Туған жерге ту тіккен
Меркі ауданы Кеңес ауылындағы орталық саябаққа белгілі еңбек ардагері, Кеңес ауылының тумасы Жақыпбай Иманқұловтың есімі беріліп, қайта жаңғырды.
Жақыпбай Иманқұлов – Кеңес аулының тумасы, Кеңес одағына аты шыққан Құрметті колхозшы, «Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген мал шаруашылығының шебері» «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Жақыпбай Иманқұловтың ұлы Тойған Иманқұлов ауыл саябағын өзінің қамқорлығына алып, осы күнге дейін саябақты күтіп-ұстау жұмыстарын өзінің есебінен жүргізіп келді.
Қазіргі уақытта бұл саябақ Кеңес ауылы тұрғындарының демалатын орындарының бірі болып қана қоймай, сонымен қатар, мұнда ауыл балаларының ойнауы үшін де арнайы балалар алаңшасы салынып жағдай жасалған. Ауылдағы кіші футбол алаңының да дәл осы саябақтың ішінде орналасуы ауыл жастарының спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор үлесін қосуда.
Ауыл халқы Жақыпбай ата рухын ардақтап, әрі оның ұлы Тойған Иманқұловтың еңбегін ескеріп, ауыл саябағын Жақыпбай Иманқұловтың есімімен атау туралы бірауыздан шешім қабылдап, оны салтанатты түрде атап өтті.
Саябақтың ашылу салтанатына барша ауыл халқы жиналып, ата есімін ұлықтап, оның ұрпақтары Тойған Иманқұлов пен Медет Иманқұловқа құрмет көрсетті. Ауыл ақсақалдары Жақыпбай Иманқұловтың өмір жолына тоқталып, оның ұрпақ үшін үлгі-өнеге болар ерліктері жайында әңгімеледі.
Жамбыл облысы және Тараз қаласы ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Дүкенбай Ермекев Тойған Иманқұловқа – «Қазақстан патриоты» медалін, Медет Иманқұловқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыстады.
Ауылдық мәдениет үйінде құрметті колхозшы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, іскер басшы болған Жақыпбай атаны еске алуға арналған кеш өтті.
Кеш барысында жергілікті жас ақын Нұрбек Рахишев өзінің арнауын жолдаса, үлкен экраннан Жақыпбай атаның өмір жолы мен жетістіктері туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, Жақыпбай Иманқұловты еске алу құрметіне ауыл жастарының арасында 3 күн бойы спорттық жарыстар ұйымдастырылып, үстел теннисі мен кіші футболдан турнирлер өткізілсе, соңғы күні ұлттық спорт – көкпар ұйымдастырылып, Меркі ауданының барлық ауылынан командалар келіп қатысты.
Ауқымды іс-шаралардан кейін ата рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі