Әруақ сыйлаған ел азбайды
Өткен жұма күні Меркі ауданы, Қостоған ауылында ауыл тұрғындары үшін үлкен мереке, қуанышты күн болды. Осыдан көп жыл бұрын қабырғасы қаланып, іргесі көтерілген «Ботбай баба» мешіті жанындағы асхана есігін айқара ашты.
Қостоған ауылы аудан аумағында ынтымағы, бірлігі, ауызбіршілігімен ерекшеленетін ауылдардың бірі. Сыртта қызмет етіп жүрген азаматтары мен ауыл тұрғындары айрандай ұйып, бірауыздан мешіт жанындағы асхананы бітіруді қолға алған.
Міне, сол мезеттен бері көп болып, қаражат жинап, асхананы бітіріп қасиетті жұма күні ашылу салтанатын өткізді. Ауыл қариялары, кәсіпкерлер мен жаны жомарт жандар 20-30 мыңнан бастап, басы бір жарым миллионға дейін қаражат жинап берген.
«Көп түкірсе көл» демекші көптің қалауымен халық игілігі үшін пайдалануға берілген асхананың бітуіне әрбір ауыл тұрғының үлесі бар десек артық болмас. Өйткені жыл жылдарымен жастар 1986, 1985 жылғылар деп жоғарылай келе қаражат жинаған, құрылыс жұмыстарына да белсене араласқандар – бәрі бәрі осы ауылдың тұрғындары.
Салтанатты іс-шарада Байсейіт Жылысбаев, аудандық аналар қауымдастығының төрайымы Қайнаркүл Таттықұлова, ауыл мешітінің имамы, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, ізгі-тілек ниеттерін білдіріп, асхананың алқызыл лентасын қиды.
Ауылдықтар үшін үлкен мерекеге ұласқан салтанатты шараға жиналған қауым шашу шашып, мәз мейрам күйге бөленді. Қуаныштары қойнына сыймаған қостоғандықтар асханадағы дастархан дүниеден өткен әруақтардың рухына бағыштап құран оқытты. Бұдан соң қаржылай көмек көрсеткен азаматтардың аты аталып, жомарт жандарға алғыстар білдірілді. Ауылдың белсенді әрі зиялы қауым өкілдеріне шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Асхананың іргесі қаланғаннан бері басы-қасында болып, ауылдықтарды ұйымдастырып, қаражатты төкпей-шашпай пайдаға жаратқан ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан Аужанбаевқа ризашылығын білдірген тұрғындар бір жылқы мінгізіп, иығына «Абылай ханның ақ шапанын» жапты.
Ауылдың ардагер ұстазы Қайнаркүл Таттықұлова ортаға шығып, сөз сөйлеп, ауыл аналарына, келіндерге ақ орамал, камзол жауып ризашылығын білдірді.
Ол өз сөзінде 2019 жылдың кұзінде асхана құрылысын бастаған ақсақалдар алқасының төрағасы, марқұм Арыстанбек Мамытовтың еңбегін ерекше атап өтті. Оның бастамасын қолға алған Темірхан Аужанбаевқа және қомақты қаражат қосқан «Медеу» шаруа қожалағының басшысы Сауытбек Есетовке, сонымен қатар, ауыл мешіті –«Ботбай баба» мешітін кезінде соғып берген Төребек Төрехановтарға алғыстарын айтты.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»