Тіл – бірліктің бастауы
Тіл – әрбір ұлттың ұлт болып сақталып қалуының күре тамыры. Сондықтан, әлемде әрбір мемлекет өз тілінің тамырын жоғалтпау үшін арнайы бағдарламалар бекітіп, ұлттық тілдің жұтылып кетпеуі үшін мемлекет тарапынан арнайы заңдар шығарып, бағдарламалар бекітеді. Біздің елде де Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты – қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Көшедегі жарнамадан бастап, ілініп тұрған көрнекі ақпараттар, ономастика саласының бір жүйеге келуі – бағдарламаның негізгі индикаторлары.
Ел бірлігі доктринасында мемлекеттік тіл жалпыұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы ретінде айқындалған. Оны меңгеру әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналып, жеке өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынтыландырушы тетік болуға тиіс деп көрсетілген. Нәтижесінде, қазақ тіліне жақын, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын жатқа айтып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, мемлекеттік тілдің жалпы қолданыс тілі болуына үлесін қосып жүрген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алдағы уақытта да тіл саясатына байланысты жұмыстарды жандандырып, тың идеялармен жұмыс жүргізетін болады.
Мемлекетті тіл саясатын жүргізу мақсатында, ұлттық тіліміздің қадір-қасиетін жоғарылату мақсатында ауданда көптеген байқаулар өткізілуде. Сонымен қатар, аудан оқушылары облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдемен оралуда. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «А.Байтұрсынұлы оқулары — 2022» облыстық байқауы өтті. Аталған байқауға Меркі ауданынан «Жас талап» тобы қатысып 3-орынды иеленді. Топ құрамында №5 Ақарал ЖОББМГ оқушысы Секен Жанель, №11 ЖББМ оқушысы Әбдікапар Әмина, №21 Андас батыр ЖОББМ оқущылары Әсет Алмас, Тоқтарбай Даниал өнерлерін көрсетті
Мөлдір Қалаева,
Меркі ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы