Ұжымыммен мақтанамын…

Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдау керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана бақытты болады. Адам баласының жүрегінде қадірлеп, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген, дана Абайдың жақсы сөзі бар. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін, Меркі аудандық психологиялық- педагогикалық түзету кабинеті мамандарының жұмысы ерекше.
Аталған мекеменің меңгерушісі Утешова Г.И. басқарған ұжым, арнайы маман иелері әдіскер, логопед, мұғалім-дефектолог, педагог-психолог, сурдопедагог, емдік дене шынықтыру, әлеуметтік педагог, ырғақты музыка жетекшісі және тәрбиешінің ерекше білімді қажет ететін балаларға берген тәлімдері мен түзету жұмыстарының ықпалы өте зор. Сонымен қатар, мекеменің тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін қызметкерлердің еңбектерін атап өтуді жөн көрдім.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға көмектесу игілікті істердің бастысы және ең қажет мамандықтардың бірі. Өйткені, ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейілінше шешен, өнер білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және жақынынан да жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нұрын төгетін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек жандар. «Бала жүрегі кішкентай күй сандық және қорғансыз». Ол күй сандықты ашу үшін, біздің мамандар барлық әдіс-тәсілдерін қолдануда.
Ерекше білімді қажет ете-тін балалардың дамуына олардың жеке тұлға болып қалыптасуына, ата-аналарға ұстаздар ерекше қолдау көрсетуде. Әр
баланың мінез-құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан-дүниесіне және дамуына жол таба білу біздердің ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.
М.Махамбетова,
Меркі аудандық психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің мұғалім-дефектологы