МЕРКІДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ «MERKE WRESTLING» ТУРНИРІ ӨТТІ

0
7

Меркі ауданында Жамбыл облысы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасы құрамаларының еркін күрес шеберлері қатысқан «Merke Wrestling» халықаралық турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Тартысқа толы додаға өңірдің және бауырлас мемлекеттердің таңдаулы балуандары қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Көрермендер жігер мен шеберлік, күш пен қайрат сынға түскен әсерлі белдесулердің куәсі болды.

Турнирдің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов пен аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қонақтар өз сөздерінде спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы және елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ турнирге қатысушы барлық балуандарға әділ бәсеке мен жарқын жеңістер тіледі.

Орталық стадионда өткен айтулы спорттық шара күрес жанкүйерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, халықаралық деңгейдегі спорттық байланыстың нығая түсуіне өз үлесін қосты.

Comments are closed.