«Ана мен қыз сырлас» тақырыбында ашық пікір алмасу өткізілді

Кездесуге аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова, төрайым орынбасары Роза Жапарқызы Байбосынова, аудандық Отбасын қолдау орталығының маманы Мөлдір Арыстанбекқызы Жанаханова, ауылдық округтердің аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Алғашқы сөзді мектеп директоры Г.А. Мұратова алып, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында «Жылы сөзден бастайық» атты танысу кезеңі ұйымдастырылып, Жаңатоған ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Әсем Аманбаева тақырып аясында баяндама жасап, бейнеролик арқылы зорлық-зомбылықсыз отбасының құндылықтарын түсіндірді.
Сонымен қатар «Ана мен қыз сырлас» тақырыбында ашық пікір алмасу өткізіліп, аналар мен қыздар өз ойларын еркін ортаға салды. Мектеп психологы Н. Сандықбаева «Бақытты балалық шақ» атты тренинг ұйымдастырып, қатысушылармен түрлі жағдаяттарды талқылады.
Кездесу соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова мен оның орынбасары Роза Жапарқызы іс-шараны қорытындылап, отбасы тәрбиесі мен бала қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті. Оқушылар да кері байланыс барысында кездесуден алған әсерлерімен бөлісті.
















