АҚТОҒАН АУЫЛЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕР СПОРТШЫЛАРЫН САЛТАНАТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанған жерлесіміз Мерей Базарбайды туған жері Ақтоған ауылының тұрғындары ерекше құрметпен қарсы алды.
Ауыл жұртшылығы әлем чемпионын алдымен ауыл сыртынан салтанатпен күтіп алып, ерекше қошемет көрсетті. Одан кейін №4 Тілеміс батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектептің алдында спортшыларды ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада әлем чемпионы Мерей Базарбаймен қатар, кикбоксингтен ұлттық құрама сапында 52 келі салмақ дәрежесінде Әлем кубогінде ел намысын қорғап, қола медаль иеленген Аружан Нұржасар мен бокстан WBC AMATUR TURKCOI жарысында Азия чемпионы атанған Ақжүрек Жұмақұлға да құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев, ауыл әкімі Данияр Әбдіразақ және ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, спортшылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктерін жоғары бағалады. Ел абыройын асқақтатқан жерлестеріне ізгі тілектерін арнап, олардың осындай биік белестерді бағындыруына үлес қосқан ата-аналары мен жаттықтырушыларына алғыстарын білдірді.
Жиын барысында ауыл тұрғындарының қолдауымен әлем чемпионы Мерей Базарбайға 1 миллион теңге, ал Аружан Нұржасар мен Ақжүрек Жұмақұлға 250 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар, спортшылардың жаттықтырушыларына шапан жабылып, ерекше құрмет көрсетілді.
Туған ауылында ұйымдастырылған бұл салтанатты шара спортшыларға деген ел ықыласының айқын көрінісіне айналды. Ақтоғандықтар халықаралық додаларда топ жарып, ел мерейін үстем еткен жерлестеріне зор қошемет көрсетіп, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.


















