Ауданда атқарылған іс көп, алда тұрғаны тіпті де ауқымды
Аудан әкімі мен ауылдық округтер әкімдерінің округтердегі есепті кездесулері аяқталып, өткен дүйсенбіде аудандық Мәдениет үйінде қорытынды жиын болды. Оған облыс әкімі А.Мырзахметов қатысып, аудан басшысы М.Өмірбеков «2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебі тағы бір тыңдалды.
Мейірхан Азатұлы өзінің қорытынды есебінде ауданда ауыл шаруашылығының дамуынан бастап бюджеттің орындалуы, қылмысқа қарсы күреске дейін жағдайды кеңінен қамтып баяндады. Онда атап айтылғандай бұрын қол жетпеген жетістіктерге жетуіміз – облыста ауыл шаруашылығы бойынша 1-орын, білім саласында 2-орын алуымыз, мәдениет саласында да көтермеленіп, меркіліктердің арнайы дипломмен марапатталуы – бәріміз үшін үлкен абырой.
Сын түзелмей, мін түзелмейді демекші, жиналысқа қатысқан тұрғындар аудандағы елеулі алға жылжушылықпен қатар, жекелеген көңіл бөле түсер тұстарды да ашып айтты. Мәселен еңбек ардагерлері Нұрсұлтан Жәнібеков:
– Көп жылдардан бері көтеріп келе жатқан бір мәселе – аудан орталығындағы балалар кітапханасы әлі күнге жөнделмей тұр, – десе Жамбыл ауылынан Әшен Қырғабақов:
– Балам өз ісін бастап, жұмыс орнын жабдықтап жатыр. Соған жол, су жүргізіліп берсе.., деді.
Ал меркілік заңгер Айнұр Тоғысбаева жастардың спортпен айналысуы үшін, басқа да мақсатта көп жайлар салынып жатқанын айтып, су бассейні жоқтығын, осыған көңіл бөлуді сұраса, ардагерлер Андас батыр ауылында аурухананың жабылып жатқанын, Қызыл ту ауылынан келген ақсақал малының ұрланып, табылмай кеткенін жеткізіп, жағдайды түзеуге бола ма деп сұрады.
Аудан әкімі М.Өмірбеков осы және басқа да сауалдарға нақты жауап берді:
– Кітапхана үшін 37 млн теңгеге жоба жасалды. Аудандық деңгейде де демеушілерді қарастырып, қалайда жөндетеміз. Жол мәселесіне келсек, аудандағы ең нашар жолдар алдымен жөнделеді. Су жүргізу жайын білу үшін мамандар барып көреді.
Ал, Андастағы аурухана туралы айтсақ, жатып емделетін адамдар саны көзделгендей болмай келді. Есепті жиналыстан кейін арнайы барып көріп, тұрғындармен, мамандармен сөйлесіп, зерделеп көрейік.
Су бассейні бойынша. Алдағы уақытта бірқатар спорт мектептері салынбақшы. Олардың құжатын әзірлеп жобалағанда бассейнді ескеруге болады.
Мал ұрығы жөнінде. Мал көбіне өрістен ұрланып кетуде. Әрине полиция қызметкерлері міндеттеріне құнт қойып, ұрыны ұстау үшін бар амалды қолдануы қажет. Дегенмен оларды бір жақты кіналай беруге де болмайды. Мал иелері алдымен өздері ықтиятты болып, сақтық шараларын жасаса, өкінбес еді. Мал бағуға жалдаған адамдары жауапсыз болып, соның салдарынан да ұрлық көбейеді. Мал сеніп тапсырылған адамдардың кім екендігі, басқа да деректері есепке алынып, қадағаланып, бұл бағыттағы жұмыс-
ты күшейткеніміз лазым. -деді
«Меркі» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Сауранбаев өз ойын білдіріп, Меркі тәжірибе алмасу, кәсіпке баулу бойынша алма бренді болайын деп тұр, енді өзге ауданнан бізге келіп үйренуде екенін жеткізіп, облыс әкімі А.Мырзахметовке қайырылып – облыс орталығы көркейе түсті. Бауыржанның ескерткішін Жеңіс паркіне қойып, дұрыс шешім жасадыңыз. Мұнда енді бәрі үйлесіп тұр. Балаларымызды апарып, монументте аталарының атын оқытып, риза болып қалдық. Алғысымызды айтамыз, – деді.
Ашық пікір білдіру ауанында жалғасқан жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметовке сөз беріліп, ол:
– Аудан әкімінің есебінде айтылғандай, ауданда атқарылған іс көп, – деді, – Бірақ бұл проблемалар жоқ деген сөз емес. Биыл да тындырар шаруа, жұмыстар ауқымды. Әкімдер келеді, кетеді, ал жүйе қалады. Жылдың басынан бастап, облыстық 22 басқарма бойынша жұмыс қорытындысын қарадым. Меркі ауданында көрсеткіш жаман емес. Жұмыс бар.
Облыс әкімі үстіміздегі жылы қойылар жекелеген талаптарды да ортаға сала кетті. Оның ішінде әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық төлқұжаты болуы керек. Өңірді дамытудың нақты карта-жоспары жасалды. Бюджеттегі қаржыға көзделген істер сәйкес келе ме, облыс басшысы алдымен осыған назар аударуды сұрады. Оның орынбасарлары аудандарды айына бір рет, инспекторлары 2 рет аралап тұратын болады. Әрине әр жердегі жағдайды егжей-тегжейлі зерделейді.
А.Мырзахметов жекелеген ескертпелерін де айтты. Аудандағы бірқатар өңдеуші кәсіпорындар жұмысы қалыпты емес. Есеп беру жиналысында мәлім болғандай, жер-жерде сұрақ-өтініштерге арналған жәшіктерге бір де-біреуі салынбапты. 85 мың халық тұратын ауданда қояр сауалдардың болмауы мүмкін емес. Ұйымдастыру жұмысында кемшіліктер кеткен сияқты, деді облыс басшысы.
Жалпы кездесуге, ауданға оң бағасын берген А.Мырзахметов сөзін аудан жұртшылығына сәттіліктер тілеп қорытындылады.
Бактыбай Бектұрсынұлы,
Еркін Жасыбаев (суреттер)