ЖАСТАР ШАҚЫРАДЫ

Жуырда ауданымыздағы «Тұран» демалыс кешенінде «Жастар шақырады» атты облыстық көшбасшы жастардың форумы өтті. Форумды Жамбыл облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырып, оның басшысы Убайдуллаева Рано Махсудқызы сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл облыстық жастар форумына Жамбыл облысы КХА этномәдени бірлестігінің жастары, «Жаңғыру жо-лы» жастар қозғалысының және «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері, облыстық, қалалық және аудандық БАҚ өкілдері қатысты.
Форумды өткізудегі негізгі мақсат- өңірлерде дарынды жастардың шығармашылығын анықтау, қолдау және көтермелеу, ұлттық мұраны насихаттау және қазақстандықтардың жас буынын мәдени-рухани тәрбиелеу, қазақстандық бірегейлікті, қоғамдық келі-сімді қалыптастыру және мемлекеттік тілді оқыту арылы халықтың бірлігін нығайту.
Іс-шараның ашылу салтанатында Жамбыл облысы «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Турдиева Мухабат Абдрахманқызы, Меркі аудандық өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Бахадыр Хасанбаев және т.б шығып сөйлеп, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
Елу адам қатысқан жастар форумы үш күнге созылып , арнайы бағдарлама аясында жастар жүзу бойынша «Лови волну-2019» жарысында, караоке сайысы мен би жарысында өзара бақ сынады. Сондай-ақ, «Шешендік және лекторлық шеберлік», «Өзіңді ұсын»тақырыптарында семинар-тренингтер, «Қазақтану» бағдарламасы тұрғысында ұлттық тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Ал, табиғат аясында өткізілген викториналық ойындар мен дискотекалар жастарға ерекше көңіл-күй сыйлады.Әсіресе жастарды Ким Полина Александровна өткізген «Шешендік және лекторлық шеберлік» тақырыбындағы семинар-тренинг, Хасанбаева Дильноза Бахадырқызының «Поколение» тақырыбына жасаған лекциясы, Біржан, Азамат, Рахат, Берекет сынды жастар ұйымдастырған, «Достық кеші», таңертеңгілік жаттығулар мен «Мега-Диско» іс-шаралары қызықтырып, олар Меркі жерінде өткен әрбір сәттерін есте қаларлықтай мәнді де мағыналы өткізді.Аспазшылар Сұлтан Бекназаровтың қыздар арасында, «Кәсіби аспазшы Таирдың шеберлік сыныбы» жігіттер арасында өткен шеберлік сыныптарынан жастар ұлттық тағамдар дайындаудың қыр-сырына қанық болысты.
Форум жұмысы аясында, оның жабылу салтанатында жастар флешмоб билеп, оларға марапаттар мен естелік-сыйлықтар табыс етілді.
Облысымыздың көшбасшы жастары мерейлі Меркі жерімен қимай қоштасып, қызықты өткен жастар іс шарасынан үлкен әсер алып аттанды.
Мейіркүл Әбжанқызы,
Еркін Жасыбаев (сурет)
«Меркі Ақиқат»