Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды

Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі – Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Салтанатты рәсім Астана мен Сарысу ауданын телемост арқылы байланыстырған форматта өтті. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи және «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қатысты.
Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясы мен сыйымдылығы 600 МВт/сағат болатын энергия жинақтау жүйесі салынады. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 742 миллиард теңге. Жобаны іске асыруға «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы қолдау көрсетуде.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл бастама Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі екенін атап өтті.
– Мұндай ауқымды жобаның дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін және халықаралық серіктестердің сенімін көрсетеді. Бұл – өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосатын жоба, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық басымдықтардың бірі екенін айтып, Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы мен Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне көрсеткен сенімі үшін алғыс білдірді.
Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2029 жылға дейін Мойынқұм ауданында қуаттылығы тағы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жоспарланған.
Аталған екі жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірдегі жаңартылатын энергия көздері нысандарының саны 24-ке, ал жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа дейін артады. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге және «жасыл» энергетиканың үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.













