Президент: Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымы қалыптасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру реформалардың негізгі бағытының бірі екенін айтты.
Президенттің сөзінше, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару саласында сапалы жұмыс атқарып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау мен 2026 жылғы жаңа Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға елеулі үлес қосты. Сонымен қатар депутаттар парламенттік реформаны толық қолдап, саяси және азаматтық жауапкершілік танытты.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құрамында болған депутаттардың өңірлерде азаматтармен кездесіп, жаңа реформалардың мәні мен маңызын түсіндіруде белсенді жұмыс жүргізгенін атап өтті. Жалпыхалықтық референдумнан кейін Парламент қысқа мерзім ішінде заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріп, тоғыз заң топтамасын, оның ішінде алты конституциялық заңды қабылдады.
Президенттің айтуынша, осының нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» атты базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенттік республика болып қала беретінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Президент бұрынғыдай мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституция мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қала береді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі дамытуға бағытталғанын айтты. Құрылтайдың алдында заң шығару үдерісіндегі бюрократиялық кедергілерді азайту, заңдардың сапасы мен қабылдау жеделдігін арттыру, сондай-ақ сарапшылар мен консультанттардың жұмысын тиімді ұйымдастыру міндеті тұрғанын жеткізді.
Президент жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Құрылтай ұлттық заңнаманы өзгеріп жатқан цифрлық ортаға жедел бейімдеуі қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың бірі болмақ.












