Жақсылық – адамгершіліктің белгісі
Әркім өзінің қал-жағдайы жеткенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, шын ниетімен, адал пейілімен жасалса болғаны.Жақсылықтың керемет тұсы – оның саған екі еселеніп қайтуы. Тіпті біз ойламаған жерден жақсылыққа, табысқа жетіп жатамыз. Ол – біздің жасалған жақсылықтарымыздан болуы әбден мүмкін. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі,» – деп М.Әуезов айтқан екен. Яғни, еш сұраусыз-ақ ізгілікке ізгілікпен жауап қайтару – көптің қасиеті. Ал енді нағыз ерлер, шын мәнісіндегі тұлғалар жамандық жасаған адамға да қайырымды болады, ізгілігін, жақсылығын аямайтын болады екен.
Осындай нағыз ер, нағыз жомарт, мәрт жігіттерден құралған «Ақжүніс ана» қоғамдық қорының мүшелері күні кеше баспанаға мұқтаж, үш баласын бауырына басып, «қайтсем жеткіземін, жетілдіремін» деп жүрген Жұлдызай Әлиеваға үй сыйлады.
Бұл қордың негізін қалаушы Даулет Жұманбек ағамыз өзі алыста болғанымен, сенімді азаматтарын жинап, аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмек қолын созып, үлкен сауапты іс жасауда. Құрылғанына көп болмаған қайырымдылық қоры 150 отбасына азық-түлік алып беріп, өз қамқорлығына алған. Даулет ағамыздың ендігі арманы мұқтаж жанға баспана алып беру еді. Міне, көптен күткен күн де жетті. Шынында Жұлдызай да осы баспана туралы армандаған екен. Үш қызымен ол пәтер жалдап, балаларының мемлекет тарапынан беріліп жатқан төлемақысымен күн көрген. Өзінің денсаулығында да сыр бар екен. Жастай ата-ана жылуынан айырылған ол сүйеніші, тірегі, балаларының әкесі, сүйікті жарынан да ажырап қалған.
Салтанатты түрде баспана тапсыру рәсіміне ауданның бас имамы Азамат Абдіразақ, Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахымбаев, осы бастаманың басы қасында жүрген жомарт жандар Ринат, Нұргелді, Нұрзат, Мухамеджан, қуаныштың иесі Жұлдызай Әлиеваның туған-туыс, жанашырлары қатысты.
Іргесі биік, қабырғасы қалың, шағын бау-бағы бар баспана көз тартарлық. Үй ішінде барлық қолайлы жағдай жасалған. Суы, көгілдір отыны кіргізілген, евро жөндеуден өткен. Бұл жиынға келген жанашыр жандардың бірі кілем сыйлап, бірі шашу шашып, мәз мейрам.
Бес бөлмелі үйдің ішінде мерекелік дастархан да жайылыпты. Баспананы тапсыру сәтінде алқызыл лента қиылып, ақ дастархан басында ауданның бас имамы Азамат Абдіразақ құран оқып, шариғаттан мысалдар айтты. Қайырымдылық жасау, зекет, садақа берудің сауаптары туралы сөз қозғады.
Ойлап қарасақ, жақсылық жасау түк те қиын емес. Көп болып жұмылсақ, еңсермейтін тау, шешілмейтін мәселе болмайды. Ең бастысы, ниет болса болғаны.
Біз ақ түйенің қарны жарылған қуанышты сәттің куәгері болып, өз кезегімізде жайылған дастарханнан ауыс тиіп, Жұлдызай апайымызға ақ тілегімізді білдіріп қайттық.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»