БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің төрағалығымен денсаулық сақтау ұйымдарының, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиынның күн тәртібінде балаларды вакцинациялау және мектепке дейінгі жастағы балалардың тәрбиесі мәселелері қаралды. Жауапты сала мамандары аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, қазіргі жағдайға қатысты ақпарат ұсынды.
Аудан әкімінің орынбасары балаларды вакцинациялау мәселесінде ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте медициналық мамандардың ақпаратты ата-аналарға түсінікті әрі нақты жеткізуі, балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуі қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының сапасына ерекше мән берілді. Мейірхан Өмірбек жауапты мамандарға тәрбие бағытындағы жұмыстарды жүйелеп, нақты жоспар негізінде жүргізуді тапсырды. Әсіресе балалардың бойына тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қоғамдық орындарды таза ұстау және туған жерге деген жауапкершілік сияқты құндылықтарды ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай түсіндіруге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүйелі түрде іске асыруды жауапты тұлғаларға тапсырды.

















