Жақсылық жасап жарысайық
Адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы — жақсылық. Жақсылық — күллі тіршіліктің тұтқасы сияқты. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін айналасындағылардан алған тәлім-тәрбиесі, әсері арқылы сана-сезімі қалыптасып, әр нәрсені ойлап, сана сарабынан өткізе бастайды. Ақ пен қараны ажыратып, жақсылықтың, жамандықтың не екенін ұғына бастайды. Анығында, адам жаны жақсылыққа құмар, оны іздеп тұрады, өзіне де, өзгеге де тілейді.
Мен жақсылық ұғымын ең кемел, ең игі дүние ретінде білетінмін. Әлденеден артығырақ көрінетін, биік, игі көрінетіннің бәрін жақсылық деп ойлайтынмын. Жалпы, жақсылық ұғымын түсіндірген өмірімде үлкен сабақ болды.
Жақсылық — әлемге мейірін шашып, жылуына бөлейтін үлкен қасиет. Жақсылық — игілік атаулының түп бастау болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Бойыңдағы жамандықты, арам ойды еңсеріп, жақсылыққа жеңдірудің өзі оңай іс емес. Әр адамның бойында өзіне деген махаббаттан әлемге, адамзатқа деген махаббат жоғары тұрса, оның адамгершілігі болмақ. Ал адамгершілігі бар жан тек жақсылыққа құмар болады.
Кейде ойлаймын, елдің бәрі жақсылық жасап жарысса екен. Онда ешкім ешкімге жамандық тілемес еді, ешкім ұрсыспас еді, бір-бірін күндемес еді. Әлем жайдары жандарға толар еді. Бірақ жақсылыққа құмар болу үшін, сана-сезімің, жүрегің таза болуы тиіс.
Асадова Севиль Яшарқызы,
Сарымолдаев ауылдық округі жастар ісі жөніндегі инспекторы