🔰«МЕДИАЦИЯ ҚҰНДЫЛЫҒЫ: КЕЛІСІМ, БІРЛІК, ДОСТЫҚ» АУДАНДЫҚ ДЕБАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

🔰2026 жылғы 22 қазанда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында медиация мәдениетін қалыптастыру, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын дамыту, өзара келісімге келудің маңыздылығын түсіндіру, достық пен бірлік құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Медиация құндылығы: келісім, бірлік, достық» тақырыбында аудандық дебат турнирі өткізілді.
Іс-шара барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері М. Қасымова «Медиация – келісім мен өзара түсіністіктің негізі» тақырыбында баяндама жасап, медиацияның қоғамдағы маңызына, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешудегі рөліне және өзара түсіністікті қалыптастырудағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
Сонымен қатар Меркі ауданы Отбасын қолдау орталығының маманы М. Жанаханова және Меркі ауданы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, Меркі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің мүшесі Р. Байбосынова достық, бірлік, ынтымақ пен татулықтың маңыздылығы туралы ой қозғап, жас ұрпақтың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Іс-шараның «Медиация – келісімге бастар жол» атты ақпараттық бөлімінде оқушылар достық тақырыбындағы жағдаяттарды сахналап, түрлі өмірлік жағдайларда өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызын көрсетті.
Ал «Қоғамдық татулық пен бірлікті сақтаудың басты жолы – медиация және өзара келісім» тақырыбындағы дебатта оқушылар өз ойларын ортаға салып, пікірталас мәдениетін, дәлелді сөйлеу және қарсы пікірді құрметтеу дағдыларын танытты.
Аталған іс-шара оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, қарым-қатынас мәдениетін дамытуға, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге және қоғамдағы келісім мен бірліктің маңызын түсінуге бағытталды.


















