Адам және оның құқықтары – Конституцияның басты құндылығы

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Бұл қағида Ата Заңның негізгі мазмұнын қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың адам мүддесіне бағдарлануының конституциялық негізін көрсетеді.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Оның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітілген. Мұндай ұстаным мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың негізгі өлшемі ретінде адамның қадір-қасиеті мен заңды мүдделерін алға шығарады.
Ата Заңның негізгі құқықтар мен бостандықтарға арналған бөлімінде әр адамның өз құқықтарын заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғауға құқылы екені көрсетілген. Сонымен қатар сот арқылы қорғану, білікті заң көмегін алу, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмаушылық құқықтары конституциялық деңгейде бекітілген.
Бұл нормалардың күнделікті өмірдегі маңызы зор. Мәселен, азамат қандай да бір құқықтық мәселе туындаған жағдайда заң аясында қорғануға, мемлекеттік органдардың шешімдеріне қатысты белгіленген тәртіппен шағымдануға және қажетті заң көмегіне жүгінуге құқылы. Ал мемлекеттік органдар өз қызметінде Конституция талаптарын басшылыққа алуға міндетті.
Жаңа Конституцияда мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алу құқығы да қарастырылған. Бұл – мемлекеттік басқарудағы жауапкершілік пен азаматтардың заңды мүдделерін қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі.
Конституциялық нормалардың мәні тек құқықтарды жариялаумен шектелмейді. Оларды іс жүзінде сақтау, заң талаптарын орындау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды. Әр адам өз құқығын білген сайын қоғамдағы құқықтық мәдениет те нығая түседі.
Жаңа Ата Заңның басты бағдарларының бірі – адамға құрметпен қарайтын, заңдылықты басшылыққа алатын және азаматтардың мүддесін қорғайтын мемлекет қалыптастыру. Сондықтан Конституция мазмұнын түсіну – әрбір азамат үшін маңызды.
















