Бірлік болмай, тірлік оңбас
Бүгін Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция мүшесі Мыңбай Дархан Қамзабекұлы жұмыс сапарымен келді. Ол аудандардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Меркі ауданына ат басын бұрды.
Бірінші кезекте Мәжіліс депутаты «Меркі ірімшік зауыты» АҚ жұмысымен танысты. Зауыттың инженер-технологы Людмила Галенцова келген қонақтарды қарсы алып, зауыттың жұмыс барысымен таныстырды. Мұнда 40-қа жуық сүт өнімдерінің түрлері шығады екен. Атап айтсақ, ірімшіктің бірнеше түрі, айранның тәтті қосылғаны, тұзды түрі, брынза, әртүрлі майлылықтағы қаймақ және сары май өнімдері. Бұл тауарлар нарықта көпшіліктің сұранысына ие. Өнімдер жәрмеңкесімен таныстырған маман сонымен қатар зауыттың тарихын баяндап, көп жылғы жетістіктерімен таныстырды. Ол үшін акт залында арнайы тақтайша да орналастырылыпты. Зауыт 126 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық кезеңде күніне 35 тонна өнімді өңдесе, қазіргі күні 20 тонна сүттен түрлі тағамдар шығарып отыр. Бұл зауыттың басқа зауыттан ерекшелігі ешқандай қоспасыз таза өнім шығаруында.
Технолог маманның айтуынша, таза табиғи өнім көп уақыт шыдамайды екен. Сондықтан алыс қалаларға тасымалдау қиындық тудырып тұрғанын жеткізді. Қазіргі уақытта Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандарына және Алматы қаласына тасымалданып, дүкен сөрелерінде саудалануда.
Өз кезегінде Дархан Қамзабекұлы отандық тауарды тұтыну керектігін айтып, оның тиімді жақтарына тоқталды. Сонымен қатар отандық өнімдердің сапалы, пайдалы, қолжетімді болуы жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығын айта кетті. Көпбалалы аналар мен кәсібін ашуға ниет білдіргендерге мемлекет несие түрінде, қаржылық грант түрінде қолжетімді бағдарламалар іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Жұмысшы топ сүт қабылдау цехынан бастап, дайын өнімдерді сақтау қоймаларына дейін аралап, зауыттың жұмыс барысын егжей-тегжейлі зерделеді.
70 жылдық тарихы бар бұл кәсіпорынның құрылғылары ескірген. Жаңалауды қажет етіп-ақ тұр. Зауыт жұмысшылары Парламент мәжілісі депутаты Дархан Қамзабекұлына құрал-жабдықтарын жаңалауға мемлекеттен қолдау көрсетілсе деген ұсыныстарын білдірді.
Келесі кезекте аудандық №18 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мектеп директоры Дулат Маратұлы мұндағы жаттықтырылатын 10 спорт түрінің әрбіріне тоқтала келе, спорт мектебінің жасақталуын, жаттықтығу залдарын аралатып көрсетті. Спорт мектебі шәкірттерінің бағындырған белестері де аз емес екендігіне Мақтау тақтасына қарап, көз жеткіздік. Мұнда қол күрестен жақында ғана Түркия елінен Әлем чемпионы атанып келген Жарқынай Рахымбаева мен қол күрестен Азия чемпионы Бибімария Көпжасарова да жаттығады екен.
Жалпы спорттың он түрінен 737 шәкірт тәрбиелеп отырған іргелі шаңырақ ұжымына сәттілік тілеп, жұмысшы топ №9 Савва атындағы мектепке жетті. Мұнда дәл осы күні «STEAM LABOROTORY» – ІТ сыныбының ашылу салтанаты ҚР Парламент мәжілісінің депутатының келуіне арнайы дайындалыпты. Ал қызыл лентаны Дархан Мыңбай мен аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым кесіп, робототехника сыныбы оқушылары мен ұстаздарына биік белестерге жетіп, ауыл шаруашылығында, күнделікті тұрмыста пайдасы тиетін құрылғыларды ойлап табуды ұсынды.
Дархан Қамзабекұлы мұндағы ұстаздармен кездесіп, тілек, ниет, ұсыныстарын тыңдады. Алдағы оқу жылында саналы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім берулеріне тілектестігін айтты.
Бұдан соң «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп жанында биылғы жылы ғана ашылған қоғам қайраткері, қазақ халқының көрнекті перзенті Тұрар Рысқұловтың музейін көрді. Мұнда мектеп оқушылары әрбір бұрышқа анықтама берсе, №9 мектеп мұғалімі Назгүл Төлендіқызы музейдің қалыптасу тарихын баяндады. Бұл музей Т.Рысқұлов пен М.Жылысбаевтардың 1907-1910 жылдары оқыған мектебі еді. Ел аузында «Қызыл үй» атанып кеткен бұл ғимарат қайта қалпына келтіру жұмыстарынан соң музей болып ашылды. Дархан Қамзабекұлы мұндағы естелік кітапқа: «Түркістан тұтас бол! Түркі жұрты түгел бол!»-деп ұран тастаған бабамыздың ізі қалған әрбір жер – біздің тарихымыз, ортақ мақтанышымыз. Музейдің маңызын келер ұрпақ бағалайтын болады. Жақсы іске сүйсінесің, жанашыр болғың келеді. Экспонаттар көбейсін, тағылымы мол болсын»,- деген тілек жазып, қолтаңдасын қалдырды.
Ұлттық санамызды жаңғыртып, тарихымызды дәріптейтін бұл іске оң баға берген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Т.Рысқұлов ауданына аттанды. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салындар «М.Мирас» балалар бақшасына, Құлан ауыл шаруашылық колледжіне, «АгроПарк Құлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 гектарға орналастырған шие бағына барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын бақылады.
Ляззат Серікбай
Меркі ауданы