РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ФУТБОЛ ЧЕМПИОНАТТАРЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

0
3

25 қазан – Республика күніне орай Меркі ауданында футболдан аудандық чемпионаттың соңғы туры өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Маусым-қазан айлары аралығында өткен чемпионаттарға аудан тұрғындары арасындағы үлкен футболдан 10 команда, мекемелер мен ардагерлер арасындағы кіші футболдан 10 командадан қатысып, барлығы 30 команда өзара бақ сынады.
Үлкен футболдан аудандық чемпионаттың қорытындысы бойынша Ойтал ауылдық округінің «Меркі Қант» командасы чемпион атанды. Екінші орынды Жаңатоған ауылдық округінің командасы, үшінші орынды Меркі ауылдық округінің командасы иеленді.
Мекемелер арасындағы кіші футбол чемпионатында аудандық орталық аурухана командасы жеңімпаз атанса, екінші орынды аудан әкімдігінің командасы, үшінші орынды «Шекара» командасы иеленді.
Ал 45 жастан асқан ардагерлер арасындағы чемпионатта Меркі ауданының командасы топ жарды. Екінші орынға Т. Рысқұлов ауданының «Құлан», үшінші орынға Қордай ауданының «Жекжаттар» командасы тұрақтады.
Марапаттау рәсіміне Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, спортшыларды жетістіктерімен құттықтады.
Салтанатты шара барысында халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғаған жерлес спортшыларға да ерекше құрмет көрсетілді.
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген Мерей Базарбайға 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ кикбоксингтен 52 келі салмақ дәрежесінде Әлем кубогінің қола жүлдегері атанған Аружан Нұржасарға теледидар сыйға берілді.
Футбол чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік ойыншылар мен ерекше көзге түскен командаларға арнайы марапаттар табысталды.
Осылайша, бірнеше айға созылған аудандық футбол чемпионаттары өз мәресіне жетіп, Республика күні қарсаңында спорт сүйер қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Comments are closed.