ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен кеңесте өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық «Отбасын қолдау орталығының» директоры Қуат Зетқұлов 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс нәтижелерін баяндады.
Есепті кезеңде орталық заңгеріне 319 азамат жүгінген. Банк шоттарындағы бұғаттарды алып тастау мәселесімен 162 азамат жүгініп, оның 47-сінің шоттарындағы бұғаттар алынып, ай сайынғы төлем кестелері жасалған. Сонымен қатар 68 азаматқа банк шоттары, сотқа өтініш рәсімдеу, алимент өндіру және өзге де мәселелер бойынша заңгерлік көмек көрсетілген.
Жиында қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау, дер кезінде қолдау көрсету және мекемелер арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері талқыланды.
Екінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің басшысы Ренат Мамытбаев баяндама жасап, 2026 жылдың тоғыз айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, профилактикалық бақылаудағы отбасылармен жүргізілген жұмыстар және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына тоқталды.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов әлеуметтік осал отбасылардың мәселелерін дер кезінде анықтау, оларға қолдау көрсету және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың ортақ жауапкершілік екенін айтып, жауапты сала басшыларына мекемелер арасындағы үйлесімді жұмысты күшейту, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және анықталған мәселелердің нақты шешілуіне басымдық беру қажеттігін жеткізді.

















