Музейдегі сабақ
Ұлы жеңістің 77 жылдығы қарсаңында Меркі аудан-дық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Барақбаева Ләззат «Жеңісті жақындатқан азаматтар» тақырыбында №5 Ақарал ауылы, жалпы білім беретін орта мектебінің 10 сынып оқушыларымен музейде сабақ өтті. Сабақтың мақсаты — жас ұрпаққа музейдің таусылмас қазына екенін, мұнда аудан тарихы туралы жәдігерлер жинақталғанын, өткен өмір тарихын түсіндіру. Сонымен бірге, ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи санасының қалыптасуына ықпал ету болып табылады.
Сабақ барысында Меркі ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанған азаматтар туралы, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері Байсеит Жылгелдин, Мәдеш Бүрлібаев туралы кеңірек тоқталып өтті. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен қазақ халқы соның ішінде ауданнан 8 мың адам бір адамдай Отан қорғауға аттанды. Соғысты жеңіспен аяқтау үшін барлық күш жігерін жұмсады. Олардың көпшілігі Отан қорғау жолында мерт болып, елге қайта оралмады. Жүздеген меркіліктер Кеңес Одағының орден – медальдармен наградталды. С.Ларионовқа, В.Савваға, П.Толстовқа, И.Трубицынға Кеңес Одағының батырлары атағы берілді. Музейде сақтаулы тұрған Сталинград үшін шайқасқа қатысқандар Меркі аудандық әскери комиссары Б.Кемелбеков және М.Бүрлібаев, Б.Жылгелдин, Ж.Байтұрсынов, Қ.Дүйсенов. Соғыстың соңғы күнін жеңіспен қарсы алғандар Ш.Шалабаев, А.Пичненко, Г.Морозов, Т.Душанов, Қ.Ыдырысов және т.б. жауынгерлердің суреттері мен құжаттарымен таныстырды.
Ауданнан шыққан ардагер азаматтарымыздың бірі Байсеит Жылгелдин Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқ пен құрметке бөленген, гвардия капитаны атанып, батальон командирлігі дәрежесіне дейін көтерілгендігі айтылды. Ол Мыңқазан ауылында туылған. Қандай ауыр шайқас жүріп жатса да Байсеит Жылгелдин білгір де тапқыр командир еді. Ол батальонды жауға қарсы шабуылға өзі бастап шығып, қардай бораған оқ астында қайсарлық, ержүректік танытып, жауынгерлерді жігерлендіре түсетін. Байсеит Жылгелдиннің батальоны Литваның Каунас, Шяуляй қалалары мен Кенигсбергті, Шығыс Пруссия жерлерін неміс басқыншыларынан тазартуда үлкен ерлік үлгісін көрсетті. Гвардия капитаны 1945ж. 20 ақпанда Кенигсберг түбінде жаумен кескілескен шайқаста бес жерінен ауыр жарақаттанды.Көп ұзамай Б.Жылгелдин айығып шығып, туған ауылына жеңіспен оралды.Бейбіт күндерде колхоз парторгы, кейіннен басқарма бастығы болды. Нағыз ержүрек, қайсар командир Александр Невский, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған. Соғыстан кейін аудандық қауіпсіздік комитетінде істеді. Содан соң Чкалов колхозына басшы болып сайланады. Осы жерде ол Киров колхозының қызы Зәмзәгүлге үйленеді. Артта қалған ауылды алдыңғы қатарға шығарғаны үшін 1948ж. ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. 1953ж. оның әйелі өздерінің алғашқы баласын босану үстінде қайтыс болады. 1954ж. тамызда Б.Жылгелдиннің өзі де қайтыс болады. Артында Нұрлан есімді ұл қалды.
Ал, Мәдеш Бүрлібаев атамыз 1922ж. Ойтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Бүрлібай Молдаботаев аудандағы алғашқы чекистердің бірі болатын. Мәдеш Бүрлібаев 1939ж. Меркідегі мектеп – интернатты бітіргеннен кейін әскер қатарына алынып қызмет етіп жүргенде соғыс басталып кетеді. Атақты Панфилов дивизиясының құрамында көптеген шайқастарға қатысып, «Москваны қорғағаны үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Сол сияқты, Сталинград, Ленинград, Прага, Бухарест және Берлин, Рейхстаг үшін болған ұрыстарға қатысты. 1942ж. қараша айында майдандық газеттердің бірі былай жазады: «Аға политрук М.Бүрлібаев қызмет атқаратын гвардия бөлімшесі жаудың 3миномет батареясын, 105мм зеңбірегін, 3 блиндаж бен тамақтану пунктін, ротаға жуық солдат пен офицерін жойып жіберді». Соғыстан кейінгі жылдары Ақмола, Семей, Чарджоу, Шауляй қалаларындағы әскери комиссариаттарда қызмет етіп, 1961-1972жж. аралығында Жамбыл облыстық ДОСААФ бөлімінің төрағасы болып зейнеткерлікке шықты.
Сабақтың екінші бөлімінде, музей заттары көрнекі құрал емес, зерттеу көзі екенін айтып, музей заттарын пайдалана отырып зерттеу жұмысын ұйымдастырып сабақты жандандыра түсті.
Иә, ардагерлеріміздің ерлігін, көрген тауқыметін бір сабақта айтып тауысу мүмкін емес, дегенменде оқушылар осындай аталардың ұрпағы екенін түсініп,мақтаныш сезіммен қайтты.
П.Жұмабекова,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері