Ең табысы көп сала

0
1638

Өткен сәрсенбіде ауданда арнайы семинар болып, бағбандар, бау-бақ өсірумен айналысқысы келетіндер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, мамандар «Меркі тәжірибе шаруашылығы» серіктестігінде, Меркі, Кеңес ауылдық округтерінде көшет өсіріп, көкөніс өндіруде жинақталған озық тәжірибемен танысты.

Алдымен Жеміс-жидек ауылында басталған іс-шарада «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС басшысы Бақыт Сауранбаев өз шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыт-бағдарымен қысқаша таныстырып, жекелеген ұсыныстарын айтты.
– Біздің шаруашылық 2003 жылы элиталы шаруашылық атағын алды, – деді ол – Біздің көшеттерді сатып алуға бүкіл Қазақстаннан келеді. Жоғары сұранысқа ие, өз бағасын бұрыннан алған жеміс түрлері өсірілуде. Оның ішінде мына біз қасында тұрған «Бабушкино» сортты алманың дәмі ерекше, әрі өте жақсы сақталады. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл бақта ағаштардың арасы жыртылмаған. Шөбі биіктей өсе бастаса шауып отыру жеткілікті.
Кезінде біздің шаруашылықта 2000 тоннаға дейін жеміс жиналатын. Алмаларымыз арнайы оралып Мәскеуге-Кремьге дейін жіберілетін. Бүгінде көшеттер өткеру негізгі табыс көздерінің біріне айналды.
Серіктестіктің агроном, бригада жетекшісі Айваз Мавлюдов пен бағбан Абай Оспанов орта бойлы алма ағаштарын қалай бұтау керектігін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Семинарға қатысқан аудан әкімі Мейірхан Өмірбек алма ағаштарын өсіріп, бау-бақпен айналысу – ең табысты сала екендігін, ауылдықтарды жұмыспен қамтудың сенімді бір жолы екендігін тағы атап көрсетті. – Елде, облысымызда адамдарға, әсіресе жағдайы жоқ отбасыларына жұмыс тауып беру – өзекті мәселе болып көтерілуде, – деді – Жермен айналысу–жұмыс көзі. Жеке бақшалық жері барлар жылыжайлар салып та шаруасын табысты жүргізуіне болады. Ауданда қант қызылшасын, бақты өсірудің бизнес жоспары жасалып, мықтап жолға қою қарастырылуда. Жылыжай салғандар, салып игілігін көруге ниет еткендер көбейіп келеді, олардың жұмыстарын тиімді ұйымдастыруымыз керек.
Мейірхан Азатұлы мұнда біраз қиындықтар бар екендігін де айта кетті. Мәселен жылыжайлар өнімдерін бір мезгілде көптеп өндірсе, бағбандар үшін бұл тиімді емес. Өнім көбейген сайын, тездеп өткеруде іркіліс болады.
Сондықтан аудан басшысы ортаға салғандай, ерікті түрде жылыжайлар кооперативін құрған абзал. Өнімдерін көбіне бәрі бір мезгілде өндірмей, жұмыстарын жүйелеп, жыл бойы бірінен соң бірі өндіріп отырса, қияр, қызанақ, т.б. сатылымда жыл бойы біркелкі болады, табыс та бағбандар арасында еңбектеріне қарай бөлініп тұрады, жыл бойы тұтынушылар да риза болар еді.
Семинарға, қатысушылар шаруашылықтың бақ алқабында аналықтан көшет өсірумен, көшеттерді тамырына көп зиян келтірмей тереңдей қазып алатын техникамен танысты.
Іс-шараға келгендер келесі кезекте осы Жеміс-жидек ауылының тұрғыны Вадим Мамедовтің жеке жер учаскесін қалай пайдаланып жатқанымен танысты.

Атап айтқанда мұнда 3 сотықта қара өріктің 3 түрінің, абрикостың, шабдалының, басқа да жеміс дақылдарының 3 мыңдай көшеті өніп, өсуде екен. Өсе келе сатылмақ. Сол сияқты помидор, капуста сияқты көкөніс түрлері де өндіріліп өткеріледі.
Вадимнің жұбайы Заринаның айтуынша бұл отбасы көшет өсірумен 20 жылға жуық айналысады. Жылына 1 млн. теңгедей табыс алады.
Бұдан соң озық тәжірибемен танысу Меркі ауылындағы Азамат Комоловтың, Кеңес округіндегі Ақан Сәрсембиевтің жылыжайларында жалғасты. Бұлар тиісінше 5 және 30 соттық жерде көкөніс өсіруде. Тиісті күтімге алынған олар жап-жақсы өсіп жетіліп келеді. жылыжай иелері, мамандар, осы семинардың бастамашысы, ұйытқысы болған аудан әкімі Мейірхан Азаматұлының өзі де игі іс туралы кеңінен түсініктеме беріп, сауалдарға жауап берді.

Бақтыбай Абай,
Еркін Жасыбаев (суреттер)

Comments are closed.