«Қыз бала ерте бой түзер» тағылымды кездесу

0
50

Дүниеге қыз бала келгенде Алла Тағала ол жерге періштелерін жіберіп, «Қыз бала келген үйге сәлем болсын» деп сәлем жолдапты. «Бір қызы бар адамды Жасаған Ие тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адамның жаны жәннаттың төрінен орын алады. Үштен көп қызы барлардың мойынынан жиһад пен садақалық жауапкершілігі түседі» делінген. Ал қазіргі жаһандану заманында қыз бала тәрбиесіне көптеген фактор телефон, түнгі клуб секілді дүниелер кері әсерін тигізуде. Онымен қоймай, тәрбиенің бұзылуына қазіргі қоғамды кінәлайды. Алайда қоғам дегеніміз мына біз бен сіз емес пе?
Иә, ұрпақ тәрбиесі, әсіресе, қыз бала тәлімі бей жайлықты көтермейтін, көп болып көлемдеп қолға алып, ақыл-ой парасатпен жүзеге асыратын іс. Өйткені, қыз бала биологиялық тұрғыдан да ерте есейеді. Бой түзеп, айна алдын торуылдайтын да қыз бала. Осы істе әже, ана, ұстаз тәлімінің орны зор. Қыздар ойнап жүріп от басып, ертеңгі күні опық жеп қалмас үшін, отбасын құрғанда аздаған қиындыққа шыдамай, жалпы болашағына балта шаппас үшін бүгінгі күннен жақсы өнеге-тәрбие беріп өсіруіміз қажет. Осы орайда аналар алқасының ұйымдастыруымен Трубицын атындағы мектептің 8-10 сынып қыздары арасында аудандық жасөспірімдермен жұмыс жасайтын акушер-гинеколог дәрігері Баян Боранқұлованың қатысуымен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты: қыз баланың ұл балаға қарағандағы ерекшеліктеріне мән бере отырып, қыздардың келеңсіз жағдайларға ұшырап қалмауы үшін алдын алу, кеңес беру.
Кездесуді 10 сынып оқушылары Сымбат Ербол пен Аруна Жақан және аналар алқасының төрайымы Роза Байбосынова жүргізді. Кездесуде сол мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологы, медбикесі қатысты. Аудиторияда отырған қыздар бар назарларын салып қана қоймай өз ойларын еркін айта білді, оларға «Ашық микрофон» әдісі арқылы мүмкіндік берілді. Жүргізуші қыздар қонақтарды таныстырған соң алғашқы сөзді ұйымдастырушы Роза Жапарқызы алды. Ол кездесудің мақсаты және бағдарламасымен таныстырды. Акушер-гинеколог дәрігер Баян Боранқұлова «Жалпы ағзадағы өзгерістер» тақырыбы төңірегінде түсіндірме жұмысын жүргізді. Оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Қыздарға әсерлі болған Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Қыздарға өсиет» тыңдалымы. Ұзын шаштың киесі туралы, қазақ қыздарына шаш жайып жүрудің мағынасы туралы айттылды. Роза Жапарқызы қыздармен «Көреміз» бағдарламасында өткен «Томиристің биологиялық әкесі кім?» деген тақырыбы аясында пікірлесу сәтін өткізді. Қыздардың арасында көргендері бар екен. Талқылау бойынша көп келеңсіз оқиғаның орын алуына өзіміздің де жіберген қателіктеріміз бар екенін ұқтық. Атап айтсақ, танымайтын көлікке міну, жалғыз жүру, кешке көше кезу, ашық-шашық киіну, өтірік айту т.с.с.
Бүгінгі кездесу біздің де, құлақ қойып тыңдаған қыздардың да есінде қалатын ерекше шара болды деген үміттемін. Сонымен қатар осы іс-шараға қатысқан белсенділік танытқан қыздарға сыйлықтар тарту етіліп, естелікке суретке түсті.
Ойымды Ә.Нұршайықовтың сөзімен аяқтаймын «Ертең ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін, қыздар сендерсіңдер. Біздің ұлттық ұлылығымызды жойып, «Халық» деген қасиетті аттан айырып, әлде бір ұсақ ұлыс-аймаққа айналдырып жіберу де, қыздардың қолдарыңда. Қыздар пәк болмай, тәні таза, жаны ұлағатты болмай, ұлт сақталмайды, азғындап, азып-тозып бітеді. Ұлттық ұлы жауапкершілік өз мойындарыңда екенін ұмытпаңдар!»
Қызды қырық үйден тияйық.

Ләззат Исаева,
Аналар алқасының мүшесі

Comments are closed.