Атымтай жомарттар атсалысты
Жақында Қарпық батыр ауылында көп жылдар бойы құрылысы жүрген мешіттің ашылу салтанаты өтті.
Оған Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы Мырзагелдиев, аудан, ауыл имамдары, аудан әкімі Жорабек Баубеков және тұрғындар қатысты. Сәулеті мен келбеті жарасқан мешіттің көркіне көз тоймайды. Сапалы құрылыс құралдары қолданылған мешітте айнадай жарқыраған жарық шамдар, бәрі де осы ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалып отыр.
Салтанатты ашылу сәтінде облыстың бас имамы, аудан басшылығы сөз сөйлеп, Алла үйінің бой көтеруіне себепші, инвестор болған Сұлтан ағамызға, ауыл келіні Әсеткүл апайға алғыстарын білдірді. Ауыл тұрғындары келген қонақтарға құрмет көрсетіп, шапан жауып, қуаныштарын бөлісті. Мәз мейрам болған тұрғындар қасиетті жұма күні жамағатқа есігін ашып отырған мешіттің ашылу сәтінен тыңғылықты дайындықпен келіп, шашу шашып, сый сияпаттарын табыс етіп жатты.
Ия, шынында ауыл азаматтарының ынтымағы, бірлігі бұл игі шарада көрініп-ақ тұрды.
Мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, демеуші іздеген Әсеткүл Сариеваның еңбегін айтып өтпеске болмайды. Қазіргі таңда оңтүстік астанада тұратын Медетхан ағамыздың отбасы мешіт салуды осыдан он бес жыл бұрын жоспарлап, жерін де даярлап қойыпты. Күнделікті күйбің тіршілікпен демеуші іздеген отбасы төрт жыл бұрын жомарт жанға тап болып, армандарымен бөліскен. Сұлтан ағамыз бұған дейін де Түркістанда, Кентауда, Қазақстанның бірнеше аймағында Алла үйін соққан, көпке танымал жан екен. Десе де өзінің бұл жомарттығын жария етпей, ата тегінің баспа беттерінде жазылуына қарсылығын білдіреді екен. Бұл «оң қолыңмен бергенді, сол қолың білмесін» дегенге сай, құрметке, қошеметке тұрарлық азаматтық деп санадық.
Мерекелі күні жаңа ашылған мешітте жұма намазы оқылып, демеушілерге, құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға сый-сияпаттар тарту етілді
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі