Аты аңызға айналған «әулие көл“
Меркі жерінің табиғи әлеуеті өңірдегі туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік береді. Меркінің таулы аймағындағы әсем табиғаттың флорасы мен фаунасы экотуризмді, көнеден келе жатқан тарихи ескерткіштері мен жәдігерлері этнотуризмді дамытуға сұранып-ақ тұр.
Осы мақсатта аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы бастаған экспедициялық топ, өткен демалыс күндері Меркі тауларындағы Сандық, Қарақыстақ жайлаулары мен ел ішінде Әулиекөл атанып кеткен Көккөлге арнайы сапар шекті.
Экпедиция барысында Меркі тау шатқалында туризмді дамытудың мүмкіндерін қарастыру, аталған жайлаулар мен әулиекөлге барар жолдарды жөндеуден өткізіп, туристер мен қонақтар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері зерделенді.
Шөбі шүйгін, жері шұрайлы Сандық, Қарақыстақ жайлауларына жаз келісімен жергілікті халық төрт түлік малын жайылымға шығарады. Сондықтан, бұл жайылымдарға апарар жолды жөндеу тек туризмді дамыту үшін ғана емес, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда да маңызды болып саналады.
Ал, ел аузында әртүрлі әпсаналарға арқау болған Көккөлге апарар жолды жөндеу туризмді дамытуды жеделдетері анық. Көккөлдің ерекшелігі үнемі тұп-тұнық болып жататын зүмірет суының бетінде бір қоқым тұрмайды. Сондай-ақ, көлге ешқайдан су келіп құймайды, ешқайда су ағып кетпейді және судың деңгейі қысы-жазы бір деңгейден түспейді.
Сонымен қатар, бұл көлдегі судың астында жасырынған айдаһар жайлы да алыс-жақын жердегі халықтың аузында әр түрлі әпсана тараған. Бұл тұрғыдан келгенде Әулиекөлдің туризмді дамытуға арқау болар артықшылықтары айтарлықтай деуге болады.
Сонымен қатар, аудан әкімі жайлаудағы малшылар қауымының тыныс-тіршілігімен де танысты. Ақермен ауылының «Асыл тұқымды қой зауытының», «Аспара» өндірістік кооперативі мен «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малшыларымен тілдесіп, пікір алмасты. Шаруашылық басшыларына жұмысшылардың айлық жалақыларын уақытылы беру, еңбек қатынастарының қатаң сақталуы жайында бірқатар тапсырмалар берді.
Экспедиция соңында Жорабек Нұрмергенұлы Қасқасу мен Әулиекөлді жалғайтын, Әулиекөл, Сандық, Ойранды жолдарын жөндеуден өткізу мақсатында нақты ұсыныс енгізуді тиісті салалар мен бөлімдердің басшыларына тапсырды.
Қ.Камал,
аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы