Олимпиада чемпиондары мен өнер қайраткерлері ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауында дауыс берді

Бүгін Қазақстанда еліміздің тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беруге белгілі мәдениет қайраткерлері, Олимпиада чемпиондары, басқа да спортшылар мен шығармашылық сала өкілдері де қосылып жатыр. Олар еліміздің әр қаласындағы сайлау учаскелеріне келіп, еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға өз үлестерін қосты.
Дауыс берген танымал тұлғалардың бірі – Қазақстанның халық әртісі, 96 жастағы Бибігүл Төлегенова. Опера әншісінің Алматыдағы үйінде дауыс беруіне жағдай жасалды. Өз таңдауын жасағаннан кейін Бибігүл Төлегенова биылғы сайлаудың айрықша мәніне тоқталды. «Бұл – Құрылтайға алғашқы сайлау. Мен өз таңдауымды жасадым. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын», – дейді опера әншісі.
Сайлауға қазақстандық олимпиада қатысушылары да белсенді қатысып жатыр. Мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыдағы №382 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал спорттық гимнастикадан 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов №229 учаскеде өз таңдауын жасады. Бұл орынның спортшы үшін символдық мәні бар: сайлау учаскесі Нариман бала кезінде барған №80 балабақшада орналасқан.
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай оқу-жаттығу жиынында жүрген Алматы облысының Жаңашар ауылында дауыс берді. Ол алдын ала есептен шығару куәлігін алып, Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келді.
«Мен үшін дауыс беруге қатысу – өз ұстанымымды білдіріп, ел болашағына үлес қосу мүмкіндігі. Әр азамат өзінің таңдауы маңызды екенін түсінуі керек. Бүгін сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышымды орындадым», – деді спортшы.
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да есептен шығару куәлігін пайдаланып, Астанада дауыс берді. Оның айтуынша, мұндай сайлау елімізде алғаш рет өтіп отыр және жаңа Құрылтай Қазақстанның дамуына тың серпін бере алады.
Белгілі ауыр атлет Денис Ұланов та дауыс беруге қатысқанын хабарлады. Спортшы үшін сайлау – өз пікірін білдіріп, ел болашағын айқындауға саналы түрде қатысудың мүмкіндігі.
«Бірлесе отырып, қоғамның дамуына ықпал етіп, жарқын болашақ құра алатынымызға сенемін. Сондықтан мен өз таңдауымды жасадым!» – деп жазды спортшы әлеуметтік желіде.
Қонаев қаласында «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы, белгілі балуан Руслан Әбдіразақов дауыс берді. Спортшы өз шешімі мен нәтижесіне жауапкершілікпен қарауға дағдыланғанын айтып, ел үшін маңызды оқиғалардан шет қалмауды жөн санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, ортақ болашағымыздың қандай болатыны және балаларымыздың қандай ортада өсетіні әр азаматтың таңдауына байланысты.
Алматыда дзюдодан әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.
«Осындай маңызды оқиғадан шет қалғым келмеді. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, Қазақстанымыз өркендей берсін», – деді спортшы.
Ал Семейдегі №84 сайлау учаскесіне белгілі әзілкеш, «Жайдарман» ойындарының шебері Еркебұлан Еңкебаев келді. Ол әр азаматтың дауысы – ел болашағына қосқан жеке үлесі екенін атап өтті.















