«ЖЕТІ КІТАП – ЖЕТІ ӘЛЕМ» АТТЫ ӘДЕБИ-ТАРИХИ ПАНОРАМАЛЫҚ КЕШ ӨТТІ

Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы оқуға ұсынған жеті шығармаға арналған «Жеті кітап – жеті әлем» атты әдеби-тарихи панорамалық кеш өтті.
Тағылымды шараға Меркі өңірінің белгілі жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, ардагерлер, аналар қауымының өкілдері мен жастар қатысты.
Кеш барысында Дулат Исабековтің «Қарғын», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» және Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» шығармалары таныстырылды.
Кештің шымылдығын ашқан Мейірхан Азатұлы жас ұрпаққа Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын танытатын «Абыз Әбіш» кітабын оқуға ұсынып, кітаптың рухани дамудағы маңызын атап өтті.
Кітапханашылар жеті шығарманың мазмұны мен тарихи-тәрбиелік мәнін таныстырды. Сонымен қатар Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романындағы ашаршылық кезеңін бейнелейтін көрініс пен Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасынан үзінді сахналанды.
Аудандық білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Гүлзира Избасарова жастарға кітап оқудың маңыздылығын түсіндіріп, Президент ұсынған шығармаларды оқуға шақырды.
Рухани кеш жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

















