Алтын орақ басталды

Меркі ауданы ауылшаруашылығы, егіншілікпен күнкөріс көзін көретін аудандардың бірі. Аудандағы шаруалар түрлі дақылдар егумен айналысады. Биылғы жылы аудан бойынша 26960 гектар бидай, 29717 гектар арпа, барлығы 56677 гектар дәнді масақты дақылдар егілген. Егін орағына жалпы 160 комбайн қатысады деген жоспар бар.

Күні кеше Қанат Шайхиев бастаған «Сыпатай батыр» ЖШС күздік арпа орағын бастады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік күзде егілген 180 гектар арпаның орағын алғашқылардың бірі болып бастап отыр. Астыққа орақ салған диқандардың алғашқы өнімі көңіл қуантады. Қазіргі таңда орташа өнімділігі 30-35 центнерді құрауда. Шаруашылық биылғы жылы 1100 гектарға күздік бидай, 300 гектарға арпа, 145 гектарға қант қызылшасын отырғызды. «Сыпатай батыр» ЖШС-гі аудандағы элиталық және көбейтілген тұқым өндіруші шаруашылық болып құрылған. Биылғы күздік бидайдан 500 тонна элита, 1500 тонна 1 репродукциялы тұқым, жаздық арпадан 300 тонна элиталық тұқым өндіруді жоспарлауда. Жалпы ауданда биылғы жылы жаздық арпа 29717 га, жоңышқа 5000 га, мақсары 7540 га, жүгері жоспар 665 га, қант қызылшасы 2008 га, көкөніс 2370 га, бақша 450 га, картоп 1055 гектарға орналастырылған.
Ауа-райының қолайлы болуына, жауын-шашынның көп болуына байланысты биыл шаруалар жақсы өнім алуды көздеп отыр. Бұл жыл егін мен мал шаруашылығына табысты жыл болмақ.
Әр күні санаулы егін орағының ырғалып-жырғалып жүруді көтермейтіні орақшылар үшін жақсы таныс. Сондықтан әр күні жылға азық болып отырған дихандар еңбек қарқынын арттыра түсіп, бұл жұмысты қайткенде қысқа мерзімде аяқтауды ойластыруда.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат“