Тарихы бай, атқарар міндет, тиянақтай түсер шаруа да аз емес округ

0
1583

Ойтал ауылдық округі ауданымызда ертеректе өнеркәсіп саласының іргесін алғаш қалап, өндірістің дамуы бастау алған аймақ. Облыста алғашқылар болып салынған қант зауыты осында. Май-ірімшік зауыты да бүкіл өңірімізге белгілі кәсіпорын.
Тоғыз жылдың торабы болмаса да республика облыстарына, көрші мемлекет Қырғызстанға қарай салынған теміржолдың бір буыны да осы округ арқылы өтеді. Қазір тоқтап тұрғанымен келешекте қант қызылшасы алқаптарының ұлғаюымен қант зауыты жұмысын жолға қойып, бұрынғы даңқын қайтарады деген үміт үлкен. Ал ірімшік зауыты өндіріс көлемін, өнім сапасын арттыруға берік негіз жасап отыр. Көпұлтты округ тұрғындары басқа да салаларда бірлік пен ынтымақтың, ерен еңбектің үлгісін танытып келеді.
Осындай тарихы бай, келешегі үлкен округте жақында аудан әкімі Мейірхан Өмірбек жұмыс сапарымен болып, аралады. Алдымен ол тоқтаған №2 саз мектебінде директоры Өркен Мұстафин қазіргі жағдайларымен таныстырды. Атап айтқанда мектепте 230 оқушы оқиды. 9 бағыт бойынша. Оларға 16 ұстаз сабақ береді. Мұның сыртында 2 ұстаз қосымша дәріспен айналысады. Түрлі деңгейде жеткен жетістіктер баршылық. Бір ғана мысал – биыл примо қобызды үйреніп жүрген оқушы Айгерім Әбдірашид облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алып, оқушылар арасындағы «100 жаңа есім» тізіміне кірді.
Мектепте оқығысы келетіндер жылдан-жылға көбейіп келеді. Тек соңғы бір жылдың өзінде шәкірттер саны 30-ға артты. Оқу орны жөндеуді, қосымша ғимаратты қажет етеді.
Аудан басшысы жағдайға зер сала отырып:

  • Қазір бізде дәстүрлі әншілер жоқ, терме керек, айтыс өнерін де барынша дамытқан жөн. Театр да осы қатарда. Бұларға баса көңіл бөліп, тиісті жағдай туғызуымыз керек, – деді.

Мейірхан Азатұлы «Ақбота» бөбекжай балабақшасында да бар жағдайға жете мән беріп танысты. Туындап тұрған қиындықтарды меңгерушісі Бақытжан Алпыспаевадан сұрастырып, қанық болды. Айта кетсек, мұнда музыкалық зал жоқ, ғимаратты жөндеу керек. Қосымша ғимарат болса тіпті дұрыс.
Аудан басшысы округ әкімі Арман Рахымбековтен жекеменшік бала-бақша салам деушілер жоқ па деп сұрап еді, ол:

  • Әзірге ниет білдірушілер жоқ, – деп жауап берді.
  • №20 мектеп ғимаратында орналасқан №284 сайлау учаскесі жұмысымен де танысқан аудан басшысына сайлау комиссиясының төрайымы Бекзат Әбдуалиева сайлауға бәрі дайын екендігін баяндады.

