Заман шындығын жырлап өткен

0
543

Қазақ халқында ежелден қалыптасқан айтыс өнеріне, ауызекі сөз сайысына ерекше мән берген. Атадан балаға тараған сол дәстүр күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік жүйенің тұсында да бұл дәстүр тоқтамаған. Ақындарымыз өмір сүрген кезеңдерін мадақтап, тілге тиек етіп жырлаған. Сондай ақындардың бірі – Өмірбек Қабылов. Көзі тірі кезінде термеші, айтыскер ақын ретінде оның есімі облыс, республика көлемінде танымал болған. Түрлі деңгейдегі ақындар айтысына қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанған. Ол қисса, дастандарды жатқа айтып, тыңдармандарының құлағының құрышын қан-
дырған.
Өмірбек Қабылов Меркі ауданы, Татия совхозында (бұрынғы «Ленин жолы» колхозында) туып, өскен. Ес жиған балалық, албырт жігіттік шағы Оспан дейтін байдың жалшылығында өткен. Ол патшалық Ресейдің 1916 жылғы маусым Жарлығының ауылдағы дүрбелеңі мен қуғын-сүргінін көзімен көріп, өз басынан кешкен адам.
Өмірбек Қабылов Кеңес үкіметі орнаған алғашқы күндерден бастап, Ұлы Қазан төңкерісін, ол әкелген теңдік, бостандық, жаңа өмірді бар дауысымен мадақтап, жырлады. Ол жаңа өмірге, оның гүлдене беруіне өлеңімен ғана емес, қарапайым еңбегімен де шу дегеннен ат салысқан адам. Ол ұжымдық еркін еңбекті өз жүрегінің ыстық махаббатымен, асқақ мақтаныш, қуанышымен алға ұмтыл-
дырған, арман үмітімен болашақты нық сезіммен жырлаған ақын.
Елімнің гүлді бағын  жырға қосып,
Аламын күнде бақыт көшін тосып.
Адамзат көктеміндей жарқырап тек,
Келеді, міне, өмірім жайнап, өсіп – деп, жырлайды ақын.
Ауызекі айтқан осы бір жыр шумағының өзінде әлгіндей мән-мағынасымен қоса өлең сөздерінің соншама бейнелі ұғым ұқтырары дәл, ұйқастары ұстамды екендігіне сүйсінбеске болмайды. Мұны ақын қиялының жүйріктігі, ойының алғырлығы, сөз саптауы мен талғамының жоғары тұрғандығы, тұтас алғанда үлкен дарын иесі – деп, бағалағанымыз жөн. Өмірбек Қабыловтың «Заманым гүлді жайнаған», «Отаным», «Октябрді жырлаймын», «Мақтан етемін», «Нұрлы таңым атқанда» секілді көптеген жыр-толғаулары өз елін, еңбекшіл халқын шын сүйген азаматтық-патриоттық әуенге толы.
Әсіресе, ақынның жас-тарға арналған патриоттық өлеңдерінде сезімді баурарлық насихаттық сарын, тәлім-тәрбиелік қуат мол. Ақын шабытының тебірентерлік тегеуріні де осы тұста нағыз бұрқасын күшке айналатын сияқты.
Ол өзінің ақындық өнерінде сонау Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі ауыр жылдар туралы жырлайды, ол өз алдына үлкен бір белес. Ол бұл жылдарда шопан, кейіннен ағаш ұстасы болып еңбек етті. Осылайша еңбектене жүріп-ақ, сұрапыл соғыс жылдарында майданда жүрген жауынгерлеріміздің өшпес ерліктерін паш еткен көптеген өлеңдер жазды. Оның «Біздің батыр жауынгер», «Қырағы қырандарым», «Жасасын жеңіс», «Мақтаным сенсің – ерлерім» атты көлемді толғаулары эпостық екпін ырғағымен төгілте жырлаған сол кездегі арнау өлеңдер. Ақын бұл жыр шумақтарды жатқа айтқан. Ол өлеңдердің көбі Қазақ КСР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған жинақ кітаптарында жарық көрді.
Әлемге аты әйгілі Жамбыл Жабаевтың Одақ көлемінде өткен 125 жылдық үлкен салтанатты тойын жырмен ашу құрметі небір жүйрік ақындардың ішінде Өмірбек Қабыловқа тиюі тегін емес еді. Оған халық ақыны құрметті атағы да осы жиындағы айтыс қорытындысынан соң берілген болатын. Осы жолы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қарт ақынның өнеріне тәнті болып арнайы құттықтаған еді. Бірге суретке де түсті. Қазір осы тарихи суреттер Ұзынағаш пен Меркідегі тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Өмекең үлкенді-кішілі айтыстардың бәріне де шақырылмай қалған емес. Сол ақындық айтыстардың көпшілігінде топ жарып, жүлделі орындарға ие болып, меркіліктердің мерейін үстем етіп жүрді. Есімі Қазақ Совет Энциклопедиясының 1975 жылы жарық көрген 6-томына енген. Халық ақыны Өмірбек Қабылов 1986 жылы 86 жасында қайтыс болды.

Бектұрған Жамбабаев,
ардагер журналист

Comments are closed.