ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

0
384

Құрметті отандастар!

Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері!

Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.

Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды.  

Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қолұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды.  

Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.

Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын.

Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.

Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.

Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болды.

Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.

Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.

Алайда, ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет.

Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек.Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуге тиіс.

Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек.

Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет.

Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық.

Сондықтан, әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет.

Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз.

Ендеше, іс-қимыл жоспары қандай болмақ?

I. МЕМЛЕКЕТТІК

БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ

Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.

Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек.

Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ, алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан, мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Бұрын мұндай орган болды және өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Енді осы агенттік қайтадан тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және, ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс.

Реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі.

Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек.

Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді
тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық
жобалар форматына көшкен жөн.Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс.

Осындай түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды.

Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.

Мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайыз-
ға қысқартқан жөн. Осылайша, біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Соның нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз.

Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ, ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады. Сондықтан, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуге тиіс. Мұндай жоба мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі.

Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс.

Сонымен қатар, кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен инс-
титуционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұста жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталғым келеді.

Бұл институтты енгізген кезінде жауапты хатшылардың жиі ауыспай жұмыс істеуі министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой болған. Алайда, іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті, министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигізеді.

Негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуге тиіс. Сондықтан, жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктеген жөн.

Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырамын.

Норма шығару мәселесін де қайта қарау қажет.

Карантин кезінде құқықтық жүйенің қасаңдығы қолбайлау болып, жұмысты қатты тежегені жасырын емес. Сол себепті, төтенше жағдай режімін енгізіп, «Төтенше жарлық» шығаруға тура келді.

Бірақ, мұндай шаралар дағдарыс жағдайында мәселені түбегейлі шешпейді.

Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады. Парламент палаталары атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тегжейлі баяндалатын нормаларды да қарастыруға мәжбүр болып отыр.

Алмағайып дүниеде жедел шешім қабылдай алмау ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек. Мұны кейінге қалдыруға болмайды.

Тағы бір маңызды міндет – квазимемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мәселесін шешу.

Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік
кәсіпорын бар. Бұл ретте, ірі квазиялік мемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұн-
дай компаниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуға тиіс.

Көптеген акционерлік қоғамда қалыпты түсініктер ауысып кеткен. Корпоративтік басқару қосымша бю-
рократиялық рәсімге айналып отыр.

Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қа-
жет. Кейбір шешімдер бүгін жарияланады, ал қалған мәселелер бойынша Үкімет маған ұсыныс береді.

II. ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек.

Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жәй қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ.

Сонымен қатар, экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуға тиіс.

Сондықтан еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек:

1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі.

2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.

3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу.

4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.

5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.

6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.

7. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.

Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйеніміз керек.

*     *     *

Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану.

Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.

Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаң-
ғыртылған заңнамалық негіз қажет.

Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тап-
қан. Бірақ, ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ.

Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар.

Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. 

Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз. 

Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге, Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек.

Стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңілдігін, жекелей кепілдікті, экспорттық қолдау тәсілдерін топтап ұсыну жолын қарастыру керек. Инвесторлардың қаржылық шығынының бір бөлігін салық төлеуден босату арқылы өтеуге болады.

Мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар және жер қойнауын пайдаланушылар үшін кепілді сатып алу талабын қарастыру қажет.  

Ең басты нәрсе – жобаның жүзеге асырылатын бүкіл кезеңінде заңнамалық шарттардың тұрақты болуы. 

Әрине, тек бұл шаралармен ғана шектелмейміз. Нақты қолдау деңгейі жобаға салынған қаражаттың көлеміне және оның басымдығына байланысты болады. 

Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекіту үшін стратегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл.

Осы бастаманы жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы аясында жүзеге асырған жөн. Үкімет стратегиялық келісімдерге енетін жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуір айына дейін әзірлейді.

Өңдеуші кәсіпорындардың отандық шикізатқа қолайлы бағамен толық қол жеткізу мәселесі де жүйелі түрде шешілуге тиіс.

Үкіметке жыл соңына дейін еліміздің өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін реттеу тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.

Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін құрайды. Үкімет пен әкімдердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану.

Менің тапсырмам бойынша, мемлекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді.

Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алулар барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс.