Бұдан соң жолымыз бұрынғы «Ақ ниет», қазіргі «Мейірім–Меркі» шипажайына түсті. Бұрын хабардар еткеніміздей, бұл сауықтыру орнын Тараздағы «Мейірім» медициналық орталығы сатып алып, биыл 5-ақпанда қайта ашылған-ды. Бас дәрігері Раймонда Қайрақбайқызы Қайрақбаева аудан әкіміне таныстырып айтқандай, шипажайда негізінен ас қорыту, урологиялық, зат алмасу, жүрек-қан жүйесі буын, сүйек-бұлшық ет жүйесі, жүйке (нерв) жүйесі, гинекологиялық, тыныс алу органдары, лор ауруларын емдеу жолға қойылып отыр.
Шипажай жаңа, жетілген техникамен, аппараттармен жабдықталу үстінде. Білікті мамандармен қамтамасыз ету, олардың кәсіптік шеберлігін арттыру жүріп жатыр. Бубнов орталығының тренажер залында ем алушылармен бұрын Тараздан келіп тұратын нұсқаушы айналысса, қазір өзіміздің маман үйретіліп жұмыс істеуде. Осындай оқытып, тәжірибе алмасып, біліктілікті көтеру, озық техниканы қолдану нәтижесінде меркіліктер алдағы уақытта облыс орталығына бармай-ақ сапалы қызметті пайдаланатын болады.
Шипажай жұмысындағы игілікті өзгерістерге көз жеткізген Мейірхан Азатұлы қант зауыты жанындағы ыңғайластырған жайларда тұрып жатқан, қолдауды қажет ететін Айзада Баламұратова мен Гүлзат Садықованың отбасыларына барып, жағдайларын өз көзімен көрді. Ауызсу, газ жүргізілмеген үйлерде екі отбасы да қиыншылықтармен өмір сүруде. Айзаданың мүгедек 12 жасар ұлы бар, өзі жұмыссыз. Аудан басшысы әкімдіктің бөлім басшысы Қайрат Арғымбаевқа бұл тұрғын үйлерді адам қалыпты тұратындай етіп, жөндеп реттеп беруді тапсырды.
Ал Ойталдағы пошта үйінде әлі күнге жылыту үшін электр қыздырғышты пайдаланады екен.
«Айсұлу» тігін ательесінде оңды бір нәрсе – 40 шақты адамды мемлекеттің қолдауымен тігіншілікке, маникюр жасауға үйретіп оқытуда екен. Бұған келушілерге де, ательеге де бұл үшін ақша төленеді Мейірхан Азатұлы басқа мамандыққа да неге осындай қолдаумен оқытпасқа деген ой тастады.
Жолшыбай Ойталдағы үлкен саябақта да болдық. Мұнда реттер, жөнге салар шаруалар әжептеуір болып тұр. Өскен шөп шабылып, әлі толық тазартылмаған, кейбір скамейкалардың ағаштары жұлып әкетілген. Ауданда моральдық тұрғыда ескерген көше атаулары өзгертілді. Бір кездері дәріптелген Лениннің ескерткішін де қоғамдық орындарда көре алмайсыз, алынған. Ал бұл саябақта әлі тұрған оның ескерткіші соңғысы шығар. Орнына жаңа талап, жаңа заманға сай басқаша бір сәулет нысаны қойылса құба-құп болмай ма?
Аудан әкімі округ әкімі А.Рахымбековке саябақты реттеп жөнге келтірудің экизін қысқа мерзімде, 20 күн ішінде жасатып, әкеп көрсетіп, жағдайды қалпына келтіруді тапсырды.
Ауызсу жетпей, зардабын көріп отырған көшелердегі ахуалды мүмкіндігінше оңалтуды мұнымен айналысатын мекеме басшысының назарына салды.
№48 орта мектепте тұрғындармен қорытынды жиналыс болды.
–Қандай мәселеге баса көңіл бөлейік? Бірлесіп ортақ шешім, пікірге келейік, – деген Мейірхан Азатұлы жиналғандарды ашық әңгімеге шақыра отырып, осы сапарда түйген ой, ұсынысын ортаға салды. Округте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, жас ұрпақты тәрбиелеп оқытуды жақсартуда бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Дегенмен, аудан басшысы атап көрсеткендей әлі тындырар шаруалар аз емес. Оның ішінде біраз көшелер жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыс Т.Қожакеев көшесінде қолға алынды да. Енді Желтоқсан көшесі, Ойталға, Қызылқыстаққа баратын жол жөнделеді. Саз мектебіне қосымша ғимарат керек. Мұнда өнердің бұған дейін назар аударылмай келген салалары бойынша да баларды баулып үйреткен дұрыс болар еді. Бұл саз мектебіне жұмыс көлемінің, түрінің артуына орай мамандарды қайдан тартамыз? Жұмыс нәтижесін мезгіл-мезгіл талдап, қызметке тек жақсы мамандар алу керек.
«Ақбота» балабақшасында 54 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндерді ыңғайы келсе үйде отырғызбай бақшаға берген жөн.
Округтегі үлкен саябақ реттеуді қажет етеді. Әйтсе де көп қаражат жұмсамай аз қаражаттың өзімен көп іс тындырған абзал.
Байғанаева көшесіне ауызсу жүргізу керек, мүмкіндіктерді ескеріп, қарап көрейік. Ауданда, округте ең өзекті мәселе –  жұмыспен қамту. Облыс әкімі тұрғындарды жаппай қамту керек деп міндет қойды. Мұны қалай шеше аламыз? Әр округте, ауылда кімнің немен айналысқысы келетінін, жері қанша, одан қанша өнім алуға мүмкіндік барлығын біліп, әр отбасын тірлікке жұмылдыру, істе қозғау жасау жағын тынбай іздестірген мақұл.
Жамбыл ауылдық округінде 10 соттық жердің өзінен 50 тонна қызанақ (помидор) алам деген адам бар. Осыдан бірнеше жыл ғана бұрын ауданда 2 ғана жылыжай бар еді, қазір олар 20-ға жетті. Аудан халқын көкөніспен қамтамасыз ету үшін әлі 20 жылыжай салуымыз керек.
Кеңес ауылдық округінде Ақан Сәрсенбиев 35 сотықтай жылыжайында бір жылда 15 млн. теңгедей табыс тапты. Яғни жылыжай салуға кеткен шығынды бір жылда ақтап алды.
Округтер бойынша қанша адамның, қанша отбасының немен  айналысқысы келетінін, қандай жұмыс орнын ашуға талап білдіріп отырғанын егжей-тегжейлі біліп, талдап мұны облысқа берген лазым. Сөйтіп қажетсінгендер қаржылай қолдау алады.
Жиналыста оған қатысқандар толғантып жүрген мәселерін көтеріп, жауаптарын алды. Соның едәуірі жолаушылар таситын көлікке қатысты болды. Айталық Интернациональ, Ойтал ауылдарына бұрын ол жүріп тұратын қазір уақтылы қатынамайды. Өйткені өзін-өзі ақтамады. Көпшілік жүргінші таксиді пайдаланып, автобустар бос жүріп қалды.
Аудан әкімі М.Өмірбек бұл мәселені субсидиямен шешу үшін қайта қарастырылуда екенін айтты. Тұрғын үй салуға жер бар ма? деген ойталдықтар аудан басшысынан бұл үшін Ақтоған ауылдық округінен – 60, Сұрат ауылдық округінен 30 га жер бөлінуде екендігін білді.
Басқосуды қорытындылаған Мейірхан Азатұлы жұмыла, күш біріктіре әрекет етсек ауданымыз да дамып, тұрмыстық жағдай да оңала түспек, дей келіп, округ тұрғындарына тек игіліктер қалайтындығын жеткізді.

 

Бақтыбай Абай,
Еркін Жасыбаев (суреттер),
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.