ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІНЕ ОРАЙ КЕҢ АУҚЫМДЫ МӘДЕНИ КӨШ ӨТТІ

Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай аудан орталығында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған кең ауқымды ұлттық киімдердің мәдени көші ұйымдастырылды.
⠀
Іс-шараға аудан бойынша мыңға жуық адам қатысып, олардың қатарында ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, аналар және қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері болды. Қатысушылардың барлығы қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық болмыс пен салт-дәстүрге деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Мәдени көш орталық стадионнан басталып, аудандық мәдениет үйіне дейін жалғасты.
⠀
Шара жалғасы аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт барысында патриоттық және Наурыз мерекесіне арналған әндер шырқалды.
⠀
Жиында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов сөз сөйлеп, тұрғындарды Ұлттық киім күнімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жұмахан Жантелиев, Меркі ауданының белгілі ақыны Шырын Мамасерікова мен аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Таттықұлова да сөз сөйлеп, ұлттық киімнің рухани мәніне тоқталып, көпшілікті мерекемен құттықтады.
