Егер тиісті құқық қолдану тәжірибесі болмаса, заңнаманы жетілдіргеннен ешқандай пайда жоқ.

Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр.

Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлейді.

Осы салаға қатысты ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру.

Алайда, бір ғана өнеркәсіп саясатының арқылы индустриаландыру ісін айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткізе алмаймыз. Ақша-несие, салық және басқа да негізгі салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуінің маңызы зор. Бұған әлі толығырақ тоқталамын. 

*     *     *

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.

Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. 

Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.

Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.

Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек.

Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда.

Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.  

Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. 

Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруа-
шылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.

Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.

Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып
отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын. 

Негізгі міндеттеріміз:

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;

– миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;

– еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;

– агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру. 

*     *     *

Өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту.

«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. 

Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін.

Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміз-дің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек.

Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдарлардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс.

Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін, қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету.

*     *     *

Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.

Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі.

Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды.

Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді.

Қазіргі     күрделі     ахуалға     байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырамын. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткіземіз.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квази-мемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырамын.

Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын. 

Келесі мәселе – бизнес ахуалы. Бұл саланы реформалау керек. Өйт-
кені реттеу жүйесі әлі де болса қолайсыз, тіпті жазалаушы сипатынан арыла алмай отыр.

Реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгерту қажет. Мемлекеттік реттеуге азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғау үшін ғана жол беріледі.

Заң бойынша да, тәжірибе жүзінде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенін, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкіндігін ескерген жөн. Тексеру жүргізуге тыйым салған үш жылдық мораторий осындай реттеу жүйесін жаңадан енгізуге жол ашады.    

Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мейлінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қызметі, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырамын.

Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қыз-
метке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай
компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.

Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ.

*     *     *

Жұмысымыздың табысты болуына жол ашатын маңызды фактор – «өзектес» мемлекеттік саясаттарды қайта құру.

Ақша-несие саясатын қайта қараған жөн.

Біз ұлттық және халықаралық инвесторлардың теңгеге сенімсіздік білдіретінін көріп отырмыз.

Экономиканы әртараптандыру ісінің жеткіліксіздігі және бағамның тым құбылмалылығы шетелден инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Бұл, әсіресе, шикізаттық емес секторда айқын сезіледі.

Валюта нарығын реттеуге және капитал қозғалысына қатысты проб-
лемалар да теріс ықпалын тигізуде. Экспорттан түсетін табыстың елеулі бөлігі ішкі валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Үкімет пен Ұлттық банк экспорттаушыларды валюталық табысты сатуға ынталандыруға тиіс.

Ақша-несие саясатының ынталандырушылық рөлін де күшейту қажет. Қазіргі таңда бұл саясат көбінесе валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейіп кету қаупіне байланысты тежелуде. Банктер валюта нарығы және Ұлттық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатын болған соң, нақты экономиканы несиелендіруге құлықты емес.

Осы өтімділікті қайта бағдарлап, бизнеске несие беріп, валюталық алыпсатарлықты тоқтату ісіне бейімдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырамын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің осы міндетті шешу үшін өкілеттігі мен құзыреті толық жеткілікті. Жыл соңына дейін жағдай түзеледі деп үміттенемін.

Қаржы секторындағы тағы бір жағымсыз фактор – тұтыну сегменті мен бизнеске несие беру ісіндегі теңгерімсіздік. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек.

Биыл менің тапсырмам бойынша заңнамалық және нормативтік база өзгертіліп, қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілді. Бұрын тұтыну несиесін оңды-солды таратып келген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы мекемелерінің қызметі мемлекет тарапынан реттелетін болды. Алайда бұл түйткіл әлі толық шешілген жоқ. Әсіресе, дағдарыс кезінде елдің табысы азайған тұста қарызға бату қаупі арта түсті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдау керек. 

Біз ақша-несие саясатына деген сенімді арттыруға тиіспіз. Сол себепті Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына тәуелсіз мүшелер де кіреді. 

Егер ұлттық табысты әділ бөлудің маңыздылығы туралы айтар болсақ, барша азаматтарға дәл сондай ұғынықты болатын салық саясатын әзірлеуіміз керек.

Бүгінде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрі бар. Оны басқару ісі тым күрделі және негізінен мәжбүрлік сипатқа ие болып отыр.

Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп
және депутаттық корпусты тарта отырып, Салық кодексін және
заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауды тапсырамын. Мақсатымыз–салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту.

Бюджетті әртараптандыру мен толықтырудың қосымша тетігі ретінде салықтық мөлшерлемелерді жіктеу жөнінде де ойлану керек.

Шағын және орта бизнес секторы бойынша пандемиядан көп зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлшек сауда салығын айналым есебінен төлеуге мүмкіндік беру қажет деп есептеймін.

Халықаралық салық салу жүйесінің нормаларына да ерекше назар аударған жөн. Бұл нормалар шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты Қазақстанға қайта құюға барынша ынталандыруы керек.

Сонымен қатар, трансферттік баға белгілеуді және капиталдың елімізден шығарылуын қатаң бақылауға алу қажет. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің жалпы ішкі өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келеді. Бұл бюджет табысын арттыруға мол мүмкіндік берер еді.

Салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге
айтарлықтай көмектеседі. Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жем-
қорлыққа жол ашып болып отырғаны жасырын емес.

Сондықтан Қаржы министрлігіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің жұмысын негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімдеуді тапсырамын. 

Біз үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын әзірлеуіміз керек. Басым бағыттар мен жобаларға ғана қаржы бөлген жөн. Қаржыны оңды-солды жұмсайтын заман келмеске кетті. Негізгі бюджеттік коэффициенттер мен ережелердің жинағын әзірлеу қажет.

Тұтас ахуалды білу үшін «кеңейтілген бюджет» ұғымын енгізу қажет. Онда мемлекеттік бюджеттен бөлек, бюджеттен тыс қорлардың да қаржысы есепке алынуға тиіс.

Бюджетті     жоспарлаудың     жаңа   жүйесі ұлттық басымдықтарды қамтамасыз етіп, ұлттық жоспарлау жүйесінің құрамдас бөлігіне айналуы керек.

Мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік берген жөн. Бұл міндеттерді шұғыл шешуге және ұжымдық жауапсыздық пен әуре-сарсаңнан құтылуға мүмкіндік береді.

Бірақ қойылатын талап та күшеюге тиіс. Осыған орай Есеп комитетінің құзыретін күшейтуді тапсырамын.

Мүдделер қайшылығына жол бермеу үшін Есеп комитетін қаржыландырудың өзгеше тәртібін белгілеу ке-
рек. Оны Үкімет жанындағы республикалық бюджеттік комиссия арқылы         емес, Парламенттің   салалық  комитеттері арқылы жүзеге асырған жөн.

Бәсекелік саясаттың маңызы арта түсті. Бәсекелі ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополизациялауды тоқтату керек. 

Нарықтағы көптеген салалар нарықтық емес әдіс-тәсілдер арқылы «тас қамалға» айналғаны жасырын емес. Кәсіпкерлер нарыққа кіре алмайды, ал егер кіре қалса, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр болады.

Бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек,әуежай қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, логистика нарықтарында. белең алып отыр. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Өңірлік деңгейде көбіне әкімшілік ресурс коммерциялық табыстың кілті саналады.

Мемлекеттік және жекеменшік саладағы «монополистердің» жұмысын ретке келтіру керек. Нақты ережелерді бекіткен жөн: олар қандай жағдайда және қандай нысанда құрылады, түскен табыс қайда жұмсалады. Қатаң қоғамдық мониторинг жүргізу қажет.

Биржадағы сауда-саттықты тәртіпке келтіру керек. Бұл, ең алдымен, мұнай өнімдері, электр энергиясы, көмір саудасына қатысты. Бұл саладағы ірі компаниялардың көзбояушылығына жол беруге болмайды.

Сондықтан бәсекелестікті қорғайтын және дамытатын мықты әрі тәуелсіз орган керек. Президентке тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырамын.

Тең құқылы бәсекелестікті дамыту үшін мемлекеттің экономикаға араласуын азайту маңызды рөл атқарады. 

Орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде әлі де болса жеті мыңға жуық әлеуметтік емес нысан бар.

Мемлекет шаруашылықты тәуір жүргізе алмайды деген қағида аксиомаға айналды.

Үкімет Жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауға тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек.

Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді.

Ал, қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн.

Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиіс.

Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керек.

Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу–бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн.

Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін ерекше басымдыққа ие болып отыр.

Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн.

Қаржы орталығы тікелей және портфельді инвестициялар тартудың негізгі құралына айналуға тиіс.

*     *     *

Түйіндей келе айтарым, жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек.

Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет.

III. ТЕҢГЕРІМДІ АУМАҚТЫҚ ДАМУ

Елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек.

Өңірлеріміз арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажет.

Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті.

Аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аудару қажет.

Индустриаландыру әлеуметтік мәселелерді шешіп, табысты арттыру үшін ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жаңа ментальдігін қалыптастырып, заман талабына бейімдеу үшін де маңызды. Ал
бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактордың бірі.

Ірі металлургиялық кәсіпорындар орналасқан өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек. Бұл, ең алдымен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына қатысты. Осы өңірлер жоғары технологиялы, ғылымды қажет ететін өндірістің және техникалық қызмет көрсетудің орталығы бола алады.

Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістің циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз
нәрсе.

Әсіресе, моноқалаларымызды дамыту ісіне тың серпін беру аса маңызды. Бұл ретте, қала құрау-
шы кәсіпорындарға зор жауапкершілік жүктеледі. Олар барынша атсалыспаса, бұл міндет орындал-
майды.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұрады. Миллионнан астам тұрғыны бар бірнеше қала орналасқан. Отандық тауарларды сату және инвестиция тарту үшін Ресей билігінің өкілдерімен және мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату – еліміздің шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы.

Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше
өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады.

Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсіл урбанизация үдерісін басқаруға, «миграция толқынын» кезең-кезеңмен жүргізуге, ірі қалалардағы халықтың тығыз орналасуы мен әлеуметтік шиеленіс мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

IV. АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫ – БАСТЫ

БАСЫМДЫҚ

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты.

Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шешу алу қабілетіне орай жүзеге асады.

Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды.

2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.

Бұл реформа сондай-ақ, еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады.

Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.

Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек.

Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек. 

Қазір әкімдіктер оларға арнап жалға берілетін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кетеді.

Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасыға нақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмысты реттеуді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде құрылып жатқан «Отбасы банкіне» тапсырдым. Банк басшылығы тікелей жауапты болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның басты себебі – үй салынатын аумақты дайындау ісінің қарқыны төмен. Өйткені заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақтан ғана жер беріледі.

Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсіресе көпбалалы отбасылардың экономикалық тірегі де бола алады. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де қолданған жөн.

Депутаттардың осы маңызды мәселені шешуге тікелей атсалысуын сұраймын. Ауыл еңбеккерлерін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау арқылы жалдамалы үйлер салуға міндеттеп, көптеген отандасымыздың тұрмыс сапасын неге жақсарта алмаймыз?!

*     *     *

Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе.

Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.

Біріккен ұлттар ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстыр-
ғанда көңіл көншітпейді.

Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет.

Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек.

Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда, бұл проблема әлі де ушығып тұр.

Мұндай қылмыскерлер рақым-шылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн.

Мұндай әрбір істі прокуратура органдары ерекше бақылауға алуға тиіс. Әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады.

Жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жүйесіздігіне әкеп соқтырды. Соның салдарынан мемлекет жауапкершілігі айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсінбей жүр. Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастауды тапсырамын.

Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру үшін шаралар қабылдау керек. Осыған орай азаматтың «әлеуметтік цифрлық әмиянын» енгізіп, тиісті тауар өткізуші жүйе қалыптастыру қажет.

Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.

Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында. Күнделікті өмірде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушлік кеңінен етек алды.

Алаңдаумен өткен соңғы айларда еңбек етудің баға жетпес қадір-қасиетін жете түсіндік. Кіші медицина қызметкерлері, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтар қыруар жұмыс атқарды. Бұл – нағыз еңбектегі ерліктің жарқын үлгісі. Мұндай адамдар мемлекет назарынан тыс қалмайды.

V. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ БІЛІМ

Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде.

Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет.

Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды.

Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі
шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы.

Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.

Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін.

Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.

Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.

Осыған орай, мемлекет кәдімгі қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады.

Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарас-
тыру қажет.

Сонымен бірге, біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн.

Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек.

Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет.

Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда.

Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет.

«Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді.

Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі жағдайда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз.

Білім беру сапасы туралы бірер сөз. Былтыр мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын.

Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты бұл жұмыс
баяу жүруде. Бірақ, проблеманы шешу керек. Премьер-Министр бұл мәселені ерекше бақылауға алуға тиіс.

Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді.

Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет.

Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан
өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын.

Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты.

Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ.

VI. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

САЛАСЫН ДАМЫТУ

Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді.

Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек.

2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін.

Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту.

Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.

Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады.

Үкіметтің алдында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндеті тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс.

Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет.

Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отыр.

Үкіметке медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді (он жыл) болжам әзірлеуді тапсырамын.

Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

VII. ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ

БИОЛОГИЯЛЫҚ ӘРКЕЛКІЛІКТІ ҚОРҒАУ

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.

Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңыз-
ды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын.

Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.

Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді.

Елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын ұлғайту мәселесі өте маңызды. 

Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн.

Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз.

Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес.

VIII. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

АЗАМАТТАРДЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА

Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет.

Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет.

Жағдай жедел өзгеруде. Күштік құрылымдар жұмыстың озық әдістеріне көбірек ден қойған сайын олардың халықаралық тәжірибелерге бейімделу мүмкіндігі арта түседі.

Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда.

Бірақ құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейді.

Қылмысты анықтайтын жедел қызмет өкілдері мен процессуалдық шешім қабылдайтын тергеушілер қылмысты ашып, істі сотқа жіберуді басты мақсат санайтын бір басшының қарамағында бірге
жұмыс істейді. Алайда, көрсеткіш қуалау азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс!

Прокурорлық қадағалауға келсек, бұл жұмыс үнемі кешеуілдеп жататынын көреміз. Прокурорлар істің мән-жайымен тек сотқа жіберер алдында ғана танысады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын.

Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс.

Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті.

Сот органдардың әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша ақтық үкім шығарады.

Мұндай тәсіл тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді.

Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек.

Қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеген жөн.

Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақ-тылығын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оған жиі өзгерістер енгізу құқық қолдану ісіне әсерін тигізеді және бірыңғай тергеу және сот тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.

Заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайды. Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкімшілік»
және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады.

Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді.

«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады.

Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргі-
зуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет.

Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғимараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелеріне және полицияның
қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын.

Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады.

Біздің табиғи және техногенді апаттар дәуіріне қадам басқанымызды ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын.

Қылмыстың алдын алу жұмыстарында да кемшіліктер бар. Прокуратураның қадағалауын азаматтарды және бизнес саласын толғандыратын проблемаларды тиімді шешуге бейімдеп қайта бағдарлау керек.

Бізге ауқатты инвестор келсе болды, күштік құрылымдар мен бақылаушы органдар соны тексеруге асығады. Үкімет пен Парламент күштік құрылымдардың бизнес ісіне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қоюы керек.

Салыққа байланысты құқық бұзғаны үшін бизнес өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тартудың қазіргі тәртібін қайта керек.

Тіркелген кәсіпкерлерге қатысты кез келген тергеу әрекеттері тек сот немесе прокурор санкциясы арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс. Бұл мәселені де қарау керек.

Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет.

Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн. Сот жүйесі салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласының мамандарына зәру болып отыр.

Судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізілуге тиіс. Үміткердің қандай еңбегі арқылы жұмысқа қабылданғанын жұртшылық біліп отыруы керек.

Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде.

Он жылдай жуық уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек.

Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау мен сот жүйесі реформасы жөніндегі өкілдік комиссия құрылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс.

Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет.

Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн.

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс.

Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру аса маңызды болып отыр.

Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын мүмкіндігінше осы сессияның аяғына дейін қабылдау керек.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек.

Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет.

Адам құқын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл мәселенің мәні зор.

Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоққының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді.

Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек. Атап айтқанда, Бала құқы жөніндегі конвенцияның хабарлау рәсіміне қатысты факультативтік хаттамасына қосылу қажет.

Азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселесі маңыздылығын жойған жоқ. Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін бұл құжатты Азаптауға және басқа
да қатігез, адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттерге қарсы конвенцияның ережелеріне сәйкестендіру керек.

Адам саудасына қарсы күрес мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жетілдіре түсуі керек. Осыған орай сот тәртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.

