МЕРКІ ПЕРЗЕНТХАНАСЫНДА «ЖАҢА ӨМІР – ЖАҢА ШАҢЫРАҚ» ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Наурызнаманың бесінші күні – Шаңырақ күніне орай Меркі аудандық орталық көпбейінді ауруханасының перзентханасында тағылымы терең, ерекше мазмұнды іс-шара өтті.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған басқосуда жаңа өмірдің бастауы – қасиетті шаңырақтың мәні кеңінен насихатталды. Аудан ақсақалдары қатысып, жас аналарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Шара барысында ұлттық нақыштағы көрме ұйымдастырылып, қазақы тұрмыс пен салт-дәстүрді танытатын бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, жаңа туған сәбиге азан шақырып, ат қою рәсімі өткізіліп, әжелер бесік жырын айтып, бесікке салу дәстүрін көрсетті.
Мерекелік жиында жас аналарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.
Тағылымы мол бұл іс-шара ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, отбасы құндылығы мен ұлттық дәстүрдің маңызын айшықтай түсті.
















