Жаңа мектеп ашылды
Меркі ауданында Білім күні қарсаңында жаңа білім ордасы есігін айқара ашты. 120 балаға арналған №33 жалпы білім беретін мектепті облыстық бюджеттен бөлінген 427 миллион теңгеге «Андас Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басынан аяқ сапалы етіп соғып, пайдалануға берді. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, аудан әкімі Мейірхан Азатұлы, ауыл тұрғыны Есен ақсақал құттықтау сөз сөйлеп, мектептің алқызыл лентасын қиды.
– Барлықтарыңызды бүгінгі Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ең басты байлығымыз біздің ұрпағымыз болса, сол ұрпағымыз кемел келешегіміз ретінде білімді болуы тиіс. Оған елімізде барлық жағдай жасалуда. Оның бір айғағы осындай кішкентау ауылда мынандай тамаша ғимараттың бой көтеріп, халық игілігіне беріліп отырғанын айтуға болады. Биыл өңірде 15 мектептің құрылысы жүргізіліп, оған 5 млрдтан астам қаржы жұмсалып отыр. 5 мектеп пайдалануға берілді. Апатты мектептер мәселесі өз шешімін тапты. Осы білім ұясынан болашақ елімізді көркейтер азаматтар тәрбиеленіп шығады деп үміттенемін,-деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Мектеп орналасқан «Ақтоған» ауылдық округінің «Қазах Дихан» бөлімшесі күн санап көріктеніп, абаттанып, шырайланып келеді. Шағын ауыл демесеңіз қаладағыдан бір де кем емес деуге болады. Басты көшелері асфальтталынған. Ауылда медициналық қызмет көрсететін медпункт те салынуда. Ауыл балалары үшін есігін ашқан қос қабатты мектеп – ауылдықтар үшін ең басты қуаныш. Әуезді ән ойнап, шад-шадыман күйдегі оқушылар би билеп, ауыл тұрғындары тәттіден шашу шашып, қуаныштарын жасыра алмады.
Мектеп ауласының көріктендірілуі де ажырлы мектепке ажар қосып-ақ тұр. Мұнда аққайың, туя, можжавельник сияқты сәндік ағаштар әкелініп, егілген. Мектеп директоры Захира Ниязбекова ине-жіптен шыққандай болып тұрған оқу орнының сынып – кабинеттерімен келген қонақтарды таныстырып, жасалынған жағдайын көрсетті. Шағын мектептің кең сарайдай спорт залын көргенде «шіркін, балалық шақ қайта оралса» деген сағынышты сезімге бой алдырасыз. Брусья, канат, секіретін құрылғылары бар, баскетбол, волейбол т.б. ойнайтын спорт залы шын мәнінде балаларға алтын базарлық сияқты.
– Ұжымымызбен бар күшімізді жұмсап, мектептің ашылуына үлес қосып, оқу орнын тазалап, жасақтап бүлдіршіндеріміздің сапалы білім алуына бар жағдай жасап жатырмыз, – дейді мектеп директоры Захира Ниязбекова. Сонымен қатар мектеп басшысы химия, биология пәндері бойынша сағат жүктемесі аздығына байланысты екі мұғалім жетіспей отырғанын, сол сияқты 120 орындық мектепке 108 бала қамтылып отырылғанын, компьютерлер толық жасақталғанын айтып, шешімін күтіп тұрған мәселелерді тілге тиек етті. Интернет күшінің екі-ақ мегабит болып, қол байлау жасап тұрғанын, бұл тұрғыда бүгінгі күні нақты, жанды жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды
Ауылдың ажарын ашып тұрған білім ордасына өз екпінімен шыңырау тереңнен шығып жатқан артезиан суы да төтесінен жеткізіліп, қай су құлағын бұрсаңыз да арқырап ағып тұр. Мұндағы барлық санузельдер түгел сынақтан өтіп, тіптен спортшылар үшін шешінетін орын, жуынатын орын да қарастырылыпты. Мектептің жылу жүйесі көгілдір отынға қосылған. Бір жолы от жағылып тексеріліп те үлгеріпті. Биологиялық, информатикалық т.б. кабинеттер, барлық құрал-жабдығы, жиһаздары қойылып, оқушылар игілігі үшін пайдалануға сақадай сай. Сол сияқты асхана да барлық керек-жарағымен, ыдыс-аяғымен, үстелдерімен, мұздатқыштарымен, қоймаларымен т.б. мен мұндалап тұр.
Ауылдың біраз жоғарғы сынып оқушылары аудан орталығындағы мектептерде, көрші ауылдағы Тілеміс батыр мектебіне 60-қа жуық бала жаз ыстықта, қыс суықта 1,5-2 шақырым жаяу жүріп, көлікке мініп әбігерге түссе енді бақытты бүлдіршіндер үй іргесіндегі, өз ауылындағы су жаңа мектепте білім алып, қанаттанып, ұшатын болады.
– Бүгін ауылымызда үлкен қуаныш. Заман талабына сай мынандай әдемі, еңселі ғимарат соғылып, мектеп ашылды. Бұл Мемлекет басшысының тұрғындарға жасаған қамқорлығы деп білеміз. Осыған дейін елді мекенде тек бастауыш мектеп қана болатын. Енді орта мектеп болып жатыр. Балаларымыз, немерелеріміз еш жаққа бармай осы жерде білім алатындығына өте қуаныштымыз. Ауылымыз кішкентай болса да, 100 ден аса мектеп жасындағы бала бар. Жылдан жылға олардың саны да көбейіп келеді. Біз ақсақалдар ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімізді қоса береміз,- деп ашылу салтанында ауыл тұрғыны Есен қажы да қуанышын жасыра алмады.
Облыс әкімінің орынбасары мектеп ішін аралап, жағдайымен танысқан соң:
– Жаңа мектеп. Қолайлы жағдай. Ендігі жұмыс сіздердікі. Ұстаздар біліктілігін арттырып, біліктілігін шыңдап, ізденуден жалықпасын. Білім алуға ешуақытта кеш емес. Қатаң талап қойып, мектепте сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмылдырыңыздар. Бала болашағы сіздердің қолдарыңызда. Іске сәт!»,-деп мектеп директорына ой ойын білдірді.
Ия, мемлекет кемел келешекке саналы ұрпақпен алға басу үшін барлық жағдай жасап отыр. Бұрын тек бастауыш мектебі бар ауыл енді су жаңа мектеппен қамтамасыз етіліп отыр. Жиырма жеті ұстаз осы білім ордасынан еліміздің болашақ ел абыройын асқақтатар азаматтарын тәрбиелеп шығаратынына сеніміз зор. Тек қажымай еңбек етсе, жемісі мол болары анық.
Ләззат Серікбай
Меркі ауданы