Жаңа жолдау – болашағымыздың бағдары
«XXI ғасыр — білім мен ғылымның ғасыры»деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда білім бірінші орында тұр. Кез-келген қоғамның ғылым-білімсіз өмір сүре алмайтындығы баршамызға аян. Сондықтан да, ғылымның техникалық және технологиялық жетістігін бүкіл қоғамдық өмірге терең түрде енгізбейінше, өркениетті елдің дәрежесіне көтеріле алмайды.
Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – қай жағынан алғанда маңызды міндет. Бірақ қазіргі күні дүниежүзін жайлаған індеттің өршуіне байланысты ғылым да, білімде онлайн форматқа көшуде.Бұл әрине технологияның дамуына, ақпараттық технологияны жақсы меңгеруге жол ашатыны сөзсіз. Дегенмен, бұл мәселе жаңа мектеп табалдырығын аттаған оқушыдан, ата- аналар мен білікті мұғалімдерге дейін қиындық тудырып отыр.
Осы орайда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек екенін айта келе, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеу керектігін тапсырды. Бұл әсіресе, мектептер үшін маңызды. Оқушылар сапалы білім алу үшін мектептегідей еркін болу үшін барлық жағдайды қарастыратынын айта кетті. Сапалы білім ол жарқын болашақтың кепілі. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп ата-бабамыз айтып кеткендей қазіргі жастарымыз келешектің айқын айнасы іспеттес. Сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы басты мәселенің бірі ұстаздар жалақысының 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 25% ға көтеретінін және жалақы мөлшері алдағы уақытта арта беретінін айтты. Бұл мақсатқа алдағы уақытта үш жыл көлемінде 1,2 триллион теңге бөлінетінін басты назарға қойды. Президентіміз жолдауында білім мен ғылымды дамытуды ең басты мақсат етіп қоя отырып,білім саласын көтеруді, жыл сайын бөлінетін гранттардың санын көбейтуді көздеп отыр.Ғылымның дамуына қазіргі «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырды. Президентіміз осы жолдауы арқылы қазіргі жағдайда әлемдік болып жатқан дерттен құтыламыз деп жүріп, сауатсыздық дертіне шалдықпауымыз керегін ашық жеткізіп отыр. Қандай жағдай болмасын білім саласының төмендеуіне, ғылым саласының құлдырауына әкелмеуміз керек. Қазіргі күннің басты талабы да, мәселесі де осы. Жолдау– үлкен стратегиялық маңызы бар құжат десек, оны орындауымыз керек. Президент әр сала бойынша не істеу керектігін айтып, көрсетіп берді. Оны жүзеге асыру әрқайсымызға байланысты.
Айгерим Алтынбаева,
№1 ЖЖБ мектеп —
гимназиясының
директоры