Өткенді ұмытпау – ұрпаққа аманат

0
1884

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу

 31 мамырда аудандық Мәдениет үйінде қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, тағзым етуге арналған жиын болды.
Сол жылдарды ойға оралтқандай жан терберлік саз, күмбірлеген домбыра үні, бейнеролик арқылы көрсетілген сюжеттер, сахна төріндегі қатігез саясаттың құрбаны болған қазақтың бетке ұстар зиялылары, алаш арыстары Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатов пен Нәдір Төреқұловтың, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің жарқын бейнелері санамызды сан саққа жүгіртіп, халқымызды қан жылатқан зұлмат күндер енді ешқашан оралмаса екен дейсің.
Залға жиналғандар қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын бір минут түнсіздікпен еске алып, аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым сөз сөйледі.

  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқи­ға­лардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақ­стан­ға еріксіз, күшпен жер аударылып кел­ген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді»- деген болатын.

Түбірінде қасіретті арқалап тұрған бұл күннің ауыртпашылығын сол заманда әр қазақ сезінді. Міне, осынау қанды күнді естен шығармау үшін 1997 жыл — Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды, – деді Марат Жарылқансыұлы, – Адамның тағдырын бір-ақ оқпен шешкен, «интеллегенцияны  толық жоюға негізделген «қанды механизмнің» құрбандары қарапайым халық та болды. 1938 жылдың ақпан айында  10 күннің ішінде Қазақстанның барлық басшылары ең жоғары жаза — ату жазасына кесіледі. Əскери Алқа арқылы 650 адам атылып, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, барлық облыстық жəне қалалық, аудандық партия комитеттерінің хатшылары атылады. Бұл қаралы тізімнің ішінде біздің ауданнан шыққан азаматтар да аз болған жоқ.
Олар: Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев және тағы да басқа азаматтар. Олар туралы тарихи деректердің барлығы былтырғы ауданымыздың 90 жылдығына арналып өткен ғылыми конференцияда толық айтылып, сол кезде шыққан кітап беттерінде көрініс тапқан болатын. Сонымен қатар осы тұлғалар оқып, білім алған, қазіргі Сарымолдаев ауылында орналасқан орыс-түземдік мектебі демеушілік арқылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, мұражай ретінде пайдалануға берілді. Бүгінде бұл мұражайда сол білім ордасында білім алған барлық тұлғалар туралы тарихи деректер мен Мақсұт Жылысбаев атамыздың ертоқымы да бар. Оны сыйға тарқан ұрпағы Байсейіт ағамыз.
Жалпы мұның бәрі кейінгі ұрпақтың бабаларымыздың қанмен жазылған тарихын біліп – өсіп, оған құрмет көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін жасалып жатқан дүние.
Құрметті жиынға қатысушылар! Сөзімді қорытындылай келе айтарым, бабалар армандап өткен, біздің қол жеткізген тәуелсіздігіміз баянды болсын.
Жиында еңбек ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы Қазихан Жұмәліге сөз беріліп, ол өткен тарихымызға, өзінің де тағдырына ой жүгіртіп, ата-бабаларымыздың, оның ішінде өзінің атасы Ақкөз Қосанұлы сияқты бүгінгі бақытты өміріміз үшін күрескен ардагерлеріміздің өткен жолынан үлгі, сабақ алу қажет деп әсіресе жастарға арнап айтты.
Ия, өткенді ұмытпау, ақ жолда жала жабылып, нақақтап күйіп, өмірден қапыда өткен ардақтыларымызды еске алып, тағзым ету – бәрімізге парыз, ұрпаққа аманат.

 

Бақтыбай Абай,
Еркін Жасыбаев (суреттер),
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.