Мерекеге орай үй сыйға берілді
Жақсылық жасау – имандылықтың тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі екенін білеміз. «Адамға еткен жақсылық, Арнап берген нармен тең »,- демекші, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына демеушілер арнап баспана сатып алып беріп, сахна төрінде иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
1999 жылы №1 орта мектепті бітірген 20 жыл бұрынғы түлектері ауданда ат жарыс ойындарын өткізген болатын. Онда екі автокөлік бәйгеге тігіліп, қаржылай да сыйлықтар ойнатылды. Осы түлектер ат ойындарынан түскен қаражатқа әлеуметтік жағдайы төмен, көп жылдар баспанасыз, пәтер жалдап тұрып жүрген Тұрбекова Андишаның отбасына Ақарал ауылынан құны 3 млн теңге тұратын үй сатып әперді.
Және де жеке кәсіпкер Тұяқбаев Бақберген өзінің отбасы атынан Щепета Светлана – 7 балалы отбасына Ойтал ауылынан құны 4 млн.-ды құрайтын баспана алып берді.
Екі демеуші де баспана иелерін алып, сыйға тартылған үймен таныстырды. Өз кезегінде үйлі болған отбасылар жеке кәсіпкерлерге – демеушілерге алғыстарын айтып, енді өмірлерінің өзгеретіндіктеріне сеніммен қарайтындығын жеткізді.