Болашақ бүгіннен басталады

0
726

№22 жалпы орта білім беретін мектебінде қол күресі спорт түрінен Азия чемпионы Рахымбаева Жарқынай Сержанқызымен «Болашақ бүгіннен басталады» атты ашық мотивациялық кездесу өтті.

Киелі Меркі жеріміз жанға шипа, дертке дауа — ертегіге бергісіз десек артық емес. Сол қасиетті тауы топырағынан талай ұлы тұлғалар мен чемпиондар түлеп ұшқан жердегі іс — шараның мақсаты Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы шеңберінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаланың ауқымды идеяларын оқушылар арасында тарату, өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлтымыздың мәртебелі мақтанышына айналған азаматтарына қарап бойтүзеуіне ұйытқы болу, оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, зиянды әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Жиылғандар кеш қонағын зор құрмет, қуанышпен қарсы алды. Кездесу Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылды. Кездесудің қонағы Рахымбаева Жарқынай Сержанқызы 2015 – 2018 жылдары Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде денешынықтыру мамандығын тәмамдаған. 2014 жылы Астана қаласында өткен чемпионатта топ жарып, 2016 жылы Азия чемпионатында ІІ орынды иеленіп, 2017 жылы ҚР чемпионы атанып, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2018 жылы Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебер, 2018 жылы Түркия мемлекеті, Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында І орынды иеленіп, Әлем чемпионы атанды. Қазіргі таңда Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы «Балалар аула клубы» қол күрес жаттықтырушысы. Кездесу мектептің өнерлі «Үкілі домбыра» үйірмесінің шәкірттерінің орындауында күмбірлеген әсем күймен басталды. Сондай-ақ, кездесу барысында балалар Жарқынай Сержанқызына жеке өмірі мен спорттың қыр-сырына байланысты сұрақтар қойып,болашақта осындай спорт түрімен айналысқылары келетіндіктерін, сол үшін қандай болу керектігін де сұрап, жеңімпаз болудың сырларымен бөлісуге шақырып, жеке шеберлік сабағына қатысты.
Жерлесіміз оқушыларға өзінің өмірі және түрлі сайыстардағы жеңістері туралы әңгімеледі. Жас жеткіншектерді салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырды.
Әдетте кез-келген адам спортпен шұғылдана білуі мүмкін, бірақ шын спортшы болу үшін еңбектену керек. Өйткені, спорт өнерінде қайтпас-қайсар мінезбен, күш жігерді үйлестіре білген кісі ғана ұтатыны өмір шындығы. Жарқынай Сержанқызы өзінің балалық шағынан бастап, спортқа жасаған алғашқы қадамынан дәл бүгінгі күнге дейінгі кезеңін, өмірлік ұстанымы мен мақсаттарын, басынан өткен қызықты оқиғаларымен әсерлі әңгімелеп берді. Өз сөзінде қазіргі жастардың алғырлығы мен патриоттық сезімі жоғары екенін атап өтті.Оқушылар Рахымбаева Жарқынай Сержанқызы, чемпионымыз туралы бейнероликті тамашалап жігерленіп қалды.
Сондай-ақ, кездесуде оқушылар «Қазақ қызы» атты арнау өлеңдер оқып, жыр шашуларын ұсынды. Кездесу соңында денешынықтыру пәнінің мұғалімі, әрі ұстазы Е.С.Ақылбаев естелік сыйлық табыстап, өз алғысын білдірді. Кездесу кештен, туған жерге зор сүйіспеншілік, салауатты өмір салтын сақтай отырып, спортпен айналысуға деген құлшыныс, ешбір жанға ешқашан таптатпауға болмайтын АР мен НАМЫС ұғымын жоғары қоюға талпыныс туары анық.

Перуза Батырбекова,
№22 ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары

Comments are closed.