония, хор, симфониялық поэмалар концерттер, жүздеген әндер мен романстар туындады. Драматургиялық шеберлік пен нәзік бейнелеушілік «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Бекет» «Ақан сері — Ақтоқты» «Ақбаян» оперларында әсерлі қуатымен танылды. «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар жазды. Сондай-ақ , «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясын жазды және  «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай», «Сәуле» қойылымдары мен   «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне  музыка жазды.
Атақты композитор Республикамыздағы музыка өнерін дамытудағы ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.  Сонымен қатар, әр жылдары  «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Осы кеште арнайы сөз алған Айдар Әлімбаев композитордың әлі күнге ел аузында жүрген әндерінен және романстарынан үзінділер орындап, жас кездерінде есте қалған қызықты сәттерін еске түсірді.Ал, Қаныш Мұқашев С. Мұхамеджановтың музыка өнеріндегі қайталанбас туындылары әлі де болса өз бағасын аларына сенім білдіріп, соңына өлмес, өшпес із қалдырған композитордың еңбектерін насихаттауда өзі де көп үлес қоса беретіндігін тілге тиек етсе, қарындасы Мираш, Қуаныш Әлімбеков өз сөздерінде киелі Меркі өңірінде мектеп табалдырығын аттап, музыкалық білім алған , алғашқы музыкалық туындылары жарық көрген талантты сазгердің өнерін жас ұрпаққа үлі ету аға ұрпақтың абыройлы міндеті екендігін айтты.
Кеш барысында С. Мұхамеджановтың «Буря» симфониясы мен Абай өлеңдеріне аналған романстары тыңдаған жұртшылық оның өнеріне тәнті болысты
Кешті қорытындылаған музей директоры Айдын Базилов ,қазақ музыкасының дамуына қомақты үлес қосқан С.Мухамеджанов шығармашылығына арналған кешке келген қадірлі қонақтарға алғысын білдірді. Кеш музейдің екінші қабатына орналасқан С.Мухамеджановқа арналған арнайы бұрышқа саяхатпен жалғасты.

                         Мейіркүл Әбжанова,
 «Меркі Ақиқат»

Comments are closed.