Аудандық мәслихат сессиясы өтті
Осы аптаның басында жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың аудандық мәслихат депутаты Урияхан Мамикованың төрағалығымен кезекті отыз бесінші сессиясы болып өтті.
Сессияға аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігі аппаратының бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Сессияда Ойтал және Кеңес ауылдық округі әкімдерінің тоғыз айында атқарған жұмыстары туралы, сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» Меркі ауданында орындалу барысы және аудан әкімдігі жанынан құралған арнаулы комиссиялар мен кеңестердің дербес құрамдарын бекіту туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселелер бойынша Кеңес ауылдық округінің әкімі Жапарқұлов Есберген Дүкенұлы баяндама жасады. Ол округте 2215 адам тұратынын айта келе округтегі 10 көшенің 7 асфальтталғанын, 2022 жылдың 9 айында 2 көшеге асфальт төселіп, келесі жылы 1 көшені жөндету жоспарда бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, абаттандыру және санитариялық тазалау бойынша ауылдағы көшелердегі тал тарақтар әктелініп, бағаналар сырланып, кездейсоқ күл-қоқыс орындары жойылып ретке келтірілгеніне баса назар аударды. 9 айдың қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімінің аппаратына келіп түскен арыз шағымдар саны – 58. Оның ішінде жеке тұлғалардан жазбаша келіп түскені — 58. Барлық өтініштер уақтылы қанағаттандырылғанын айтты.
Округ әкімі демеушілер тарапына атқарылған жұмыстарға тоқатала келе, ауыл азаматы Оразов Ардақ Бақытұлына 3500,0 млн тг ауыл асарлатып үй сатып алып бергені, тұрғандардың демеуімен 1 млн тг. қой тоғытатын орын соғылғаны, ауыл азаматы Иманкулов Тойғанның демеушілімен орталық саябақтың сыртына 500 мың теңгеге қоршау жұмыстары жүргізілгенін көпшілік назарына ұсынды.
Бұдан соң Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахимбековке сөз беріліп, ол да округ аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мәселен, ағымдағы жылы округте облыстық бюджет есебінен 78,6 млн теңге бөлініп, округ бойынша 7 көше, яғни 3,7 шақырым жолына орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. № 48 ЖББО мектебіне баратын жолына түнгі жарықтандыру орнатылған. Ойтал ауылындағы демалыс орны – саябаққа ағымдағы жөндеу және түнгі жарықтандыру орнатылған.
Округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға» арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бизнес бастауды оқыту бойынша 47 адам сертификат алып, 23 адам қайтарымсыз грант алып, бизнесін өрлетуде. Округ бойынша АӘК алушылар саны 2022 жылдың үшінші тоқсанында 105 отбасын құраған, яғни 560 адам мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуда.
Бұдан соң аудандық мәслихат депутаты Баубеков Шерхан Қамбарбекұлы Кеңес және Ойтал ауылдық округтеріне жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды.
Ол аталған екі округтегі тексеру барысындағы анықталған кемшіліктерді атап көрсетіп, қателіктерді түзеуге баса назар аудару керектігін нық қадап айтты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ахметжанов Тантай Әзімханұлы есеп берді. Осы мәселе бойынша ҚР Тілдер саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Меркі ауданында орындалу барысын, тексеру нәтижелерімен аудандық мәслихат депутаты Тлеужанов Жасұлан Жеңісбекұлы таныстырды.
Сессия аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі қалған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары аудан әкімдігі жанындағы комиссия құрамдарын бекіту және комиссия құрамдарына өзгерістер енгізу туралы да шешімдер қабылдап бекітті.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»