
«ЖАС ҚЫРАН» ЖАСАҒЫ
Тамыз айының тамылжыған тамаша күндерінің бірінде, атап айтқанда 16 мен 27 тамыз аралығында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №5 Ақарал жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының «Жас қыран» жасағы Қарағанды қаласында өткен республикалық жас қозғалыс инспекторлары, 19-ші Ғазиз Байтасов атындағы слетке қатысып қайтты.
Жамбыл облысының намысын қорғайтын, облыстың атынан қатысу құрметі кез-келген командаға тапсырылмасы анық. Бұған дейін өткізілген аудандық және облыстық байқау жеңімпазы атанып, бас жүлде иегері атану әрине оңай емес. Бас жүлдені жеңіп алған «Жас қыран» жасағы республикалық слетке қатысатынын естігенде, қалайда сенімен шығу үшін, дайындықты жазғы демалыс кезінде де жалғастырды. №5 Ақарал ЖББМ гимназиясының сынып оқушылары Керімбай Ақмырза, Шарип Ерасыл, Бақыт Даниял, Жайлау Гүлбегім, Дүйсебай Ақнұр, Қылшабай Әмина, Батай Ильяс, Ахатқызы Дания, Өмірбай Диана, Күлеш Ибрагим барлығы 10 оқушы іріктеліп алынып аудандық, облыстық жарыс жеңімпазы атанып, Көкшетау облысының, Бурабай курортына «Балдәурен» лагеріне жолдама жеңіп алып, жақсы демалып қайтқан-ды. Осы жасаққа жетекші болып, №5 Ақарал ЖББМ гимназиясының мұғалімі, директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәжірбиелі ұстаз, Айтбаев Ғабит Күмісбекұлы бекітілді. Ол оқушылардың көңіл күйіне, денсаулығына, тәртібіне, жарыста жақсы нәтиже көрсетер дайындығына баса көңіл бөліп, сабырлылықпен қарап, әр баланың жүрегіне жол таба біліп, ата-аналардың да, мектеп ұжымының да аудандық білім басқармасының өзіне тапсырылған сенімі мен жауапкершілігін терең түсіне білді.Балаларды аман-сау жеткізіп, слетқа қатыстырып, жолда, поезда, қонақүйдегі талаптарына лайық, тәрбиелік көрсетіп, жақсы өнер көрсетіп қайтты.
Ата-аналар қауымының да құрметіне ие бола білді.
№5 Ақарал ЖББМ гимназиясының директоры Н.Койшыманованың тиянақты басшылық жұмысы, мектепте білімге, жұмысқа қоятын қатал талабының арқасында, мектеп оқушылары мен ұстаздары талай республикалық іс-шараларға қатысып келеді.Бұл жолы да дайындықты қадағалап, берілген бағдарлама талабына сай, оқушыларға форма тіктіріп,поезға билет алып, шығарып салып, күтіп алатын көлікке дейін өзі бас болып, 10 күн бойы бақылауда ұстап, тамағына дейін қадағалап, көп көмегін көрсетті. «Жас қозғалыс инспекторларының отряды» бұл жай ғана әуестену емес, бұл өмір салты! ҚЖИ (қозғалыстың жас инспекторлары) слетінің де негізгі мақсаты – оқушыларды жол ережелерін тереңдетіп оқыту, жол-көлік жарақаттарының алдын алу әдістерін, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеру, мектепте жол жүру ережелерін насихаттау, бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қарағанды қаласында өткен 19-шы Республикалық Ғазиз Байтасов атындағы слетке Қазақстан құрама командасы, Белорусь республикасы, Қырғызстан, Ресейден, Нұр-сұлтан қаласынан, Алматы, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шымкент, Жамбыл облысының жас инспекторларынан жасақталған командалары қатысты. Ұйымдастыру комитеті барлық команда мүшелерін күтіп алып, қонақүйге орналастырып, әр топқа жетекшілер бекітіліп, облыстық ДВД–дан бөлінген полиция қызметкерлерімен бірге, бес мезгіл тамақ беріліп, әр облысқа қызыл, жасыл, сары, көк түсті футболка, кепка сияқты формалар, биркалар беріп жақсы қонақжайлылық көрсетті. Алғашқы күн ашылу салтанаты ерекше, кәдімгі халықаралық дәрежеде жасалып, Елбасының мұражайында оқушылар көзімен көргендей, тұңғыш президенттің балалық шағынан бастап, өскен, өрлеген еңбек жолының фотошежіре, қолжазба, отбасылық суреттерімен, металл балқытқан кезіндегі бейнелерімен жақынырақ танысты. Сол сияқты Карлагта болып, өткен сұмдық тарихты, қазіргі балалар үшін қорқынышты кино іспетті темір торды өз көздерімен көріп, көп мағлұмат алып қайтты.Келесі күндері «Жолда жүру ережелерінің белгілері», «Жас велосипедші», «Жас санитар», «Жас эрудит», «Ашық үзіліс», «Үгіт бригадасы», «Ашық ауысым», «Сапта жүру», «Жас реттеуші», «Автоқалашықты айдау» сияқты байқаулардың бәрінде «Жас қыран» командасы өте сәтті өнер көрсетті. Слетке барарда Ғазиз Байтасов туралы Тараз қаласына барып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, монолог оқып видеоролик түсірген болатын. Осы роликті қорғап, сахнада Ғазиз Байтасов жайлы театрландырылған көрініс қойды. Байтасов туралы монолог оқылғанда көрермендер көзіне жас алып отырды. Бұл Жамбыл облысынан барған «Жас қыран» командасының өнерлі оқушылар екенін көрсетті. Слет жұмысы да аяқталып, қайтар күн де келді.Әр байқау бөлек бағаланып, слет тәртібі бойынша қазылар алқасы барлық командаларды мақтау қағаздарымен, түрлі сертификаттармен марапаттады.Барлық оқушыларға естелік ретінде слеттің барлық күнінен фотосуреттер және флешкалар сыйға берілді.Тамыз мәслихатында №5 Ақарал жалпыға білім беретін мектеп гимназиясының биология пәні мұғалімі Айтбаев Ғабит Күмісбекұлы көп жылғы еңбегі бағаланып, Білім және ғылым министрі Айдын Аймағамбетовтың құрмет грамотасымен марапатталды. Мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұрила Сейсенбайқызы Қойшыманова сыйға теледидар алса, мұғалім Айзада Суанқұлова 100000 теңгенің сертификатына ие болды. Шошабай Гүлбайра аудандық мәслихаттың құрмет грамотасымен марапатталды. Биылғы бітірген түлектердің 98 % мемлекеттік грант иегерлері атанды.
Ә.Боранқұлова,
«Үміт» Оқушылар
сарайының қосымша білім беру педагогы
