«ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР МЕКТЕБІ» АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ
Өз дәуірінің дүлділі, бұлбұлы деуге келетін Кенен атамыз «…Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегеніндей қатар, бірге жүрген соң шынында жақсының жақсылығы байқалмайды екен. Олай дейтінім кезінде Бразилияның сериалын көп көрген бір ағамыз, мені де «Синьор депутат» деп еркелетуші еді. Сол сияқты біздің жас та болса бас деуге жарайтын «синьор депутат» Нұрлан Сейсебаев ініміз де ұстаз ретінде, кәсіпкер ретінде де, сол сияқты аудандық мәслихат депутаты ретінде де, ауылдың атпал азаматы ретінде де айтулы жұмыстар бітіріп, ауылының ажарын ашуға, ынтымағы жарасқан, бірлігі, тірлігі бір, үлгілі ауыл болуына қосқан үлесі үлкен екенін атқарған істеріне, тындырымдылығына қарап бағамдауға болады.
Нұрлан бір кездері аудан әкімі жастарды жинап, бас қостырып кәсіп таңдау, мамандық таңдау, туралы келелі әңгімені бірнеше рет қозғағанда, «Жасыл белес», Сыпатай батыр серіктестігі, мал бордақылап, жылыжай соғып, құс өсіріп т.б жатқан кәсіпкерлерге апарып, семинарлар өткізгенде «мен де тауық, құс өсіріп көргем, тәжірибем бар» деген сөзді тілге тиек еткенін естігендіктен, әрі аудан бойынша алғашқылардың бірі боп
пластиктен есік-терезе құрастырып, елге қызмет етіп жатқанын білетіндіктен, «Жас кәсіпкерлер мектебінің» төртінші сабағын жүргізуді ұсынып, шағын мекемесінің табалдырығын аттадым.
Сырттай шағын деп жүрген кәсіп иесінің есік-терезе жасайтын цехынының өзі, кең-кең бес алты бөлме, сонымен қатар, асханасы, тынығу бөлмесі, үстел теннисі орнатылған бой жазу, өндірістік физкультурамен айналысатын орны бар, азық-түлік дүкені, шаштаразы, қой, ірі-қара, жылқы бордақылайтын, тауық өсіретін жағдайы бар кешенді кәсіп орын деуге келетін өзінше бір байқаусыз, елеусіз мекеме екен.
Құс өсіруден төртінші «Жас кәсіпкерлер мектебінің» сабағы деуге болатын әңгімені сол Нұрланның тауық қорасын қараған кезде көз сүріндіретін құстардың он, он екі декоративті түрлері, арнайы жасалған, клеткаларға бөлінген, тіптен пластиктен құрастырып, күн жағы шынымен қапталған орындарда өсіріледі екен.
Тауықтың ең шыдамдысы «Адлер» тұқымды тауық пен қоразы екен. Мекиені жылына 260 жұмыртқа береді. Ыстыққа да суыққа да шыдамды, әрі ауыруға қарсы инстинкті де жоғары. Жұмыртқасы ақ түсті.
Сол сияқты «Кохинкин» деген тауықтардың өзінің 7-8 түрі, атап айтқанды ақ, қара, күлгін, күміс түсті тағы басқалары өріп жүр.
– Мына түсі қызғылт қоңыр тауықтардың ерекшелігі, – дейді Нұрлан. – Жыл бойы, былайша айтқанда 360 жұмыртқа жұмыртқалайды. Жұмыртқасының түсі де қоңыр-қызыл болып келеді.
Ия, кәсіптің бірнеше түрімен айналысып, жеткілікті тәжірибе жинақтаған білікті кәсіпкер, «Норма блиц – 72» маржалы инкубаторын да көрсетіп таныстырды. Бағасы 70 мың теңге шамасында екен 100-140 жұмыртқадан осыншама балапан шығарады. Екі деңгейлі аппарат, қажет температураны, ылғалдылықты берік ұстайды екен.
Нұрлан сонымен бірге бөдене асыраумен де айналысып, оның қос қабатты «Брудер» деп аталатын бөдене асырайтын клеткаларын да өзі құрастырып жасап шығарыпты. Бөдененің саңырығы түсетін құрылғыны, суырма сияқты етіп жасапты. Кез келген уақытта шығарып алып, тазалауға болады екен. Менің бөдене өсіріп жүргендердің, «жастар бұл іспен айналысудан қашады, өйткені оның исі өткір, қолқаны қабады» дегенін естігенімді айтқанымда, ол «мен бұл суырмаларға ағаш қабыршықтарын – опилька саламын, сонда оның жиіркенішті исі шықпайды»
дейді.
Кәсіпкер ініміз сонымен қатар балапандарды 10-15 күн бөлек ұстайтын, жарықтандырылған, жылытылған, өзі жасаған электрлі қондырғы шкафпен де таныстырды.
Сонан соң Абай атамыздың бес асыл іс, талап, еңбек, терең ой мен қанағат, рақымның шынында бес игілікті іс екенін, адамда, әсіресе жастарда қайтпас талап болса, ерінбей еңбек етсе діттеген мақсатына жететініне кәміл сенімді екенін білдірген Нұрланның, төрт түлікті бордақылайтын, бағатын қорасына назар аудардық. Бәрі-бәрі өз қалауымен жасалған, жоспарланған мал ұстайтын жайлар, қарапайым, арзан, қол жетімді заттардан, кәдімгі зауыттан шыққандай етіп жасалған. Жасына, еркек, ұрғашысына қарай ұсталатын, қозылар тұратын жайлар, клетка-клетка етіліп жасалып, жем, шөп, су мал тұрған жерге кірмей-ақ сырттан берілетін етіліп, өте қолайлы жасалыпты.
Шөп туралып, ұсақталып беріледі Арнайы қондырғыны да көрдік. Жылқы, ірі-қара бордақылайтын орындар да осылай өз қалауымен, өз қолымен жасалыпты. Малға да, малшыға да, құсқа да ыңғайлы жасалған қораларды біраз жас кәсіпкерлер де келіп көріп, қызығушылық танытып, тіпті кейбірі сызбасын да жасап, алып кетіпті.
Ал, есік-терезе шығаратын цехта 7-8 маман қауырт жұмыспен айналысып жатыр. Қажетті құрал-қондырғылары жеткілікті. Бір әйнектің өзінің 7-8 түрі бар екен. Германиялық «KAVI» технологиясымен жасалатын есік-терезелердің, ақ, қоңыр түрлері, тапсырыс берушінің қалауына байланысты, күн өткізбейтін, сырттан ештеңе көрінбейтін, керісінше іштен сырт түгел көрінетін, зеркальный, иодовый, сияқты әйнектермен, жоғарыда айтылғандай «дождик» – рифленый т.б шынылармен көмкеріліп берілетін есік терезелер көп көңілінен шығуда екен. Ал Нұрланның өзі әйнек кесуден «мастер класс» көрсетіп (суретте), шеберлігін паш етті.
Ең бірінші үш дипломды, информатик, экономист, сонымен қатар физкультурный институтты бітірген жігіт алғашқы кәсібін, жәй ғана фото сурет шығарумен, компьютерде құжат, ксерекопия жасаумен бастаған компьютерлік орталығы әлі де жұмыс істеп тұр екен. Ал, қос қабатты әрі тұрғын үй, әрі 20 орындық монша Ақтоған ауылының бар қажетін өтеп, ай сайын 200-300 мың-дай таза табыс әкеп тұр. «Сұлулық салоны», сол сияқты кілем-дорожкалар жуатын, халыққа қызмет көрсететін орынның да жұмыс істей бастайтын күні алыс емес екен.
Шағын ғана мекемесінде он бес адамды жұмыспен қамтып отырған Нұрлан Арыстанбекұлы туған ауылы Ақтоғанның көркейіп, үлгілі ауыл болуына, халық қалаулысы «синьор депутат» ретінде де атсалысып, демеушілік жасап, сайлаушылар аманатын да орындап көпке үлгі болып келе жатқаны, кейінгі жастарға үлкен үлгі екені даусыз,
Ал, Ақтоған ауылы бірлігі жарасып, көркейіп келе жатса, ол Нұрлан сияқты азаматтардың арқасы. Шынымен ауылына қарап азаматын танитыны бесенеден белгілі.
P.S. Сонымен егер біздің газеттегі «Жас кәсіпкерлер мектебінің» сырттай сабағын оқып жүрген жастар болса, бұл жолы бір ғана құс өсіру емес, бірнеше кәсіпті жүргізу туралы сабақ алды-ау деп ойлаймыз. Қажет болса ақтоғандық ағаларыңыздан кеңес алғыларыңыз келсе, ол кісі өзінің іс-тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Іске сәт!
С.Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»