Парламенттегі заңдар тезірек қабылданады ден үміттенемін.

IX. ЦИФРЛАНДЫРУ – БАРЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ НЕГІЗГІ

ЭЛЕМЕНТІ

Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы.

Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр.

Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі.

Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз.

Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс.

Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлық түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бізде мекен-жай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар. Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дипломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс.

Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн.

«Деректермен» жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ету және оны ары қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі.

Әзірге бұл жұмыс тиісті деңгейде реттелмеген. Оның бір себебі ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттік және олармен үлестес бірнеше компания басымдыққа ие болып отыр.

Министрліктер мен әкімдіктердің де ақпараттық-сараптамалық немесе IT-құрылымдары бар. Мұндай құрылымдар ортақ стратегиямен санаспай, мекеме деңгейіндегі мүддені ғана қорғайды.

Ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту – елімізде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, осындай қызметтерді шетелге экспорттауға да жол ашады. Осы әлеуетті толық пайдаланған жөн.

Ақпараттық технологиялар саласы мен ұлттық бизнес ынтымақтастығының болашағы зор.

Мемлекеттік және жекеменшік ірі компаниялар шетелде жасалған әзірлемелер мен қосымшаларды сатып алуға ондаған миллиард теңге жұмсайды.

Үкімет өнеркәсіп пен ақпараттық технологиялар саласының арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға атсалысуға тиіс. Бұл әр саланың цифрлық экожүйесінің қозғаушы күші бола алатын цифрлық технология платформаларын құруға мүмкіндік береді.

Біз Қазақстанның «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзінде цифрлық майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елімізге әлемдік алпауыт цифрлық компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымыз-
ды орап кетеді.

Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуі
қажет.

Х. АЗАМАТТАРДЫҢ

МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУ ІСІНЕ ҚАТЫСУЫ

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-ші бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Жұмысты сапалы әрі жедел атқарғаны үшін Парламентке ризашылығымды білдіремін.

Бұл – саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.

Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек.

Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатыс-
ты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.

Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.

Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет.

Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек.

Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды.

Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру керек. Ол үшін ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін арттыру қажет. Бұл «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесі кезеңі болғаны жөн. Үкімет бұл маңызды мәселені шешу үшін осы жылғы 1 желтоқсанға дейін нормативтік база мен тиісті ұсыныстарды әзірлеуге тиіс.

Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ, көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм.

Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады деп ойлаймын.

Мәслихаттардың тексеру комиссияларын да күшейткен жөн. Үкімет пен Есеп комитетіне заңдарға енгізілетін тиісті түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын.

Мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу қажет. Халық қалаулыларының өзара пікірталасы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұртшылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиіс.

Жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдары құзыреттерінің ара жігін кезең-кезеңмен ажырату қажет.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесін арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде олардың өзекті мәселелер туралы пікірін ескеруге тиіс.

Қалалардағы өзін-өзін басқару мәселесіне жеке-дара тоқталған жөн.

«Мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформа басталды. Тиісті заң да қабылданды. Енді барлық көппәтерлі тұрғын үйлер кезең-кезеңмен осы басқару нысанына көшеді.

Бұл реформа меншікті басқару ісінде тұрғындар пікірінің ескерілуін, сондай-ақ, тұрғын үйді пайдалану және жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың ашықтығы мен есептілігі болуын көздейді.

Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Себебі, мұндай бірлестік – өзін-өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент соның негізінде тиісті заңдар қабылдайды.

Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр.

Сол үшін, жергілікті жердегі басшылардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру керек.

Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады.

Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс.

Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу-
ге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс.

Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссия-
ны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді.

«Nur Otan» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады.

Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін.

Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады.

Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін.

Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты.

ХІ. ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ

Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.

Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады.

Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.

Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек.

Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.

Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.

Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.

Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.

Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.

Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.

Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу.

Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.

Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр.

Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн.

Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек.

Құрметті отандастар!

Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет.

Біздің стратегиялық бағытымыз – айқын. Түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз.

Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты.

Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр.

Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. 

Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған.

Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз.

Біз – халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-
тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз.

Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.

Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз.

Бұл біздің қолымыздан келеді.

Мен бұған кәміл сенемін.

Еліміз әрқашан аман болсын!

Comments are closed.