АУДАН ӘКІМІ ҚАНТ ЗАУЫТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛША ҚАБЫЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Меркі қант зауытында болып, қант қызылшасын қабылдау науқанының барысымен танысты.
Биыл 12 қазаннан бастап жұмысын бастаған кәсіпорында қазіргі таңда қант қызылшасын қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін зауытқа 60 мың тонна қант қызылшасы қабылданған. Қазіргі уақытта 24 шаруа қожалығы өз өнімдерін өткізуде.
Айта кетейік, биыл Меркі ауданында 3 мың гектардан астам алқапқа қант қызылшасы егілді. Зауыт меркілік шаруалармен қатар, Қордай, Шу және Т. Рысқұлов аудандарының да өнімдерін қабылдауда.
Қабылдау пунктінде бүгінде 5 БУМ техникасы үздіксіз жұмыс істеп, жиналған өнім 4 кагатқа орналастырылуда. Мұнда қант қызылшасын қабылдау, тиеу-түсіру және сақтау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған.
Зауыттың жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі қант қызылшасын қабылдау науқанының маңыздылығына тоқталып, шаруалардың өнімін уақытылы әрі кедергісіз өткізуіне барлық жағдай жасалуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қабылдау жұмыстарының тоқтаусыз жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.


















