Еңбек қатынастарын заңдастыру – міндетті шара
Бүгін аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен аудандық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын жұмыс берушімен заңдастыру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру және аудан бойынша облыстық еңбек тәуекелінің қаупі жоғары «Ыстық нүкте картасына» енгізілген мекемелердің жағдайы туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі еңбек қатынастарын заңдастыру мен цифрландыру мәселесі бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы баяндады. Оның мәліметінше 2021 жылы облыстық еңбек инспекциясы және аудандық кірістер басқармасы мамандарымен бірігіп аудандағы 32 тамақтандыру орындарындағы 72 жұмысшының еңбек қатынастары заңдастырылды.
Бұл жұмыс 2022 жылы жалғасын тауып, 22 кәсіпкерлік нысанның 295 бейресми жұмыспен қамтылған тұлғаларының еңбек қатынастары заңдастырылды. Алдағы уақытта «Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі келіссөздер жүргізетін спикерлер пулы» мүшелерімен бірлесе кәсіпкерлік нысандарды аралап, бейресми жұмыспен қамтылған жұмысшылардың еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесін реттеу жоспарлануда.
Биыл 22 кәсіпкерлік нысандағы 295 бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбек қатынастары заңдастырылған болса, 50 кәсіпкерлік нысандағы 748 жұмысшының еңбек шарты «е-НR» электрондық порталына енгізілген.
Аудан әкімі еңбек қатынастары заңдастырылмаған, әлеуметтік жүйеден тыс жүрген азаматтарға талдау жасап, бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізу үшін құзырлы мекемелермен бірлесіп жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар, еңбек шарттарын электрондық порталға енгізу бүгінгі күннің бас-ты талабы екенін айтып, бұл бағытта ауылдық округтер бойынша жұмысты күшейтуді және жұмыстың орындалуына апталық зерделеу жасауды Тоғжан Тұрсыналықызына тапсырды.
Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев еңбек тәуекелінің қауіпі жоғары мекемелердегі мәселелер бойынша атқа-рылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қазіргі уақытта аудан бойынша «Меркі асыл тұқымды зауыты», «Синь-Син» Қытай компаниясында, «Меркі тынысы» баспасында және «Кыргыз темир жолу» мекемесінде айлық жалақы мен зейнетақы аударымдарының кешіктірілу мәселелері туындап отыр.
Жорабек Нұрмергенұлы бұл мәселе бойынша, яғни аталған жұмыс орындарын «Ыстық нүкте картасынан» шығару бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырма беріп, оның орындалуын бақылауда ұстауды аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиевке тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі