«ТОПАҒАШТАН» «СҰМҚАЙТТЫҒА» ДЕЙІН… КӨЛІК ЖАРЫСЫ ІШКІ ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫНА СЕПТЕСЕДІ

0
890

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, облыстық «Джип Сафари» іс-шарасының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараның мақсаты – аймақта ішкі туризмді дамыту, Жамбыл облысының киелі жерлерін елге паш ету, тарихи-мәдени ошақтарды  халыққа танытып, туристерді тарту болып табылады.

Жамбыл облысы тарихтан сыр шерткен, Жібек жолында орналасқан аймақ. Мұнда көне ескерткіштер мен кесенелер, табиғаты көркімен тартатын, саф ауалы таулы бөктерлер көптеп орналасқан. Жамбыл өңірінде 3441 тарихи-мәдени құнды ескерткіштер сақталған. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне Тараз қаласы мен аудан аймақтарында ЮНЕСКО-ның қарауына енген 5 нысан және 6 мемлекеттік аймақ, 67 негізгі туристік нысандар орын алған. Облыста негізгі 37 туристік нысандарды қамтитын 22 арнайы туристік бағыт құрылған. Солардың бірі Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығына тиесілі демалыс орны. «Джип Сафари» іс-шарасы осы тау бөктерінде орын тепкен табиғаты тамаша «Тау-қымыз» емдік сауықтыру шипажай аумағында өтті.  Облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға «Джип» клубының мүшелері, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары, 300-ге жуық автокөлік саяхатын сүйетін қауым және Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары қатысты. Атап айтсақ, Сәкен Майғазиев, Индира Расылхан, Кенжебек Жанабилов, Жанқош Тұраров, Ринат Заитов, тағы басқа өнерпаздар арнайы шақырумен келіп, салтанаттың шырайын ашты.

Облыс әкімі шара барысында туризмді дамыту мақсатында қойылған арнайы көрмені тамашалады. Көрмеде республикаға танымал фото тілші Алтынбек Қартабайдың облыстың туристік, тарихи жерлерін суреттеген фотокөрмесін тамашалады. Сонымен қатар, «Рыспаева и К» полиграфиялық компаниясының қолөнер бұйымдары мен баспахана өнімдері көрсетілді. Сәуле Рысбаева компанияның құрылуынан бастап бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігіне дейін аймақ басшысына баяндап, өнімдерімен таныстырды. «Көне Тараз» сериясымен шығарып жатқан қолөнер туындылары келген қонақтарды тәнті етті. Сонымен қатар, Сәуле Рысбаева бірнеше жылдан бері балалардың білімі мен тәрбие жұмыстарына атсалысып, балабақша,  мектеп ашқаны туралы сөз етті. «А-status» мектебі 1-6 сынып аралығында балаларды мектепке қабылдап, сапалы білім беріп, шахмат, хореография, таэквандо, домбыра, сурет салу, керамикалық цех және  футбол үйірмелерінде оқушыларға тәлім беруде.

Ал, «Асыл апам» шаруа қожалығында  экотуризмді дамыту мақсатында осы мектеп оқушыларына  жылыжай, сүт фермасы,  мал шаруашылығы кәсібін үйрету, жалпы бала кезден кәсіпке баулу сабақтарын өтеді екен. Жыл сайын экофестивальдер ұйымдастырылып, кәсіпкерлік пен салауатты өмір салтын ұстану, табиғатты аялау, қадірлеп, қастерлеу бойынша семинарлар жиі өткізіліп тұратынын айтты.

Сонымен қатар, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының көрмесін тамашалады. Көрмеде Көне Тараз қалашығынан табылған Х-ХІ ғасырлардағы қыш құмыралар мен суқұйғыш, қол шырақ, тостағандар орын тапты. Экскурсоводтар қонақтарды көне жәдігерлер тарихымен таныстырып, тарихтан сыр шертті.

Халықаралық сән көрсетілімдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы «Аспара-Хан» брендінің киім үлгілері де көптің назарын өзіне аударды. Айдархан Қалиевтің эксклюзивті ұлттық нақыштағы көйлектер мен орамалдар желісін көрген кеш қонақтары жаңа брендке айналып жүрген жусан мен адыраспаннан жасалған иіс суларға тәнті болды. Туған жердің исі  аңқитын парфюмерлік бұйымдар шетелден келген бауырлар арасында өте жоғары сұранысқа ие екен. Бұдан соң «Джип Сафари» туризмді насихаттау мақсатындағы іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы сөз сөйлеп, туризм — мемлекеттің дамуының негізгі саласы екенін атап өтті.

– Кейбір мемлекеттерде ешқандай табиғи ресурс жоқ. Дегенмен, бай тарихын насихаттау арқасында көптеп туристерді шақырып, ел экономикасын мен әлеуетін көтеруде. Киелі Әулие ата жерінде мыңдаған жылдық тарихы бар көптеген нысандар бар. Олардың барлығын бүкіл  Қазақстанға, әлемге таныту – біздің мақсатымыз.

Бүгінгі іс-шараға арнайы танымал әншілерді шақырдық. Бұл азаматтардың
әлеуметтік желілерін миллиондаған оқырмандары қарап отыр.

БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы мәдени ошақтарды көрсетіп, туристерді тартуымыз қажет. Қазақстанның атын дүниежүзіне шығарып жүрген, абыройы мен беделін көтеріп жүрген әншілер қауымына, Сәкен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Индира қарындасымызға, барлықтарыңызға шақыруымызды қабыл алып, келгендеріңізге рақмет. Бұл іс-шараны сіздер арқылы  миллиондаған еліміздің тұрғындары, шетелдіктер көреді, таниды. Бүгінгі «Джип Сафари» іс-шарасына қатысып отырған азаматтарға сәттілік тілеймін, -деді аймақ басшысы. Бұдан соң іс-шара қатысушылары турдың арнайы дайындалған бағыты бойынша «Топағаш» тоғайы, «Арғынкөл» жағалауы мен «Сұмқайтты» жазығына жол тартты.

Ал, облыс басшысы Бердібек Машбекұлы Т.Рысқұлов ауданы  тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бірнеше нысандарды аралап көрді.

Биылғы жылы ауданға мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс жүргізу үшін  облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Соның ішінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Әбжапар ауылында ауызсу құбырлары жаңартылуда. Аймақ басшысы құрылыс басына барып, жұмыс барысымен танысты. «Тараз – Ирригация» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 573,561,0 мың теңге бөлінген. 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған құрылыстың қарқыны жаман емес. Жұмыстар кестеге сай, тоқтаусыз жүруде. Су 70-80 метр жерден шыққан. Көп жылдардан бері  ауызсу тапшылығын көріп  отырған ауылдықтарды келесі жылы жаңа су жүйесінен ауызсумен қамтылатындығы қуантады. Ауылдағы су құбырларының 2,5 шақырымы бүгінгі күні жаңартылыпты. Мердігер компания биылғы жылы құрылысты пайдалануға беруді жоспарлауда.

Бұдан соң Бердібек Машбекұлы Көгершін ауылдық округіне қарасты Сұмқайтты ауылындағы Александр Линниктің  егіс алқабын көрді. «Стекловидная», «Богарная» сұрыпты тұқымды биылғы жылы жалпы 650 гектар жерге күздік бидай орналастырған. Шаруашылыққа тиесілі 14 мың 500 га жер бар. Оның 9 мың 500 гектарына егіс егілген. Ал қалғаны сүдігерге қалдырылған. Биылғы егістің жағдайы көңіл қуантады. Жоспарлаған өнімді алуға толықтай мүмкіндік бар. Шаруашылық қажетті техниканың барлығына қол жеткізген. Атап айтсақ, 11 бірлік «Джон дир» комбайны,11 бірлік трактор, 1- «К-701», 2- МТЗ-80, 5- ДТ-75 және қосалқы техникалары бар. Жылда өз өнімдерін жинап-тернеп болған соң ауылдықтарға егістерін жинауға қол созады екен. Шаруашылық  негізінен тұқым өндіруші, сақтаушы болып табылады. Егіннен бөлек  асыл тұқымды мал өсірумен, құрылыс және техникалық қызмет көрсету, сауда-саттық қызметтерін де қолға алған.

Егіс алқабын аралап көрген аймақ басшысы  Құмарық ауылындағы Болтай батыр мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп директоры  Рабиға Жаңабердиева құрылыс жұмыстарының барысын баяндап, жоспарланған өзгерістер туралы айтты. Білім ордасы екі ғимараттан тұрады. Бір  бөлігі 1968 жылы соғылған. Тек 2014 жылы толықтай күрделі жөндеуден өткен. Ал екінші ғимараты 1991 жылы пайдалануға берілген. Сол жылдардан бері  еш жөндеу көрмеген. Облыс басшысы бас жобалаушы  Мұрат Махмудовпен жоба аясында пікір алмасып, екі ғимараттың да сырт келбеті біркелкі болу керектігі туралы айтылды. Жобалық-сметалық құжаттаманы көру барысында Бердібек Машбекұлы мектептің сырт келбеті ұсқынсыз екенін ескертіп, қайта қарап, ажарлы ететіндей, заманауи кейіпке келтіруді тапсырды.

–    Мектеп сырты ажарлы болуы тиіс. Бұл әкімдік, ұйым-мекеме емес. Көз тартарлық, балалар қуана келетін білім ордасы болуы тиіс. Құрылыс тек жаңартылып қана қоймай, жағымды өзгерістерімен де ерекшеленуі қажет. Қайта қарастырып, ортақ шешімге келуді тапсырамын,-деді аймақ басшысы.

Мектеп ауласына шыққан соң ескі асфальт төсемені ауыстырып, брусчатка-өрнектас төсеу мәселесін ойластыруды аудан әкімі Еркебұлан Садырқұловқа тапсырды.

Бұдан соң іс-сапар Жарлысу ауылындағы ауызсу құрылысы басында жалға-сын тапты. «Жігер –2004» серіктестігі ұтып алған жобаға 498,599,0 мың теңге қарастырылған. Пайдалану мерзімі келесі жылға жоспарланыпты.  Ауылда 23 шақырым ауызсу құбырын тарту жұмыстарына 28 адам жұмылдырылған. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарына отандық өнімді пайдалануларын тілге тиек етті.Ал, ауыл әкімі Бауыржан Ақүрпеков ауылдың тыныс-тіршілігін қысқаша баяндап, мұнда 150 мың мал басы бар екенін, 15 гектарға бақша, 50 гектар жерге қант қызылшасы егілгеніне тоқталды.

Жоспарланған нысандарды аралап көрген соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Шәушен» шаруа қожалығының иесі, меценат, жомарттығымен бүкіл Қазақстанға танымал болған Сайрамбай Дөненбаевтің игі істерін көріп қайтты. Тұңғыш Президент қабылдауында болып, «Еңбек ері» атанған Сайрамбай ағамыз туған ауылында мешіт, балабақша, шаруашылық қызметкерлеріне үй соғып берген. Сонымен қатар, жылына ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдау мақсатында 50 млн. теңге қаражат бөліп тұруды дәстүрге айналдырған. Аймақ басшысы 2012 жылы пайдалануға берілген интернат ғимаратын көрді. Мұнда шаруашылық қызмет-
керлерінің, яғни мал бағушы шопандарының балалары жатып, білім алады. Интернатта бүлдіршіндерге барлық қолайлы жағдай жасалған. 40 балаға шақталып соғылған ғимаратта бүгінгі таңда 38 бала тәрбиеленуде. Интернат директоры Дархан Бұланбаев интернатта оқыған балалар облыстық ғылыми-зерттеу байқауларының жеңімпаздары атанып жүрген шәкірттерінің бар екенін тілге тиек етті.

Интернат ауласында 2014 жылы бой көтерген бабаларға тағзым ескерткіші көз жауын алады. Жарлысу ауылында 1931-32 ашаршылық жылдарында 700 отбасынан 70 отбасы қалған. Зұлмат жылдардың қиыншылығын көрген, Ұлы Отан соғысының қасіретін көрген ата-бабалар рухына арнап соғылған ескерткіш алды субұрқақ, гүлзарлармен абаттандырылған. Жалпы Сайрамбай Дөненбаевтың жомарттығы, ерлігі, еңбегі туралы көп айтуға болады. Ерен еңбектері мен игі істерінің куәсі болған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, арнайы іс-сапарын қорытындылады.

Ал, ауданда  тұсауын кескен «Джип Сафари» іс-шарасы жалғасын тауып, қатысушылар 28-маусым күні өңірдің тарихи-мәдени нысандарына экскурсияға шықты. Онда «Ақыртас», «Тектұрмас» этно-мәдени кешендері мен «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі» және «Бабаджа хатун» кесенелерін аралап көрді.

Осындай ішкі туризмді дамыту, туристік саланы дамыту, туристік кластерді дамыту мақсатында Меркі аудандық, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының, облыстық Шерхан Мұртаза атындағы рухани жаңғыру және киелі жерлерді зерделеу орталығының, Жамбыл облыстық табиғи ресурс-
тарды қорғау басқармасының қатысуымен, құрамында 45 адам бар «Меркі —
Көккөл — Сандық» республикалық ғылыми-зерттеу экспидициясы ұйымдастырылып, «Қарақыстақ» аймағына аттанды.

Ләззат Құралбаева,

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.